Жанкелдин ауданы аумағынан зымыран қалдықтарын құлату үшін 76 мың гектар жер 3 жылға берілетін болып шешілді, деп хабарлайды kostanaytany.kz.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және ғарышкер Айдын Айымбетовтің қатысуымен өткен мәжілісте ауданға қарасты Шөптікөл мекенінен Ресейдің зымыран қалдықтарын құлатуға жер берілетін болып шешілді.
Басшылықтың айтуынша, жалға берілетін 3 жыл ішінде осы жерге "Союз-2" зымыранының бөліктері 8 рет құлайды деп жоспарланған. Сондай-ақ, аудан бюджетіне жыл сайын 151 млн теңге қаржы аударылып отырмақшы. Ал іргесіне қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көлігі беріліп, ауызсу тартылады. Таяу келешекте сол жердегі көпірді жөндеуге де уәде беріліп отыр.