Зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны қанша?

250

Аталған жұмысшылардың негізгі үлесі өнеркәсіп саласында, атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде істейді. 

Зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны қанша? Фото: Адильбек Тауекелов

Кәсіпорындарды жыл сайынғы зерттеу нәтижелері бойынша 2023 жылы 410,3 мың адам (2022 жылы – 386,3 мың адам) немесе зерттелген кәсіпорындар қызметкерлерінің жалпы санынан 24,2%-ы санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда жұмыс істеген. Аталған жұмысшылардың негізгі үлесі өнеркәсіп саласында, атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде істейді – 112,6 мың адам. Мұндағы қызметкерлердің басым бөлігі шуыл мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында еңбектенеді – 187 мың адам, деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Өңірлер бойынша зерттелген кәсіпорындардың қызметкерлері арасында санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда жұмыспен қамтылғандардың ең үлкен үлесі Қарағанды – 45,1%, Маңғыстау – 43,6%, Павлодар – 42,2%, Ұлытау – 40,2%, Шығыс Қазақстан облыстарында – 32,5% белгіленді. Қызметкерлердің ең аз үлесі Қызылорда облысында (8,8%).

2023 жылы кәсіпорындар (ұйымдар) зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін өтемақылар мен жеңілдіктерге 255 182,6 млн теңге жұмсады. Қосымша демалыс (жеңілдіктің түрі) 543,5 мың адамға берілген, зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайлары үшін 419,4 мың адам қосымша ақы алған, 323,8 мың адам – сүт және оған теңестірілген тамақ өнімдерін алды, 97,8 мың адам – емдік-профилактикалық тамақтанумен қамтамасыз етілген, 45,8 мың адам – қысқартылған жұмыс күні режимінде жұмыс істеген.

Айта кетейік, бұл статистикалық байқау кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда, экономикалық қызметтің жекелеген түрлері бойынша кәсіпорындар мен ұйымдар арасында жыл сайын жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу