Жылыту маусымына дайындық бойынша әр өңірде жол картасы әзірленеді

Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындауға негізділігіне тексеру жүргізуі қажет. 

Жылыту маусымына дайындық бойынша әр өңірде жол картасы әзірленеді Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Жалпы, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу барысы – күнделікті маңызды мәселе. Сондықтан, әрбір өңірде жол картасын әзірлеп, бекіту қажет. Онда жылу желілерін дамытуды, жаңа Жылу орталықтарын салу мен қолданыстағы орталықтарды күрделі жөндеу жұмыстарын нақты айқындау керек. Сондай-ақ, апаттық болған жағдайда өңірлік коммуналдық қызметтер мен Жылу орталықтарының іс-қимылының әр қадамы жазылған алгоритм бекітілуі тиіс", – деді спикер. 

Сонымен қатар, Әлихан Смайыловтың айтуынша осы сектордағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыру маңызды.

"Жылу желісі инфрақұрылымының жай-күйі, шығын деңгейі, тұтынатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет.

Бұл жылу жүйесін басқаруға және жылу беретін объектілердегі авариялар санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мыналарды атап өткім келеді.

Бірінші, өңір әкімдіктері белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын-ала жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет.

Екінші, ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет. Индустрия министрлігі Қазақстан Темір Жолымен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың қажетті санын қамтамасыз етуі тиіс. Үшінші, өңірлерде жеткізілген отын үшін  кәсіпорындардың, сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегін өтеу жұмыстарын күшейту керек", – деді Үкімет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу