Жылына 75 мың консерві банкісі мен 350 тонна салат дайындайтын Атырау облысындағы "АгроФеликс" ЖШС-ның көкөніс өңдеу және құтылау цехының өнімдері бір емес, үш облыстың халқына жеткізіліп жатыр.
Мұнайлы аймақта көкөніс дақылдары өсіріліп қана қоймай, өңделіп, құтыланып, дайын өнім күйінде тұтынушыларға ұсынылады. Бұған дейін баламасы болмаған жаңа жобаны "АгроФеликс" серіктестігі жүзеге асырып отыр.
Нарыққа шыққанына көп уақыт бола қоймаса да, 3 облысқа танылып үлгерген "АгроФеликс" ЖШС оннан астам өнім өндіреді. Мекеме технологы Райгүл Ғұмарованың айтуынша, қырыққабат, қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша, баялды сынды көкеніс түрлері "Феликс" шаруа қожалығының өз алқабында өсіріледі екен.
Бұған дейін Атырау облысында көкөніс өнімдерін өсіру мен өңдеу ісі кенжелеп тұрыпты. Аталған өнімдер еліміздің басқа өңірлерінен, одан қалды алыс-жақын шетелдерден тасымалданып келген көрінеді.
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев аймақтағы көкөніс консервілерінің тұтыну нормасы есебінен алғанда, бір жылдық қажеттілік 1554 тоннаны құрайтынын айтады. "АгроФеликстің" қарышты қадамының нәтижесінде еліміздің батыс аймағы сапалы, арзан және ең бастысы - отандық өніммен қамтыла бастапты.
"Кәсіпорын тапсырыс бойынша жұмыс істейді, нәтижесінде тұтынушыға таза әрі сапалы өнім жөнелтеді. Өнім дайындау ісінде тиісті технологияларды пайдаланатын өңірдегі жалғыз өнеркәсіп - осы", - дейді технолог Райгүл Ғұмарова.
Серіктестік қожалығының аумағында 9 ғимарат, оның ішінде көкөніс өнімдері дүкені, консервілеу цехы, салат цехы, көкөніс сақтау қоймасы және қойма жайлары орналасқан. Сақтау қоймасының ауқымы 8 тонна өнімге есептелген көрінеді. Ол нарықтық бағасы арзан көкөніспен қамтамасыз ету үшін құрылыпты.
Айта кетейік, "АгроФеликсте" өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тұрақтандыру қоры да бар. Ондағы тауарлар әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің құны аяқасты шарықтап шыға келген кезде ішкі нарықтағы тауар интервенциясын тұрақтандыруға бағытталады екен.
Серіктестік басшысы Енисей Юн өз шаруашылығын Махамбет ауданынан жалға алған 4 га жерді өңдеуден бастағанын айтады. Ал "Феликс" шаруа қожалығын 2011 жылы ашыпты. "Уақыт өте келе, егіс алқабын 100 га-ға дейін ұлғайтып, оның 70 гектарына тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы өнімді 2 есеге дейін ұлғайттық. 2014 жылы жаңа әдіспен көкөніс өсіру көлемі 225 га-ға жетті", - дейді Енисей Юн.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы қазіргі заманғы техникаға қол жеткізген кәсіпкер өз ісінің алға басуына мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы тигенін жасырмайды. Ол кәсібін 125 млн теңгеден бастаған, бірақ жаңа өндіріске бұл қаржы аздық еткендіктен, "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 700 млн теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болған. Қазір бұл кәсіпорында 45 адам еңбек етіп жатыр.
Бүгінгі таңда шаруа қожалығының алқабында картоп, пияз, сәбіз, қызылша, қырыққабат, кәді, қауын, қарбыз өсіріледі. Бұл өнімдер Атырау облысының ғана емес, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының да дастарханын толтырып отырған көрінеді.
Атырау облысының тұрғыны Армангүл Қайреденова "АгроФеликс" өнімін тұтынады.
"Бөлшек және көтерме сауда арқылы базар, дүкен сөрелерінде сатылатын түрлі салат пен көкөніс консервілері өте дәмді. Осының барлығын сүйсініп жейміз. Жыл он екі ай бойы дәруменге толы азық-түлік тұтынамыз. Ерекше атап көрсетерлігі, тұтынып отырған өнімнің бағасы қалтамызды қақпайды", - дейді Армангүл Қайреденова.
Жалпы, Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласында бірқатар жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде облыс ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін 80%-ға қамтып отыр.