Зорлықшы ауыр жазаланады

865

Ішкі істер министрлігі өкілдері заңға енген өзгерістерді түсіндірді.  

Зорлықшы ауыр жазаланады

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы, полиция полковнигі Санжар Әділов қылмыстық заңнаманы жетілдіру мен адам құқықтарын қорғауды күшейту жайлы айтты.

Тергеу департаменті бастығы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қолданысқа дайын екенін хабарлады.

Қабылданған заңда жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Жаңа заң бойынша бұндай қылмыс еш кешірілмейді, әрі екі жақтың ымыраға келу мүмкіндігі де болмайды.

"Бүгінгі күні ең қауіпті қылмыстардың бірі – жыныстық зорлық көрсету. Өткен 2019 жылы мыңнан астам зорлық жасалды. Олардың 15%-ында балалар зардап шекті. Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету бұдан былай ауыр қылмыс қатарына жатады. Бұндай қылмысқа барғандар амнистияға ілігіп немесе екі жақтың татуласуы арқылы жазадан құтылып кете алмайды. Ісі міндетті түрде сотқа беріледі", – деді Санжар Әділов.

Тергеу департаментінің бастығы аса ауыр қылмысқа жататын зорлық жасағандарды қанша жыл жаза күтіп тұрғанын айтып өтті.

"Сексуалды сипаттағы қылмыс үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Екі, яки одан да көп кәмелетке толған тұлғаларға қатысты зорлық жасау, жапа шегушіні абайсызда өлтіру ісіне қазір 17 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сондай-ақ, 14 жасқа толмаған жас баланы зорлаған қылмыскердің баланың жасы нешеде екенін білгені, білмегені маңызды болмайтынын айта кету керек. Жаза – 20 жылға немесе өмір бойына түрмеге қамау", – деді полиция полковнигі.

Ішкі істер министрлігі өкілі адамның кінәсіз екенін біле тұра, жазықсыз жала жабушылардың да жауапкершілігі артатынан айтты.

"2019 жылы сексуалды сипаттағы қысым көрсету, жыныстық зорлық-зомбылық жасағандардың 50%-ы қарсы арыз жазып немесе екі жақтың ымыраға келуі арқылы нақты жазадан құтылып кеткен. Сонымен қатар, жалған арыз жазушыларға да жауапкершілік артады. Бұрын ауыр немесе аса ауыр "қылмыс жасады" деп жалған екенін біле тұра арыз жазушылар 3 жылдан 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылса, бұдан былай 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер олар топ болып қылмыс жасаса, 5 жылдан 12 жылға дейін жаза тартады", – деді Санжар Әділов.

Ал егер зорлықшы осындай іске қызмет бабын пайдаланып барса, 9 жылдан 12 жылға дейін жазаланатынын тергеу департаментінің бастығы айтты. Сонымен қатар, бала арнайы мекемеде немесе өз үйінде жапа шегіп, оны жасырып қалғандар болса, жасырған адам қатаң жазаға тартылады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу