"7-20-25" бағдарламасы өмірге жол тартты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5584

Хабарламада тек "бастапқы нарықтағы тұрғын үй" делінгеніне қарағанда, қайталама нарықтағы үйлерді рәсімдеуге мүмкіндік жоқ.

"7-20-25" бағдарламасы өмірге жол тартты

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысымен "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" атты ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бекітілді.

Ипотекалық қарыздың сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін.

"Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады", - делінген хабарламада.

Бағдарламаға қатысу үшін Біріңғай Жинақтаушы Зейнетақы қорынан соңғы алты айдағы аударымы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, салықтық декларация немесе өзге де құжаттар қабылданады.

Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады: 25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында; 15 млн теңге – басқа өңірлерде. Хабарламада тек "бастапқы нарықтағы тұрғын үй" делінгеніне қарағанда, қайталама нарықтағы үйлерді рәсімдеуге мүмкіндік жоқ. Яғни, баспананы қолдан ала алмайсыз, тек қана жаңадан салынған үйлерге үміткер боласыз.

Басты талаптардың бірі – бағдарламаға қатысушының Қазақстан Республикасы аумағында баспанасының болмауы. Төмендегі критерийлерге кіретін азаматтар бағдарламаға қатыса алады: жатақханада кісі басына 15 шаршы метрден аз бөлменің болуы, апатты жағдайдағы үйдің болуы.

Бұлардан бөлек үміткердің өзге ипотекалық қарызы болмауға тиіс. Сол секілді ағымдағы ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру да жүзеге асырылмайтыны анық көрсетілген.

Тағы айта кетерлігі, бұл талаптардан бөлек ипотека беруші екінші деңгейлі банктер қосымша талаптар қоюы мүмкін. Қарыз беру туралы шешімді банктер дербес қабылдайды.

"Бағдарламаның операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ. Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 трлн теңгені тартады және алынған қаражатты Бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға жібереді", - деп хабарлайды бас банк.  

Бағдарлама шеңберінде қатысушы банктерге қатысты өлшемшарттар айқындалатын болады. Қатысушы банктердің тізбесі олар "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ-пен тиісті шарттар жасасқан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ.

Қатысушы банктердің қарыздарды беру рәсімдерінің басталғаны туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық банкінің интернет-ресурсында да орналастырылатын болады. "7-20-25" бағдарламасын іске асыра бастаудың күтілетін мерзімі – ағымдағы жылдың екінші жартысы.

Мұғалім, дәрігер мен мемқызметкерлердің алғашқы төлеміне мекемесі көмектеседі
Сонымен қатар, күні кеше "Нұрлы жер" бағдарламасына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр үкімет отырысында былай деді:

"2019 жылдан бастап сатып алуға берілмейтін жалдамалы баспана құрылысын қаржыландыру жылына 10 млрд теңгеге өседі. Бұл мыңдаған адамды үймен қамтиды. Тағы да 20 млрд теңге көлеміндегі қосымша қаржы құрылыс алаңдарын қамтамасыз ету және инженерлік желі салуға жұмсалады".

Ал дәрігер, мұғалім және мемқызметкерлердің мәселесін шешуге қосымша нормалар енгізіліп, оған сай, мекемелер өздерінің қызметкерлеріне қарыз береді, оның ішінде алғашқы төлемді төлеп беру де қарастырылған.

Бағдарлама бойынша әкімдіктердің құзіреттері кеңейтіліп, жеке құрылыс компанияларын ынталандыру үшін жергілікті билікке олардан салынған ғимараттарды сатып алу құқығы беріледі.

"Сонымен қатар, ТҮҚЖБ салымшылары ғана емес, өзге де екінші деңгейлі банктердің салымшыларына несиелік баспана сатып қарастырылуда", - деді министр орынбасары.

Оның айтуынша, өзгертілген бағдарлама арқылы үй салу қарқынын жылына 8 пайызға дейін (жылына 8 мыңнан астам) өсіруге мүмкіндік береді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу