"Әлеуметтік жікшілдік байды да, кедейді де көбейтеді"

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
6652

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов бай кедейге қарап байып жатыр деп санайды. 

"Әлеуметтік жікшілдік байды да, кедейді де көбейтеді"

Бізде ойын бүкпесіз айтатын мамандар көп емес. Әсіресе, елдің экономикалық ахуалы мен бет-алысы жайында көптің көкейіндегіні дөп басатын экономист-ғалым Тоқтар Есіркеповтің дәлелді пікірі қашан да құнды. Біз экономиканың тармақтарын жілікше шағатын маманды әңгімеге тартуды жөн көрдік.  

– Тоқтар мырза, бір пікіріңізде әлеуметтік жікшілдік туралы зерттеу жұмысын жазуға кірістім деп едіңіз. Білуімше, қоғамда соңғы жылдары бай мен кедей түсінігі қайта қанат жая бастағандай. Сіздіңше, қалай?

– Әлеуметтік жікшілдік мәселесі әу бастан бар. Әсіресе, экономикасы даму жолына түскен елімізде теңсіздік белең алды. Forbes басылымының болжамынша, әлемдегі миллиардерлер тізіміне жыл сайын жаңа есім қосылып отырады. Бір ғана 2014 жылдың өзінде  210 адам қосылған. Сол каезде байлығы 1 миллиард доллардан асатындар саны 1 мың 426 адамға жетті. Әлемдік капиталдың жартысына жуығы (46 %), яғни шамамен 1 триллион 700 млрд доллар осы тізімдегі 85 адамға тиесілі екендігі де айтылды. Әлемдегі байлар мен кедейлер тұрмысы арасындағы алшақтық тереңдей түскені басқа халықаралық ұйымдардың зерттеулерінен де байқалады. Арнайы зерттеулер де халықтың бай және кедей бөліктері арасындағы алшақтық артқанын көрсетеді. Міне, осыдан келіп әлеуметтік жікшілдік мәселесі туындайды. Әзірге халықаралық зерттеушілердің еңбектерін астын сызып оқып, мәлімет жинап жатырмын. Халықаралық ұйымдар жыл сайын тың деректер ұсынады.  Өкініштісі сол, мұнда Қазақстан туралы мәлімет жоқтың қасы. 

– Жалпы, Қазақстанда бай-бақуаттылардың дәулеті төмендеді деген мәлімет бар екен. Бұл рас па?

– Есіңізде болар, 2008-2009 жылдары әлемдік дағдарыстың салқыны бізге де тиді. Сол кезде бай азаматтардың дәулеті кемігені рас. Біз қазір байлардың тізімі мен олардың көрсеткішін "Forbes" журналы арқылы бағамдайтын болдық қой. Сол тізімдегі Қазақстанның олигархтарының көбі шикізат секторында отырды. Ал дағдарыс кезінде кім зардап шекті? Бір жарым жылдың ішінде шикізат секторының бағасы 2-2 жарым есеге түсіп кетті. Одан бұрын бюджетке шамамен 40 млрд АҚШ доллары түсіп тұратын еді. Бұл төрт есе азайып, жылына 10 млрд доллар ғана құйылды. Алайда, бұл түйткіл бай-бағландарға әсер етті ме? Шындығында, Қазақстан шикізатты экономикаға бағытталған ел. Әрине, бұл бойынша елімізде "Индустрияландыру 1", "Индустрияландыру 2", тіпті бірінші бесжылдық, екінші бесжылдық деп  өңдеуші салаларға қомақты қаржы жұмсалуда. Бұл "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, Қазақстан Даму банкі, "Даму" қоры, сондай-ақ түрлі Даму инстиуттары арқылы көзделді. Яғни, кеш болса да, бюджеттегі ақшаны жаңа өндіріс салуға бағыттап жатырмыз. Себебі, дағдарыс осындай шараларды қабылдауға мәжбүр етті.

– Бірақ соған қарамастан байлар байып, кедейлер кедейленіп жатыр ғой. Солай ма?

– Бай кедейге қарап байып жатыр. Ең бастысы, әлеуметтік жікшілдік ұлғайып барады. Осыдан үш жыл бұрын зерттеуші Тома Пикетти ауқымды жұмыс атқарды. Соның қорытындысына қарасақ, қандай жағдай орын алса да, бай байи береді, кедей кедейлене береді. Ал ғылыми түрде айтсақ, жылдар өтсе де, байлық аз ғана топтың иелігіне жиналады екен. Яғни, үлкен топтардың байлығы азайып, белгілі бір адамдарға өтеді. Мысалы, 2006 жылдан бері бүкіл әлемде байлықтың 99%-ы белгілі 1% адамның қолында ғана деген мәлімет тараған. Демек, байлардың байлығы азайып жатқаны заңдылық.

АҚШ-тың Вашингтон қаласында Петерсен әлемдік экономика институты іргелі зерттеулер жүргізіпті. Оған 1996-20015 жылдар аралығындағы Forbes тізіміндегі байлар туралы мәліметтер пайдаланылыпты.  Яғни, 2015 жылғы тізімді қарағанда 1826 миллиардердің мәліметі бар. Бұл үлкен зерттеу. Ең басты қорытындысы не? Мұнда байлықтың қай тұстан молынан ағылуына байланысты елдерді дамыған және дамушы елдер деп екіге бөлген. Зерттеу нәтижесі бойынша байлық көзі жаңа өнім шығару және жаңа бизнес-жоба жасау арқылы пайда болған. Сондай-ақ, оған кешегі КСРО-ның құрамында  болған елдердің миллиардерлері кіреді. Олардың басты баюы екі түрлі факторға тәуелді. Бірінші, саяси байланыстары арқылы, екіншісі, шикізаттық ресурстарға жақындығы. Осы тұрғыдан қарасақ, Ресейдің байларының 64 пайызы осындай жолмен байлыққа жеткендер.  

– Тіпті, Қазақстанда Forbes тізіміндегі байлардың 100 пайызы осы екі фактор арқылы көбейіп келеді деген пікір бар емес пе? 

– Оған келісуге де, келіспеуге де болатын шығар. Бірақ Кеңес одағы тарауға шақ қалғанда Мәскеудің экономика институты "Одақтас мемлекеттер тәуелсіз алғанда мемлекет болып кете ме?" деген сарында зерттеу жүргізді.  Сол кездің өзінде Ресей өзін-өзі 66-67 пайыз қамтамасыз ете алатыны туралы мақтанышпен айтылған. Ал Қазақстан 26 пайыз ғана. Ол кезде де Қазақстанда шикізатты экономика болды. Мұнда саяси мән бар. Мысалы, Ресейді Ельцин басқарған тұста да олигархтар көп болды. Ал Путин келген соң, сол байларды әртүрлі жолмен ығыстырып, ол өзінің олигархтарын жарыққа шығарды. Ал бізде билік ауыспаған соң, байлардың тізімі де аса жаңара қойған жоқ. Шындығында, олардың дені  саяси байланыстары және шикізаттық ресурстар арқылы байып отыр.

– Жыл сайын әлемдегі кедейлікпен күрес мәселесін талқылайтын алқалы   жиындарда арнайы мәлімдеме, ұсыныстар тілге тиек етіледі. Осыдан екі жыл бұрын Дүниежүзілік банк 20 жылға жетпейтін мерзім ішінде әлемдегі кедейлікті толық жою және адамзаттың өркендеуін қамтамасыз ету мақсаты туралы айтқан еді. Ал жақында қыркүйек айының басында БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерреш әлемге төніп тұрған жеті қауіп туралы пікірін білдірді. Ол қандай қауіп екенін тарқатып айтып берсеңіз...

–  Иә, Дүниежүзілік банктің қаржы қызметінің басшысы Бертран Барде сол кездегі сөзінде: "2030 жылға қарай күндік табысы 1 доллар 25 центке (1,25 доллар) жетпейтін адамдардың санын азайтқымыз келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың үш пайызынан аспауы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Егер 2030 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 8-9 миллиард адам болады деп болжасақ, мұндай адамдар саны 250 миллионнан аспауы керек" деді. Халықаралық стандартқа сәйкес, күндік табысы 1,25 доллардан аспаса, ол адам кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүреді деген сөз. Тұрмыс деңгейін әр ел өз "стандарты" бойынша бағалайтындықтан, Норвегия тұрғыны мен Чад азаматының кедейлік шегін салыстыруға болмайды. Сол сияқты біздің елдің кедейлік шешін де басқа мемлекеттің азаматтарымен салыстыруға әсте келмес.

Ал қыркүйек айында өткен БҰҰ-ның бас ассамблеясының жиынында БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерреш әлемде адамзатқа төніп тұрған жеті түрлі қауіп бар деді. Біріншісі, ядролық қаруды пайдалану қатері, екінші – халықаралық терроризм, үшінші – қарулық кикілжіңдердің көбеюі, төртіншісі – климаттың өзгеруі, бесіншісі – қоғамды жікшілдікке бөлетін  тепе-теңсіздіктің белең алуы. Бұл тұрғыда, БҰҰ-ның бас хатшысы мәселені 2030 жылға дейін  тұрақты даму арқылы жоюға болады депті. Алтыншы – инновацияның көлеңкелі тұстары. Антониу Гутерриш мырза ғылыми прогрестің дамуы кезінде хакерлердің шамадан тыс көбеюіне, интернетте реттелмеген сегменттердің артуына көңіл бөлу керектігін айтады. Сондай-ақ,  жасанды интеллектуалдың дамуы еңбек нарығына, қоғамның құрылымына әсер етуі мүмкін. Бұл дамудың өзін қадағалауға алмасақ, кейбір кертартпа әрекеттерге тап қылады дегенді меңзеп отыр.

Жетінші – дағдарыстың салдарынан босқындар саны артып, оларды қабылдауға қарсы елдердің көбеюі. Еуропа елдеріне жол тартқан босқындарды жақтырып отырған ешкім жоқ. Алайда кейбір мемлекет жанашырлық танытып жатса, енді бірі елден аластатуға кіріскені белгілі. Міне, бұл да – ғаламдық мәселеге айналды.  

Сол жеті қауіптің ең қауіптісі – әлеуметтік теңсіздік. Бұл бүгін ғана пайда болған жоқ. Мысалы, кешегі заманда оңтүстік пен солтүстіктің мәселесі дегенді жиі естідік. Солтүстік дегеніміз – дамыған елдер. Оған АҚШ, Канада, Жапония, Ресей, т.б. алпауыт елдер кірді.  Ал дамушы елдер оңтүстікте орналасқан. Былай қарағанда, оңтүстікте күн жылы, адамға "жұмақ" мекеніндей көрінгенмен, шын мәнінде, оңтүстік елдері даму бойынша артта қалды. Бұл неден білінеді? Әрине, техника, жаңа технология, инновация бәрі адамның өмірін, әл-ауқатын жақсарту үшін жасалды. Десек те, халықтар арасындағы өмір сүру деңгейі алшақтап барады.  

