Атырауда алдағы уақытта өңірдің климатына сай 27 жоба жүзеге асырылады. Сол жобалардың бірі арқылы мұнда әр адамның басқан қадамынан кинетикалық энергия өндіріледі.
Мамандардың айтуынша инновациялық әдіс энергия алуды 200 есе жеңілдетеді. Бұл "ақылды қала" инфрақұрылымы үшін таптырмас мүмкіндік. Кинетикалық энергия өндіретін тақтайшалар өзге елдерде халық көп шоғырланатын жерлерге орнатылады. Өйткені қадамдардың саны артқан сайын кинетикалық тоқ көзі көбейе береді.
Атыраулық мамандар бұл қондырғының біз үшін маңызы зор екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, баламалы қуат көзі қиындықсыз әрі шығынсыз өндіріледі.
Атырау облысы әкімінің инвестиция бойынша кеңесшісі Азамат Асылбековтың сөзінше, мақсатқа жету үшін жаяу жүргіншілер көп жүретін жолға кафель түріндегі арнайы жабын төселеді. Оған адам аяғы тиген сайын баламалы қуат көзі пайда болады.
"Атырау мемлекеттік университетінде 10 мыңға жуық студент оқиды. Егер осы оқу орнының әр ғимаратының алдына арнайы жабынды төсесек, күніне 5 мың киловат энергия жинайды екенбіз. Бұл таза энергия өндірудің ең тиімді жолы", – деді облысы әкімінің инвестиция бойынша кеңесшісі.
Ал атыраулық өнертапқыш Ержан Нұрединов смартфонға арнайы бағдарлама енгізіп, тақтайшаны басқан әр қадамнан табыс табуға болатынын айтады.
Ержан Нұрединов мектеп жасынан бастап жасыл энергетика саласын зерттеп келеді. Бүгінде ол жаңа инновациялық технологияларға негізделген 15 жоба ойлап тапқан. Солардың бірі күн мен желден энергия алатын теңдесі жоқ "ақылды ағаш" жобасы. Жаңа жобаның алғашқы нұсқасы
"ТехсанИнвестҚазақстан" зауытында жасалды. Қазір биіктігі 6 метрді құрайтын "ақылды ағаш" сынақтан өтіп жатыр.
Егер жоба жүзеге асатын болса, "ақылды ағаш" Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алаңына қойылады.
Өнертапқыштың айтуынша, жоба қолданысқа енсе, 200-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Күн мен желден энергия алатын қондырғы көшедегі автокөлік жолдарын да жарықтандыруға мүмкіндік береді. WI-Fi желісін тегін пайдаланудан бөлек, қуат көзіне электронды құрылғыларды да қосуға болады.
"Ақылды ағашта" күн панельдері болады. Араның ұясына ұқсайтын күн панельдері жасыл спираль тәріздес жел генераторымен қамтамасыз етілген. Оған арнайы дисплейлер орнатылады. Осы арқылы жарнама көрсетуге болады. Жоба құны 10 мың доллар. "Ақылды ағаш" жобасын әуесқойлықпен бастадым, уақыт өте келе ойымды жүзеге асыруға болатынына көз жеткіздім. Сөйтіп 3 жыл бұрын патент алдым. Зауытта қазір менің тағы бір жобам сынақтан өткізіліп жатыр" – деді жас өнертапқыш.
Ержан Нұрединовтың айтуынша, қазір еліміздегі баламалы энергия көзі тек 1%-ды құрап отыр.
"2020 жылға қарай жасыл энергия көлемі 3%-ға артады деп болжанған. 2050 жылы бұл көрсеткіш 50%-ға жетеді деп ойлаймын. Қазақстанның осы бағыттағы болашағы зор. Бүгінде Африкадағы елдердің өзі баламалы энергия көздерін іздеп, жаңашылдыққа ұмтылып жатыр", – деді ол.
Гүлназ Кәрімжанқызы, Атырау облысы