"Әкемді қатты қапаландырған жайт жаңа технологияны өмірге әкелді"

4444

Қазақ өренінің өнертабысы ірі көлемде шетелдік инвестиция тарта алды. Мирас Советов өз "табыс тарихы", неге Қытайға кетіп бара жатқаны және басқасы туралы айтып, сұхбат берді.

"Әкемді қатты қапаландырған жайт жаңа технологияны өмірге әкелді"

– Мирас, шетелдік инвесторларды қызықтырған технологияң жайында айта отырсаң. Қытайға кетіп барасың деп естідік...

– Мен Назарбаев университетінің 3-ші курс студентімін және старапым да осы оқу орнының ABC Incubation бизнес инкубациясы мен акселерациялық бағдарламасынан бастау алды. Мамандығым бойынша инженер-электрикпін. Технологиям "егістікті нысаналы өңдеу" деп аталады. Ол ауыл шаруашылығы дақылдары егілген егістіктерге гербицидтер себу жүйесін "ақылды" етуге бағытталған. Соның арқасында диқандардың шығындары азаяды, егінінің шығымдылығы артады.

Техникалық егжей-тегжейіне тереңдемей айтар болсам, жоба "компьютердің көзімен көру (computer vision) және машинаның өз бетінше үйренуі" технологияларын қарастырады.  

Бұл өнертабыстың жаңашылдығы шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырды, жақында ARTISAN гонконгтық венчурлық қордан бірінші pre-seed, яғни ерте инвестицияларды тарттық, алғашқы транш 110 мың долларды құрайды. Шарт бойынша алдағы апталарда ҚХР-дың арнайы әкімшілік ауданы саналатын Гонконгке аттанамыз. Онда Brinc акселераторында оқудан өтеміз.

"ТОП" стартапы бүкіл әлемдегі ауыл шаруашылығында гербицидтердің шектен тыс көп төгілуіне қатысты қордаланған орасан зор проблеманы шешеді. Гербицид – арамшөппен күрес үшін қолданылатын ауыр химикат. Оны төкпесе болмайды, себебі, арамшөптер егіннің шығымдылығын жыл сайын 50%-ға азайтып жібереді. Бірақ химикаттар астық, дақылдар, жеміс-жидектер арқылы адамға беріліп, ағзаны бүлдіреді. Яғни, "былай тартсаң – арба сынады, былай тартсаң – өгіз өледі" дегеннің кері сияқты. Алайда бұл тұйықтан шығуға болады.

Бүгінде гербицидтерді пайдаланудың төтенше, тым тиімсіз екенін білемін, өйткені ол жаппай төгіледі де, тек арамшөпті жойып қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарына және топыраққа да әсер етеді. Неге бұл істе жаңа заманның игілігі болып табылатын "жасанды интеллектті" пайдаланбасқа? Оған қандай өсімдіктің арамшөп екенін "ұғындырса", технология улы химикатты тек соған бағыттамақ.

Сондықтан біз жасанды зердеге құрылған технология негізінде камера жасауға ұйғардық, ол құрылғы арамшөптік өсімдіктерді адам тұтынатын ауыл шаруашылығы дақылдарынан анық айыра алады және гербицидтерді тек арамшөптерге себеді. 

Әрине, бұл өнертабысты жан-жақты пысықтауға да мән бердік. Мен "ТОП"-ты алып, Google-дың Тель-Авивтегі израильдік кеңсесіне бардым, сонда екі апта бойы өз өнімімізді жетілдіріп шықтық. 

Жалпы, біз осындай мүмкіндікке ие болған ең жас өнертапқыш және Қазақстаннан келген тұңғыш қатысушы болдық.

– Білуімізше, сен сондай-ақ ARTISAN-нан ірі инвестиция алған алғашқы қазақстандық студентсің ғой. Ауыл шаруашылығы Қазақстанның негізгі бір саласы болып есептеледі. Өзің негізі инженер екенсің, агрономдар "бақшасына" қалай түсіп жүрсің?

– "ТОП" стартапымен биылғы ақпан айынан бастап айналысудамын. Ол тұста менің басымда тек идея ғана болды. Ешкімде жоқ ғаламат бірдеңе жасағым келді.

"Ат айналып қазығын табады" дейді ғой, ағылшындарда осыған ұқсас "what goes around comes around" деген мәтел бар. Осы орайда қызықты жайт болды. Менің атам да, әкем де ауыл шаруашылығында жұмыс жасайды. Атам шопан болған, ал әкем жылқы өсіреді. Содан мен өз тегімдегі тұңғыш инженер болуға ұйғардым. Алайда айналып келгенде, атам мен әкем сияқты өзім де ауыл шаруашылығымен шұғылданудамын.

– Олар мал шаруашылығына маманданған екен, ал егін шаруашылығында жасанды зерде мен computer vision-ді біріктіретін технологияны қалай ойлап тауып жүрсің?

– Менің әкем бірде бидай егумен айналысуға ден қойды. Жақсы астық жиып, мол табыс табу үшін қыруар қаржылық ресурстарын шығындады. Бірақ өкінішке қарай, егін шығымдылығы төмен болды. Нәтиже оны қатты қапаландырды. Бұған арамшөптердің қаптап кетуі және оларды құртуға арналған гербицидтердің қымбаттығы себепкер болған.

Осыны көріп, мен ойға қалдым. Бүкіл үлкен егістікке қымбат химикаттарды жаппай төгіп шығудың қаншалықты қажеттілігі бар? Гербицид тек арамшөппен күреске бағытталған ғой. Осы ойдан идея туды. Команда жинап, прототиптің алғашқы нұсқасын жасап шыққаннан кейін оны нақты іске жарар, пысықталған, жақсы технологияға айналдыру туралы шешім қабылдадық. Менің ойымша, бұл жобаның болашағы үлкен. Ол тоғыз ай ішінде қарапайым идеядан қазір бизнес сатысына дейін көтеріліп қалды.

Енді Назарбаев университетінің екі студенті Отаниоз бен Данияр үшеуіміз Гонконгке барамыз. Біріміз инженерлік тұрғыдан, біріміз жасанды интеллект жағынан жұмыс жасаймыз.

– Алдағы жоспарларың қандай? Жобасын Қытайда не Украинада өндіріске қояды екен деген ақпарат болды. Қазақстанда өндіріс ашу ойың бар ма?

– Таяу уақытта біз нақты өнім жасауды жоспарлап отырмыз. Келесі қадам ретінде бізге 200 мың доллар, одан кейін жарты миллион долларға дейін қаражаттар берілуі керек. Сонда командамызды кеңейтіп, олардың көмегімен толыққанды өнім өндірісін жолға қоямыз. Яғни, өнім нарыққа шығарылатын mass production сатысына көтерілеміз. Ал ақырғы мақсатымыз – біздің компанияның гербицидтер себуші өнімдерін шетелдік өндірушілерге сату болмақ.

Өнімді жалғыз қазақстандық нарыққа бағдарлау ойымыз жоқ. Біздің нысанамыз – әлемдік нарық. Біз Ресей, Украина сияқты елдермен жұмыс жасауды қалап отырмыз. Сонымен бірге, Қазақстанда да алғашқы бизнесті дамыту үшін қолайлы ахуал туғызылуда. Демек, таяу келешекте біздің жобаны Қазақстан аумағында жолға қоюға мүмкіндік болады деп санаймын.

Мен үшін еліміздің экономикасын қолдау өте маңызды. Себебі, маған командаммен бірге өз стартапымды жүзеге асыруға жәрдемдескен де отаным ғой.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу