"7-20-25" бағдарламасы басталды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
7039

"Баспана" ипотекалық ұйымы арқылы сатылатын тұрғын үй құнына қатысты шектеу бағаның құбылуына қарсы жұмыс істейді.

"7-20-25" бағдарламасы басталды

Ұлттық банк пен "Баспана" ипотекалық ұйымы Алматыда брифинг өткізіп, "7-20-25". Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндігін беру" бағдарламасы басталғанын жариялады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ипотекалық қарыз ұлттық валютада берілетінін және оған тұрақты табысы бар, меншік құқығында баспанасы жоқ азаматтар қатыса алатынын айтты.

"Ұлттық банк "7-20-25" жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, қаржылық оператор ретінде "Баспана" ипотекалық ұйымын құрды. Маусым айында парламент бағдарламаны тиімді іске асыруға қажетті түзетулерді қамтитын заң жобасын қабылдады. Осылайша ел азаматтарына ипотекалық қарыздың сыйақы мөлшерлемесі 7%-ды құрайтын, бастапқы жарнасы 20%-дан аспайтын несие 25 жылға берілетін болды", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, "7-20-25" бағдарламасында  нысаналы мемлекеттік қаржыландыру қарастырылмаған.

"Бағдарлама қазақстандықтарға тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігін береді, банктердің ипотекалық қарыз беру қарқынын жандандырады және ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Бағдарлама қор нарығындағы ұзақмерзімді ресурстарды пайдалану есебінен жүзеге асырылады", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы "7-20-25" бағдарламасы аясындағы баға саясатына да тоқталды.

"Баға конъюнктурасының өзгеруі көптеген факторларға байланысты. Оның ішінде ұсыныс пен сұранысқа тікелей қатысы бар. Біз сұранысты ынталандырып жатырмыз. Басты міндет – жақсы ұсыныс қалыптастыру. Құрылысшылардың сұранысты қанағаттандыра алатын қуаты бар. Осындай баланс баға коньюнктурасының өзгеруіне ықпал ететін фактор бола қоймайды", – деді Данияр Ақышев.

Бұдан кейін Ұлттық банк төрағасы ел аумағында "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында - 25 млн, өңірлерде -15 млн теңге көлемінде шекті баға бекітілгенін еске салды.

"Бағдарлама арқылы сатылатын тұрғын үйдің бағасында шектеу бар. Бұл болашақта бағаның құбылуына қарсы жұмыс істейді", – деді ол.

Өз кезегінде "Баспана" ипотекалық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков "7-20-25" бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі 7 банк ипотека беретінін мәлімдеді.

"Қазіргі таңда "Баспана" ипотекалық компаниясы екінші деңгейлі Центркредит, Халық, Еуразия, Цесна, АТФ,  Bank RBK және Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерімен келісімге қол қойды. Сбербанк пен ForteBank бағдарламаға қызығушылық танытып отыр және техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға дайын", – деді Қайрат Алтынбеков.

Оның сөзінше, бағдарламаға қатысу үшін қарыз алушы екінші деңгейлі банкке кірісін растайтын және ипотекалық қарыз бойынша берешегі жоқ екенін дәлелдейтін құжаттармен қоса тұрғын үйі жоқ екені туралы анықтама қағазын сонымен қатар сатып алғысы келетін тұрғын үйінің құжаттары мен тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс.

"Банктер ипотекалық қарызды 7-20-25 бағдарламасының талабы бойынша береді, ал "Баспана" ипотекалық компаниясы екінші деңгейлі банктерден ипотекалық қарызды сатып алады. Барлық қажетті ақпаратты www.baspana72025.kz сайтынан білуге болады. Сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір "7-20-25" бағдарламасының мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Оны жуық арада App Store мен Play Маркет арқылы көшіріп алуға болады", – деді Қайрат Алтынбеков.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу