Жылыжай қызметкерлері үш ай жалақы алмаған

663

Жылыжай қожасы биылғы жылдың соңғы өнімін жинап алып тайып тұрған.

Жылыжай қызметкерлері үш ай жалақы алмаған Фото: pixabay.com

Павлодарда жылыжай жұмысшылары үш айдан бері жалақысыз жүр. Кәсіпорынның қызметкерлері алдындағы берешегі ондаған млн теңгеге жеткен. Осы аралықта депутаттарға да хат жазып, еңбек инспекциясы мен соттың да есігін қақты. Алайда, өндірілген еңбекақы жоқ. Ал, жылыжай қожасы болса бизнесін тастап басқа қалаға қашып кеткен. 

Бұл жылыжайда елудей адам еңбек ететін. Үш айдан аса жалақы бермегеннен кейін жиырмаға жуық жұмысшы кетіп қалды. Қалғандары маңдай тер нәпақасынан үміт үзбей әлі жүр. Қақпаған есік аттамаған табалдырық қалмаған. Әзірге еш нәтиже жоқ. 

"Ол басшының маған берешегі 720 мың теңгеге жетті. Мамыр айынан бастап жалақыны жарытпады. Алғашында елу мың аванс беріп жүрді. Ал, шілдеден бері мүлде төлеген жоқ", – дейді жылыжай қызметкері Ерлан Шәкәров. 

Жылыжайдың тағы бір қызметкері Ирина Лендюк те бір жарым айдан бері жалақысын ала алмай жүргенін айтады.

"Мен жер үйде тұрамын көмір отын алу керек. Несием де бар. Басшы күнде уәде береді. Соңғы жолы уатсабына жазған едім 30 мың теңге жіберіпті. Ол ақша неге жетеді?", – дейді жұмысшы.

Жылыжай жұмысшылары Павлодардың еңбек инспекциясына шағымданған. Алайда, олар арызды Алматыға жолдапты. Өйткені, кәсіпорынның ресми тіркелген жері Алматы қаласы. Енді, кәсіпкермен соттасу үшін мыңнан аса шақырым сапар шегуге тура келеді. Онсыз да жалақыға жарымай жүрген жандарға оңайға соқпасы анық.  

"Еңбек инспекциясына барсақ олар біздің арызымызды Алматыға жіберіпті. Содан кейін сотқа бардық. Олар шағымымызды қайтарып берді. Сотты Алматыда өткізбек. Біз Павлодарда тұрамыз, соттың осында өткенін қалаймыз. Бірақ арызымызды қабылдамады", – дейді жылыжай қызметкері Динара Байсейітова.

Қазір мәселемен Алматының еңбек инспекторлары айналасып жатыр. Әйтсе де, жылыжай қожасы әзірге нақты жауап бермей жатқан көрінеді. 

"Бізге "ADAMF" компаниясына қатысты жалақы бойынша азаматтар төрт рет шағым түсірді. Үшеуі бойынша тексеру жүргізілді. Әкімшілік жауапқа тартылып, кемшілікті түзеу жөнінде нұсқаулық берілген. Он күн ішінде олар түсініктеме беріп, нұсқаулықты орындауы тиіс. Егер орындамаса сотқа береміз", – дейді Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Әділқожа.

Жылыжай қожасы биылғы жылдың соңғы өнімін жинап алып тайып тұрған. Телефон тұтқасын көтермейді. Естуімізше, Қарағандыда жүр. Ал, кәсіпорынды басқа бір кәсіпкерге жалға беріпті. Жаңа басшы жалақыны кешіктірмеймін деп отыр.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу