Зиянды қалдықтар қоймасының жыры қашан бітеді?

414

Экологтар "кейінге шегеруге болмайды" деп отыр.

Зиянды қалдықтар қоймасының жыры қашан бітеді?

Маңғыстау облысында зиянды қалдықтарды көму жыр болды. "Қошқар ата" қоймасында 105 млн тоннадан аса химиялық және радиоактивті заттарды залалсыздандыру жұмыстары тағы тоқтап қалатын түрі бар. Өйткені мердігер компания өкілдері осы жұмыстарға бөлінген 17 миллиард теңгені жеткізе алмай жатыр екен.

Былтыр ғана "Қошқар ата" қалдықтар қоймасында басталған залалсыздандыру жұмыстары биыл қайта тоқтады. Мердігер өткен жылы өзіне белгіленген 900 гектар жердің небәрі 253 гектар аумағын залалсыздандырды. Оған 1 млрд 900 млн теңгедей қаражат жұмсаған. Ал қалғанын кейінге шегеріп тастады. Айтуынша жобаны толық аяқтау үшін әу баста бөлінген қаражат жетпейді екен.

"Сомасы 17,5 млрд теңге болды бастапқы ұтып алған кезде. Конкурс арқылы "Павлодар Өзен Порт" деген мердігер ұтып алды. Қазіргі уақытта мына инфляцияға байланысты 49,5 млрд-қа өсті деп мердігер бізге жобалық-сметалық құжаттамасын берді. Біз қазіргі уақытта республикалық комиссия шешімін күтудеміз", - дейді облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Тулеушев.

Залалсыздандыру жұмыстары былтыр басталғанымен оның қаражаты 2017 жылы есептелген. Арада 6 жыл өтті. Мердігер сол аралықтағы инфляцияны алға тартқан. Қазір мердігер мен атқарушы билік бірлесіп мәсленің күрмеуін шешуге тырысып жатыр. Оған дейін "Қошқар атада" көмілген 105 млн тонна химиялық және радиоактивті қалдықтар ауаға тарай беретіні анық. Экологтар жұмысты жеделдету маңыздығын айтады. 

"365 күннің 300 күнінде жел болады. Оның 100 күнінде кем дегенде шаңды дауылдар тұрады. Осы шаңды дауылдармен қалдық қоймасына тасталған зиянды заттар жан-жаққа тарайды. Ол шөпке, жан-жануарларға, адамдардың бойына сіңе береді", дейді эколог Орынбасар Тоғжанов.

Биыл Қаржы министрлігі бастапқы жобада көрсетілген 7 млрд теңгені бөлуді көздеп отыр. Алайда, ол қаражат әзірге түк шешпейді. Мамандар жобаның жаңа құны сараптамадан оң нәтиже алғанда ғана рекультивация жұмыстарын жалғастыратынын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу