Оның айтуынша, таныс қыздар қаладағы зиратқа алдап апарып, ұрып-соғып, қорлаған, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің сөзінше, оқиға Ыстанбұлға жасалатын тур жарнамасынан басталған. Құралай қазір қылмыстық іске тартылып жатқан қыздардың бірінің өтінішімен өзінің сторисінде сапарды жарнамалаған. Кейін өзі де баруға бел шешіп, алдын ала 100 мың теңге төлеген.
Алайда тур болмаған. Құралай ақшасын қайтаруды талап еткен кезде, оны бопсалап, қоқан-лоққы жасап, балағат сөздер айтқан. 3 қазан кешке қызды алдап көлікке отырғызып, қала сыртына апарып ұрып-соққан.
"Кінәлілердің жазаланғанын қалаймын. Заң бәріне бірдей болуы керек", – деп жазды блогер Instagram желісінде.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша денсаулыққа орташа ауырлықта зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Барлық қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді.
Тергеу жүргізіліп жатыр: жауап алу, беттестіру және сот-медициналық сараптама жасалуда.
"Тергеу барысы Атырау облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында", – деп хабарлады ведомство.