"7-20-25" "Нұрлы жерге" кедергі келтірген жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10938

Биыл 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

"7-20-25" "Нұрлы жерге"  кедергі келтірген жоқ

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, былтырдан бері жүзеге  асырылып келе жатқан "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы мен биылдан бастап қолға алынған "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бір-бірін толықтырып, ел азаматтарының баспаналы болуына жайлы жағдай жасады.

Үкіметтің қаулысымен "Нұрлы жер" бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілгені болмаса, екі бағдарламаның мақсаты мен міндеті бір болды. 

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы мен "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы қатар жұмыс істегеннен бастап тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияның көлемі ұлғайды. Биылғы жылдың соңғы 8 айының қорытындысы тұрғын үй құрылысы саласына 702 млрд теңгеге жуық қаржы тартылғанын көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға артық", – деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында.

Оның сөзінше, биыл 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.  

"Бүгінге дейін ел азаматтары 67 мыңнан астам пәтерге қоныстанды. Мұның ішінде 27 мыңға жуық жеке үй бар. Бұрын жеке тұрғын үй салу құрылысы басым болса, қазір көпқабатты үйлердің көлемі артты", – деді Жеңіс Қасымбек.

Сөз арасында министр баспана сатып алуға жағдайы жетпейтін әлеуметтің әлсіз тобына жыл сайын 3 мың пәтер салынатынын айтты.

"Бұл үйлер сатылмайды, тек жалдап тұруға беріледі. Екі  жылда 6182 арендалық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінге дейін 3542 пәтер салынды. Әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау ақысы шамамен 100 теңгені құрайды", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің мәлімдеуінше, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында биылдан бастап жыл сайын 40 мың жер теліміне инфрақұрылым желісі тартылады.

Облыс орталықтарында бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгені құрайтын бірыңғай сәулеттік үлгідегі үйлер салынады.  

Жеңіс Қасымбек "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының операторы 8 мың пәтерге тапсырыс бергенін атап көрсетіп: "Біз сұранысты қанағаттандыруға дайынбыз. Астана, Алматы қалаларында ғана емес, аймақтарда да тұрғын үй тапшылығы болмайды", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу