"28 панфиловшы" – аңыз бен ақиқаттың айқасы

5454

Иван Панфиловты еске алу күні Алматыда панфиловшылар маршы өтіп, "Арман" кинотеатрында "28 панфиловшы" фильмі көрсетілмекші.

"28 панфиловшы" – аңыз бен ақиқаттың айқасы

10 қараша күні Алматыда панфиловшылар ұйымдастырған баспасөз мәслихаты қызықсыз өтті. Сөйлеген тек спикерлер, ал залды жартылай ғана толтырған журналистер, тіпті сұрақ та қоймады. Мемлекеттік бір-екі арнадан, кейбір газеттен келген ақпарат майталмандары бұл тақырыпқа онша қызыға қоймады.

Мен сияқты, редакцияның айдауымен келгендері түсінікті. Бос тұрған көп орынның бірінде Георгий жолағы байланған сөмке жатты. Мәслихаттың тақырыбы – аты аңызға айналған жауынгер генерал Иван Васильевич Панфиловты еске алу күнін ұйымдастыруға және Мәскеу түбіндегі атышулы шайқастың 75 жылдығына қатысты.

Мәслихат залының төрін толтырғандар қатарында генералдың жиендері Алуа және Айгүл Байқадамовалар, ауған соғысының ардагері Мұрат Әбдішүкіров, Республикалық генералдар кеңесі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал Махмуд Телеғұсов, "Константинополь" студиясының продюсері Константин Харлампидис және "Мотороллер" тобының әншісі Ильяс Аутов.

Бұлардың біразы осыдан екі жыл бұрын Гитлер туралы мақала шықты деген желеумен қазақ тілді "Аңыз адам" журналын өртеп "аты шыққандар".

Баспасөз аса көңіл бөле қоймаған бұл топтың жұмысы, олардың алға қойған мақсаты – соғыс тақырыбы арқылы елдің патриоттық сезімді көтеруге бағытталған. Білгеніміз – 18 қараша күні генерал Иван Панфиловты еске түсіруге қатысты Алматыда біршама шара өтетін көрінеді. Оның бастысы – "біз миллионбыз" атты панфиловшылар маршы. "Арман" кинотеатрында Ресей киноматографистері түсірген "28 панфиловшы" көркем фильмі екі тілде көрсетіледі.

Айгүл Байқадамова панфиловшылардың жастар қанатын құру ойы бар екенін де айтып қалды. Волоколамскіде, тіпті, панфиловшылар слеті өтетін көрінеді. Оған Алматыдан үш мектептің оқушылары қатысады.

Бұған дейін Ресей Мемлекеттік думасының қоғамдық палатасында "Ерлік сабақтары" өткізіледі. Байқадамованың айтуынша, біздің елдерді рухани біріктіруді (күйреуі алдында "зұлымдық империясы" атанған бұрынғы Кеңес Одағын айтып отыр) осылай, мектеп оқушыларынан бастау керек. Панфиловшылар слеті осы бағыттағы алғашқы қарлығаш іспетті, дейді генералдың жиені. Әзірге, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей ғана күш салып жатқан шараның аумағы кеңейе түседі, деп алысқа сілтеген жоспарларын да жасырмады.  

Былай қарасаң, еш сөкеттігі жоқ – даңқты жерлесіміздің атағын дақпырттай отырып, жастарға жалынды тәрбие беру. Елге жариялар мақсаты да, атқармақшы шаралары да отансүйгештік сана-сезімді оятуды көксейтін сияқты. Бірақ қай отында сүюге шақырғаны түсініксіз – келмеске кеткен Кеңес Одағын ба әлде бүгінгі Тәуелдсіз Қазақ елі ме?

Қалай болған да бұл шара көрші Ресейде соңғы жылдары Кремльдің сценарийімен қаптап өткізілген жиын, шеру-марштарды еріксіз көзге елестетті.

Мұндай шара үстінде Батысты "түйреп" өту дәстүрі қалыптасқан емес пе. Кеңестік ырғақта батыс мәдениетінің кері әсері сыналып өтті, оларға еліктей берсек, "ата-бабамыздың зиратында жауларымыздың билегенін көреді екенбіз". Өз өлеңдеріміз өз тілімізде жазылуы керек, дейді орыс тілді, тек орысша ән салатын рок музыкант.

Менің сұрағымды панфиловшылар жақтырмады. Дегенмен де, бұл сауал алғаш қойылып отырған оғаш емес, өздерінің де құлақтары үйреніп қалған, жақсы-жаманды жауаптары дайын екен. 28 панфиловшы туралы оқиғаның жалаң аңыз екенін мәлімдеген Ресей мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненко "атын шығару үшін" жала жабуға барыпты.

Ол дәлелге тартқан Жоғарғы әскери прокурор Н. Афанасьевтің 1948-ші жылдың 10 мамырында жасаған анықтама-баяндамасы жалпы мәтіннен үзіп алынған еш дәйексіз өтірік қана, дейді Алуа Байқадамова. Бұл қитұрқы әрекеттер сол кездері абыройы асқақтап кеткен маршал Георгий Жуковтың беделін басу үшін ұйымдастырылған астыртын қимылдар, деп салды Айгүл ханым. Сөйтсе, Панфилов дивизиясына ылғи бүйрегі бұрып тұрған маршалды аяқтан шалудың бір тәсілі екен. 

Ал, жалпақ елге жарияланып, әсіресе мамандардың күмәнін келтірмейтін құжат әскери прокуратура жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесіне сүйенеді. Оны кез келген адам интернет арқылы тауып таныса алады.

Әрине, жауынгерлеріне "мен үшін сенің тірі қалғаның керек" дейтін, сол мейірбандығы үшін де "батя" аталып та кеткен генерал біздің халық үшін құрметті адам. Оның есімі ел есінде қала беретіні де шындық. Бірақ, оны дәріптеушілер неге шындығы турасында шикілігі анықталған аңыздан айырылғысы келмейді? Панфилов двизиясының абыройын онсыз да асқақтатуға болады емес пе?! Бір Бауыржан Момышұлының өзі неге тұрады?

Алайда, бұл мәслихат барысында ол кісі туралы "ләм-мим" деп тіс жарған жан табылмады. Есесіне, атаусыз қалған тағы да төрт панфиловшы жауынгерге "Халық қаһарманы" атағын беру туралы президентке хат жолданған көрінеді.

Бір қынжылтатыны, генералды еске түсіру шарасының Ресей сценарийі бойынша өтетін сыйқы бар. Көрші идеологиясының ыңғайына жығылып отырғанымыз анық.

Асхат Асан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу