Шығыс қазақстандықтар толассыз келіп жатқан тасқын суымен күн-түн демей арпалысып жатыр. Осы уақытқа дейін өңірдің төрт ауданы (Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Зырян) мен бір қаласында (Семей) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Әсіресе дәл қазіргі уақытта Семей шаһары мен Зырян ауданы тұрғындарына қиын тиюде, деп жазады Егемен Қазақстан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 31 наурыз күні Зырян ауданының 9 бірдей (Зубовск, Соловьево, Тұрғысын, Первороссийское, Малеевск, Чапаев, Снегирево, Крестовка, Парыгино) ауылы мен Зырян қаласындағы су басқан үйлерден 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Тұрғындардың көпшілігі туыстарының үйінде қалуды жөн көрсе, 70 адам эвакуация бекетінuе орналастырылыпты. Ал наурыз айының соңғы күні аудан орталығындағы 105 үйді су алып, 200-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Бүгін Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, 167 үйді су басқан, 133 тұрғын көшіріліп, оның 87-сі туыстарының үйіне, қалғаны эвакуациялық бекетке орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта тек Семей мен Зырян ғана емес, Катонқарағай, Көкпекті, Шемонайха аудандары да сумен арпалысып жатыр.
"31 наурыз күні бір тәулікте облыста 263 үйдің суы сорылды. Тасқын зардаптарын жою жұмыстарымен 1 мыңға жуық адам шұғылданып жатыр. Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті мен өзіміздің өңірдің құтқарушыларынан бөлек Алматы қаласы, Алматы, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан көмекке келген әріптестеріміз апаттық-құтқару жұмыстарымен айналысуда", - дейді департаменттің баспасөз қызметінің маманы Анастасия Скляр.