"Al Hilal bank" жеке тұлғаларға бет бұрды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1498

Ислам банкі маусым айында жеке тұлғалардан жаппай депозит қабылдай бастады.

"Al Hilal bank" жеке тұлғаларға бет бұрды

"Al Hilal bank" депозиттер қабылдауды өткен жылдың қыркүйек айында текстік режимде бастаған-ды. Осылайша, қаржы ұйымы қазақстандықтарды бір сынап көрмек болды. Банк бір ай ішінде 1 млн доллар көлемінде депозит тартуды жоспарлаған еді. Алайда отандастарымыздың "Al Hilal bank"-ке деген сенімі жоғары боп шықты. Себебі, бір ғана ай ішінде қабылданған депозиттер көлемі алдын ала күтілгендей 1 млн долларды емес, 12 млн долларды құраған. Міне, осыдан кейін ислам банкі бұл бағытқа біржола бет бұрды. Сөйтіп, "Al Hilal bank" 2017 жылдың маусымынан бастап жеке тұлғалардан депозиттерді жаппай қабылдауға кірісіп кетті.

"Al Hilal bank"-тің қаржылық директоры Айдын Таировтың айтуынша, банктегі депозиттің орташа мөлшері 30 мың долларды құрайды. Ең төмен мөлшерлі сома деген жоқ. Шектеу қойылмаған. 2018 жылдың соңында депозиттер портфелі 100 млн доллар болады деп күтілуде.

"Исламдық қаржыландыру аясындағы салымдар қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қорына енбейді. "Al Hilal bank"-тің  салымдарды ең алдымен инвестициялық шот. Сондықтан ол кепілдендіру қорымен өтелмейді. Десе де, салымшылардың құқықтары мен қызығушылықтары банктің жоғары рейтингінің арқасында қорғалғандығын атап өтуге тиіспіз", - дейді Айдын Таиров.

"Al Hilal bank"-тің басқарма төрағасы Елтай Мұхамеджановтың сөзінше, қаржы ұйымының жұмысы шариғатқа негізделген. Ал үстеме пайда табу шариғаттың шарттарына сәйкес келмейді. Сондықтан, басқарма төрағасы банктен депозит ашу салымшыларға қандайда бір пайда әкеледі деп кепілдік берілмейтіндігін мәлімдеді.

"Бұл жерде банк пен клиент тәуекел жүгін теңдей бөліп алады. Себебі, банк қаржыландыратын жобалардың тағдыры екі тарап үшін де маңызды. Ешқандай құпия да жоқ. Доллармен салынған депозиттердің түсімі 1,5-2%, теңге бойынша 8-9% көлемінде болады деп күтілуде", - дейді Елтай Мұхамеджанов.

Бүгінгі таңда банктің активтері орташа есеппен 220 млн долларды құрап отыр. Бұл ретте, банк активтер қоржынын бірден ұлғайтуға асығар емес.

Айдын Таиров атап өткендей, қаржылық ұйым үшін шығынның өздігінен өтелгендігі маңызды.

"Al Hilal bank" қазақстандық банктер арасындағы "А+" деңгейлі несиелік рейтингте ең жоғары көрсеткішке ие екенін де атап өтуге болады. "Al Hilal bank" енді өз клиенттері үшін несие беру жобасын әзірлеуде. Оны биыл іске қосуды жоспарлап отыр. "Банктің бұл бағыттағы жұмысы қалай өрбитінін нақты мысалдармен дәлелдеуге болады. Мәселен, біз кеме сатып алып, оны "Қазақтеңізкөлікфлот" компаниясына бердік. Компания кемені бірден сатып ала алмайтындықтан, қаржысын біртіндеп өтеуде. Ипотекалық несиенің тетіктері де шамамен осындай болмақ. Бір адамның пәтер алуға шамасы жоқ делік. Біз пәтерді сатып алып, әлгі адамға береміз. Ол оның қаржысын бөліп төлейді. Яғни, мұнда сауданың негіздері басымырақ", - деп түсіндірді Айдын Таиров.

Естеріңізге сала кетейік, "Al Hilal bank" 2010 жылы Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметтерінің келісімімен құрылған болатын. 
Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу