сы жылдың мамыр айында Қазақстанда ипотекалық несие көлемі бірден артып, 13,4 пайызға немесе 118 млрд теңгеге көбейген. Мұндай мәліметті Ranking сараптама агенттігі келтіріп отыр, деп хабарлайды qazaqtimes.com.
Агенттіктің мәліметінше, бір айдағы ипотекалық несиенің мұнша жоғары дәрежеде болуы соңғы бес жылда байқалмаған. Соңғы рет 2012 жылдың мамырында екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиесі сәуір айына қарағанда 120 млрд теңгеге артқан. Ал өткен жылға мән берсек, бір айдағы өсім бар болғаны 6,9 млрд теңге немесе 0,8 пайыз болған.
Ипотека нарығының жандануы жылжымайтын мүлік объектілері сатылымының көбеюімен байланысты. Өйткені осы жылдың бірінші жартысында тұрғын үйлерді сату және сатып алу бойынша 111 800 келісім жасалған және бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 27,3 пайызға жоғары.
Ипотекалық несиені жиі алғандар әдеттегідей Алматы тұрғындары. Бір айда ипотека бойынша алынған несие көлемі 44,5 млрд теңгеге немесе 17,4 пайызға артқан. Нәтижесінде Алматы қаласының ипотека нарығындағы үлесі 29,9 пайызға дейін өскен.
Астана тұрғындары ипотека алу бойынша екінші орында. Бас қалада ипотекаға жұмсалған қаражат 16,3 млрд теңгеге артқан. Алайда өңірдегі қарыз портфелінің көлемі Алматыға қарағанда төмен. Ал үшінші орында Қарағанды облысы. Бұл облыста тұрғындарға берілген ипотекалық несиенің көлемі 12,2 млрд теңгеге немесе 28 пайызға артқан.
Қазақстанның ипотека нарығындағы облыстың үлесі 5 пайыздан 5,6 пайызға дейін ұлғайды.
Айта кетейік, 2015 жылдың тамызынан бастап доллар бағасы күрт көтерілгеннен кейін көптеген банктер ипотека беруді тоқтатқан. Сондай-ақ, доллар эквивалентімен ипотекалық несие алған азаматтардың қарыздары қайта қаржыландырылған болатын.