"Әлем. ХХІ ғасыр" манифесі

32550

Жауласқанды жарастыруды, керіскенді келістіруді, тірескенді татуластыруды темірқазық тұтады.  

"Әлем. ХХІ ғасыр" манифесі

Былтыр Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммите әлемнің 51 елінен келген мемлекет басшылары мен премьер-министрлері һәм атағынан ат үркетін халықарлық ұйымдардың өкілдері тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұйып тыңдады. Тыңдап қана қойған жоқ, қазақ басшысының әр сөзін бас изеп мақұлдап, әр ұсынысын қуана құптап отырды. Себебі дейсіз бе, себебі сансыз. 

Әлемдік саясат сахнасында Нұрсұлтан Назарбаев – реформатор ретінде танылған тұлға. Ол – дүниежүзі бойынша ядролық қарусыз әлем құрудың жаңа кезеңін бастап, жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан аңыз адам.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру идеясын көтеріп, 70-ші мерейтойлық сессияда БҰҰ-ның 100 жылдығына жаһандық стратегиялық бастама - 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынған сұңғыла саясаткер.

Тәуелсіз Қазақстанның  ЕҚЫҰ саммитіне төраға болуына қол жеткізген көшбасшы һәм дүниежүзіне G-GLOBAL жобасын ұсынған жасампаз жан. Осының барлығын бес саусағындай білетін әлем қауымдастығының жақсылары мен жайсаңдары АҚШ-та ұйымдастырылған халықаралық жиында Нұрсұлтан Назарбаевтан тағы да дүниені дүр сілкіндірер тың бастама күтті.

Бұлай болуы заңдылық еді. Өйткені әлем қанды қасаптың алдында тұрды. Жаһандық қауіп-қатердің жарасы асқынып, адамзат баласы жатса-тұрса өзіне де, өзгеге де тыныштық тілейтін жағдайға жетті. 

Алаң-елең шақта жүрегінің түгі бар бір адам әлем қауымдастығының алдында алдаспандай жарқылдап, ұсынысы мен ақылын айтуы тиіс еді. Сындарлы сәтте бар әлемді ақылға шақырған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев болды.

Елбасы саммитте кеңінен көсіліп, ащы шындықтың барлығын бүкпесіз айтты.

Жаһан жұртының назарын адамзат баласына қауіп төндіріп тұрған  зауалдарға аудару үшін Нұрсұлтан Назарбаев "Әлем. XXI ғасыр" атты манифес жариялады.

Жауласқанды жарастыруды, керіскенді келістіруді, тірескенді татуластыруды темірқазық тұтқан манифест бірден жаһан жұртының назарына ілініп, бейбітшілікке бастайтын бағдар деп қабылданды. Осының ізінше манифест БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болып, БҰҰ хатшылығының электрондық жүйесіне орналастырылды. Құжатқа БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде А/70/818  және S/2016/317 тіркеу нөмірлері берілді. Сонымен қатар ол БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші комитетінің және БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының Quick First жүйесіне ресми құжат ретінде енді.

Манифест арқылы Қазақстан Президенті әлем мемлекеттерінің бас­шы­­ла­рын ядролық қауіпсіздікті нығайтуға шақы­­рып, адам­затты соғыстан құтқаруға үндеді.

Президент әлемге жаһандық соғыстың қатері төніп тұрғанын атап көрсетіп, осыған дейін әлемде 15 мыңнан астам соғыс болғанын, адамзат әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткеріп отырғанын айтты.

"Әлем төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр.

Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие бола бастағанына назар аударып, ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндетін орындай алмай отырғанын айтты. Сонымен қатар ол жойқын қару террористердің қолына түссе, әлемде орны толмас апат орнайтынын тұспалдады.

"Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе", – деп қауіптенді елбасы.

"ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем"
Президенттің пайымынша, жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылық ұзақмерзімді текетіреске ұласып кетпес үшін адамзатқа осындай бағдарлама қажет. Ол соғыстың тамырына балта шабуға кепіл болуға тиіс.

"ХХІ ғасырда адамзатқа өзін-өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың тіршілік белгісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының сөзінше, "ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем" атты құжат 3 басты қағидатты нақты мазмұндау керек.

"Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Бұған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі кеш болады және жауап беретін адам табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек", – деді Қазақстан Көшбасшысы.

"БҰҰ-да тіркеу реестрі болуы керек"
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің маңызы аса жоғары екенін тілге тие ете келіп, өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау қажет деген байлам жасады.

"Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың тіркеу реестрін құрған абзал", – деді қазақ басшысы.

"Шарт күшіне енген жоқ"
Елбасы манифест арқылы ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу қажет екенін мәлімдеді. Ол бұл бағытта маңызды қадамдар жасалып жатқанын тілге тиек етіп, 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағанын баяндады.  

"Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді", – деді мемлекет басшысы.

"Жаһандық коалицияны қарсы қою қажет"
Елбасы Ауғанстан, Ирак, Йемен, Ливия, Сүрия мемлекеттеріндегі жанжалдарды сондай-ақ Палестина мен Израильдің текетіресін тоқтату, Корей түбегі мен Оңтүстік-Қытай теңізіндегі және Арктика ендігіндегі жарылыс қаупін азайту алдағы 10 жылда жаһан жұртының ортақ мәселесі болуы тиіс екенін айтты.

Манифесте әскери блоктарға да қатысты сөз қозғалды.

"Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күшті тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес", – деп алаңдаушылығын білдірді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл мәселені шешуге болады екен. Осыған қатысты Елбасы: "Әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы жаһандық коалициясын қарсы қою қажет", – деді.

Осылай болғанда, яғни барлық мемлекеттер біріккен кезде әскери блокқа  бөлшектенудің тамырына балта шабылады екен.

"ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!"
Нұрсұлтан Назарбаев адамдар  ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін табанды күрес жүргізуі тиіс екеніне ерекше назар аударды. Қазақстан Көшбасшысы "Әлем. ХХІ ғасыр" атты манифесі өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отырғанын айта келіп, адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет екенін жеткізді.

"Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету - әлемдік апатпен пара-пар", – деді Президент.

Түйін
Әлем қауымдастығы Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесін адамзаттың бейбіт өмір сүру жолындағы басты бағдар деп қабылдады және тыныштыққа тұтқа болатын табанды талап деп түсінді. Дәл қазір жаһан жұрты  түнде - ұйқыдан, күндіз - күлкіден айырылмас үшін не істеу қажет екенін біліп отыр. Енді олар Қазақстан басшысының манифесі бүкіләлемдік бейбітшіліктің кепілі болғанын тілейді.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу