2025 жылдан бастап елімізде жылжымалы хайуанаттар бағы мен цирк қызметіне тыйым салынады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер спикерден Өзбекстанда сияқты Қазақстанда да жануарлардың циркте өнер көрсетуіне тыйым салына ма деп сұрады.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заңнамада жабайы жануарлардың, жылжымалы хайуанаттар бағының, жылжымалы мұхитаралдардың және т.б. көрмесіне тыйым салатын норма көзделген. Бұл норма 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан келесі жылдың 1 қаңтарында осы жылжымалы цирктердің, хайуанаттар бағының және т. б. қызметі тоқтайды деген ойдамын", - деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Министр бұл жылжымалы цирктерге ғана қатысты екенін баса айтты. Яғни, ғимараты бар цирктердің жұмысына әсер етпейді.