Жылжымайтын мүлік нарығындағы күмәнді мәмілелердің тәуекелі төмендейді

981

Техникалық шарттарға қатысты өтініштер электронды түрде қабылдануы мүмкін. 

Жылжымайтын мүлік нарығындағы күмәнді мәмілелердің тәуекелі төмендейді Фото: primeminister.kz

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту мәселелеріне арналған жаңа заң жобасын жетілдіру үшін 6 кодекс пен 33 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін жариялады. 

Оның сөзінше, осының нәтижесінде бірқатар қызметтер электронды форматқа ауысады, Бұл бәсекелестік ортаның дамуына ықпал етеді. 

"Заңды тұлғаларға тіркелген жылжымайтын мүлік нысандары бойынша құқық белгілейтін құжаттардың, ауыртпалықтардың және сот талап арыздарының болуы туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылды. Сондай-ақ меншік иесінің дербес деректерін көрсетпей, жылжымайтын мүліктің мәртебесі туралы ақпаратты ашуға рұқсат беріледі. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында рәсімдеуді жеңілдетіп, күмәнді мәмілелердің тәуекелін төмендетеді. Жеке кредиттік бюро үшін тұтынушылардың табиғи монополиялар субъектілерінің алдындағы борыштары бойынша ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылады. Мұндай ақпарат мемлекеттік кредиттік бюроға ғана бүгін де ай сайын беріліп жатыр", – деді министр. 

Руслан Дәленовтің сөзінше, нотариаттық куәландыруды талап етпейтін жазбаша шарттарда мәмілелерді тіркеу кезінде белгі қою жұмысы электронды форматқа ауысады. 

"Бұл сату-сатып алу, сыйға беру, жалға беру және басқа да міндетті нотариаттық тіркеуді талап етпейтін мәмілелер. Сондай-ақ кәсіпорынды электрондық мемлекеттік тіркеу кезінде банкте ағымдағы шотты міндетті түрде онлайн түрде ашу ұсынысын енгіземіз. Бұл ретте, Нұр-Сұлтанда, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда электрмен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімін жеңілдету мақсатында техникалық шарттарды беруге өтініштерді қабылдауды табиғи монополиялар субъектілерінің сайттары арқылы электрондық түрде жүзеге асыру көзделеді", – деді министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу