"Алдағы 2017 жылдың еншісінде айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ"

2599

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.    

"Алдағы 2017 жылдың еншісінде айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ"

Қымбатты отандастар!

Санаулы сәттерден соң біз Жаңа 2017 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан мешін жылы еліміз үшін ерекше мерейлі меже болды. Биыл бүкіл халық болып қастерлі тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Жас мемлекеттің ширек ғасырлық шежіресі ел тарихында алтын әріппен жазылды. Бұл біздің маңдайымызға бұйырған мерейлі мәртебе, еншімізге тиген ерен бақыт.

Жаңа жылды қарсы алар сәтте береке-бірлігі жарасқан халқыма зор алғыс айтамын! Биылғы мерейтойлық жыл біз үшін бірқатар маңызды шараға толы болды. Елдің саяси өмірінде елеулі  науқан – парламент сайлауын өткіздік. Ұлы мақсат көздеген "Ұлт жоспарының" алғашқы жылын табысты аяқтадық.

Алдағы 2017 жылдың еншісінде айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде міндетін атқара бастайтын болады. Бұл кез келген мемлекет қол жеткізе бермейтін асқақ абырой, мәртебелі міндет. Келер жылы Астана меймандары "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінде бас қосатын болады.

Сонымен қатар Алматыда Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы жағылады. Еңселі елордамызда Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтеді. Ел қуатты болмай – бақ тұрақты болмайды. Халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамытуға арналған шаралар жалғасын табады. Біз енді тәуелсіз еліміз үшін жаңа 25 жылдықтың жарқын парағын ашамыз.

Табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл табысты да тағылымды жыл болсын!

Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, елімізге бүгінгіден де биік жетістіктер тілеймін! Жаңа жыл құтты болсын! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу