Қарағанды облысында Байқоңырдан ұшып шыққан "Союз-2.1а" зымыран-тасығышың бөлшегі құлап, соның нәтижесінде тұтанған өрттен 1 адам қаза тапты, тағы бірі жарақаттанған. Бұл жайлы төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады. Белгілі болғандай, жапа шеккендер құлаған зымыранның бөлшектерін жинаумен айналысатын мамандар екен. Ал өртті ауыздықтауға 61 адам мен 22 техника, оның ішінде ресейлік мамандар да жұмылдырылыпты. Комитет өкілі ракета бөлігі құлаған аумақта гептил сынды зиянды заттар болмағанын хабарлады.
Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:
"14 маусым күні Жезқазғанның төтенше жағдайлар басқармасынан хабар келіп түсті. Талап ауылынан 200 шақырым жерде "Прогресс МС-06" жүк кемесінің зымыран-тасығышы құлаған жерде құрғақ шөптен өрт шыққан. Соның алдарынан 1964 жылғы азамат қайтыс болды. 1938 жылғы тұрғын ауруханаға жеткізілді. Олар зымыранның бөлшектерін жинаумен айналысып жүрген еді."