Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мәселесі қаралды

2199

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясы әділет органдарымен 2007 жылдан бастап жүргізілуде.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мәселесі қаралды

Жыл сайын Қазақстанда жылжымайтын мүлікке құқық беретін 1 млн 700 мыңнан астам құжат тіркеледі. Бұл туралы парламент мәжілісінде жылжымайтын мүлік мәселесіне арналған үкімет сағатында әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясы әділет органдарымен 2007 жылдан бастап жүргізілуде. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласы жаңа тенденциялар және халықаралық тәжірибе негізінде жүйелі түрде жаңартылады. Жыл сайын елімізде орташа алғанда жылжымайтын мүлікке құқық беретін 1 млн 700 мыңнан астам құжат тіркеледі.Сондай-ақ 10 млн астам электронды форматта анықтама беріледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсуде", – деді Марат Бекетаев.

Оның сөзіне қарағанда, жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі қызметтер әділет органдарына берілген уақыттан бастап, осы салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. Мысалы, тіркеу мерзімдері 15 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін екі құжатты ғана ұсынған жеткілікті, яғни құқық белгілейтін құжат және төлеу туралы түбіртек. Техникалық паспортты беру туралы талап алынып тасталды.

"Мемлекеттік қызметтерді ұсыну бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруда елімізде ең алғашқы жобалардың бірі болған "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" мемлекеттік деректер қоры жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік тіркелімімен мемлекеттік органдардың 28 ақпараттық жүйесі біріктірілген. 2015 жылдан бастап нотариустар куәландырған барлық мәмілелерге құқықтарды электрондық тіркеу енгізілді.  Бұл мәмілелер 1 күн ішінде тіркеледі. Осылайша, әрбір төртінші тіркеу электронды форматта жүргізіледі. Құқықтық кадастрдағы анықтамалар түріндегі барлық ақпараттық қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл E-gov аясында қызметтер арасында қажеттілігі жағынан екінші қызмет болып отыр. Күн сайын 30 мыңнан астам ақпараттық анықтама беріледі", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу