"Әйелдер кәсіпкерлігі назарда болуға тиіс"

3214

 Астанада "Атамекен" КҰП іскер әйелдер кеңесінің III конгресі өтті.

"Әйелдер кәсіпкерлігі назарда болуға тиіс"

Әйелдердің экономикалық мүмкіндігін және олардың жалпы еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін  арттыру – конгрестің басты тақырыбы болды.   

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев әйелдердің ел бизнесіндегі деңгейі ойдағыдай деп атап кетті.

"Біздің еліміз шығыс елдері қатарында болса да,  әйелдердің 40%-ға жуығы ШОБ басшылары. Егер гендерлік теңдікке қарайтын  болсақ, қайда бет алып келе жатқанымызды көруге болады. Енді сонымен айналысатын боламыз. Әйелдер кәсіпкерлігі басты назарда болуы керек", – деп атап көрсетті "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы.  

Әйелдер бизнесі қаржыландыруды қажет етеді. Бұл мәселе еліміздің шалғай жерлерінде өзекті болып тұр. Олардың өз ісін ашу үшін қаражат алу мүмкіндігі туралы ақпары жоқ.

"Бизнестің барлық түрі, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігі үшін де қаржыландырудың қолжетімді болуын қарастырып жатырмыз. Бұл жұмысты шағын несие ұйымдары арқылы шешудеміз. Қазір бұған ҚР үкіметі де араласып жатыр. Қаражат бар. Тек адамдарға бұл қаржыландыруды қалай алуға болатыны туралы ақпар беріп, оларға басқа өңірлер алған дайын жобаларды беру керек. Біз өңірлерді аралағанда әйелдер кәсіпкерлігі бойынша әр түрлі бизнес ұсыныстардың бар екенін көріп жүрміз. Біздің міндетіміз – бизнес жасағысы келетіндерді оқытып, қаражат алуға мүмкіндік жасау", – деді Тимур Құлыбаев.

"Атамекен" КҰП іскер әйелдер кеңесінің өкілдігі шағын қалалар мен ауылдағыларға тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруде деп атап көрсетті Тимур Құлыбаев.

Соңғы екі жылда ұлттық палата өңірлерде 16 кеңес беру, аудан орталықтарында 170 кеңес беру орнын ашқанын айта кету керек.

"Атамекен" КҰП іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова әйелдердің бизнесті дамытудағы үлесі мен еңбегі күн сайын өсіп келе жатқанын айтып кетті. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сүйенер болсақ, әйелдердің 47%-ы жеке кәсіпкер, 26%-ы заңды тұлғар және 19%-ы шаруа қожалығын басқарып отыр.

Ләззат Рамазанова әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы "Атамекен" КҰП-тың негізгі ұстанымдарын мәлім етті.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР "Атамекен" КҰП үкіметпен бірлесіп еліміздегі бизнесті оңай жүргізіп отырған өңірлер мен қалалардың рейтингін енгізу бойынша жұмыс істейді. Өңірлер мен сала рейтингісінің бұл  жүйесіне мемлекеттік органдар мен әйелдер кәсіпкерлігі институтының қолдауы бойынша бағалау ережесін әзірлеп енгізетін боламыз. Осы рейтинг негізінде әйелдердің бизнес-бастамаларын ынталандыру жүйесін құруды жоспарлап отырмыз", – деді Ләззат Рамазанова.

Сондай-ақ әйелдер іскери кеңесі өкілдерін мемлекеттік органдар жанында жұмыс істейтін қоғамдық кеңеске қосу да жоспарда бар. 

Сонымен бірге бірлестік әйел-кәсіпкерлердің  үкімет, парламент, жобалық басқару және инвестицияларды тарту институттарымен өзара әрекеттесуін дайындау бойынша арнайы курс ашпақшы.

"Осы мәселелер бойынша әдістемелік оқулықтар шығаруды бір жүйеге келтіреміз. Бұл шаралар "Атамекен" іскер әйелдер кеңесі мүшелерінің әлеуетін арттыруға бағытталған. "Атамекен" КҰП-тың барлық өңірдегі құрылымдық және өңірлік салалары базасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша ресурстық орталық ашамыз, ол  әйел-кәсіпкерлерді оқыту орталықтарының міндетін қоса атқаратын болады", – деді ол.

Оның айтуынша, "Атамекен" іске әйелдер кеңесі ШЫҰ, БҰҰ, ДСҰ, ЭЫДҰ сияқты ірі халықаралық ұйымдарда және ірі шетелдік әйел-бизнесмендердің ұйымдарында гендерлік саясатты іске асыру мәселесі бойынша тәжірибе алмасу және әйелдердің бизнес-мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында өзінің өкілдігін құруды жоспарлап отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу