Мәулен Әшімбаев жастарға психологиялық қолдауды күшейту қажеттігін мәлімдеді. Ол бұл туралы Сенатта "Психологиялық қызмет туралы" заңды қарау барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенат төрағасының сөзінше, Z ұрпағы әлеуметтік желілердің, интернеттің, жасанды интеллектінің және өмір қарқынының әсерінен түрлі психологиялық қиындықтарға тап болып отыр. Әсіресе, жастардың бір бөлігі көпшілікпен араласу, ортаға бейімделу және өзгелермен байланыс орнатуда қиналады.
– Әрине, жастардың бәрінде мұндай мәселе бар деп айта алмаймыз, бірақ аталған түйткіл уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде, – деген пікірде.
Сондай-ақ ол көптеген жастар өз мәселесін ашық айтуға тартынса, ата-аналардың психолог мамандарға жүгінуден қоғам пікірінен қауіптеніп бас тартатынын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев жастарды қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін бұл мәселені ашық талқылаудың маңыздылығына тоқталды.
– Сондықтан қазіргі жағдайда психологиялық тұрақтылық айрықша маңызды, – деді ол.
Отырыс қорытындысында Сенат "Психологиялық қызмет туралы" заңды мақұлдап, құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.