Әртүрлі халықаралық ұйымдар әлемдік мәселелерге алаңдайды. Оның шешу жолдарын қарастырады. БҰҰ-ның 2015 жылға дейінгі қабылдаған кедейлікті жою туралы бағдарламасы бар. Көптеген елдерде кедейдің саны азайып, орта таптардың саны көбейіп, прогрессивтік ағымдар жүрді, жүріп те жатыр. Бірақ  жіктелу деңгейі жылдан жылға артып барады. Бұл жерде екі түрлі себепті алып қарауға борлады. Біріншісі, халықаралық себептер, екіншісі – ішкі себептер. Халықаралық себептерге келсек, жаһанданудың жақсылығын да, жамандығын да көріп жатырмыз. Қазір кез келген дүкенде тамақтың небір түрі толып тұр. Ал оның сапасына, денсаулыққа зиян екеніне мән бермейміз. Мысалы, генетикалық модифицирленген өнімдер туралы әртүрлі көзқарас бар. Еуропа көп жылға дейін бұл өнімді нарығына енгізбеді. Ресей мүлдем кіргізбей қойды. Ал бізде "генетикалық модифицирленген өнімдерді көп өндіріп, неге әлемдік нарықты жауламаймыз?" деп айды аспанға шығарған басшылар болды. Бұл өнім бізсіз де әлемдік нарықты баяғыда жаулап қойған. Ешкімнің алдына шыға алмаймыз. Бұл жерде бәсекеге қабілеттілік бойынша артықшылықтарымызды пайдалансақ деймін. Бізге органикалық, химиялық қоспасы аз, таза экологиялық өнімдерді шығару керек. Қазір Аргентинадан, Қытайдан ет әкеліп жатыр. Америкадан тауық тасымалдайды. Бәрі де жайылымда өспеген малдың еті. Олар әртүрлі дәрі егіп, салмағын арттырады. Бағасы арзан болса да, мұны бізге жеуге болмайды. Біз өмір бойы жайылымдағы малдың етін жедік. Табиғи өнім болған соң, оның еті қымбат.   

– Енді еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайына келсек. Соңғы кезде теңге құлдырап, жанармай, азық-түлік бағасы қымбаттап, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда. Бұл тұрғыда не дейсіз?

Қазір мұнайдың бағасы көтеріле бастады. Былтыр мұнайдың бағасы барреліне – 30 АҚШ доллары болса, биыл 50 долларға көтерілді. Қазақстан экономикасы ауыр кезеңнен өтті. Алда не күтіп тұр? БҰҰ, басқа халықаралық ұйымдар тұрақты даму жоспарын түзеді. Бұл жоспар бізде де жасалды. Тұрақты даму деп аты айтып тұрса да, барлық дүние шикізатқа және оның бағасына тәуелді болса, біз қалай тұрақты дамимыз? Сондықтан байлардың табысы бір жылы азаяды, келесі жылы молаяды. Оған таңқалудың керегі жоқ.

–  Астанада үш ай бойы өткен халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесінің өзі әр мемлекеттің экономикалық әлеуетінен хабар берді. "Жасыл экономикаға" әлдеқашан көшіп кеткен елдердің тәжірибесінен үйренетін тұсымыз қайсы?

– Әлемдік тәжірибені үйреніп, алмасу үшін ЭКСПО-ның пайдасы әжептәуір болды. Соның арқасында әлемде не істеліп жатқанын көрдік. Мысалы, 1970 жылдың өзінде-ақ Токионың Осака,  2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен халықаралық көрмеге қаншама миллион адам барды. Олар сол Жапония мен Қытайдың жетістіктерін тамашалады. Қытай Шанхай көрмесін өзінің әлемдегі ықпалының артып келе жатқанын көрсету үшін барынша пайдаланды. Оған қоса экономикалық қуатын танытуға тырысты. Ал біз  кеше ЭКСПО-да көп нәрсені көрсете алмадық.

Бір ғана мысал. Бізде балама энергия көзі 1,5-2 пайыздан асқан жоқ. Көптеген елдерде 50 пайыздан асып кеткен. Ал қазір 100 пайыз энергияны сол балама қуат көздерінен аламыз деп жоспарлап отырған елдер бар. Есесіне, біздің әлі күнге тұтынып отырған энергия –  көмірсутегі. Оның негізі мұнай мен газ. Ал бюджетке қомақты қаржы салып отырған – шикізат. Біріншіден, біз біртіндеп шикізаттық экономиканы азайтып жатсақ та, оған қаншама жыл керек. Екіншіден, қолымыздағы бар шикізатты неге ұтымды пайдаланбасқа?

– Қазір елімізде шағын және орта кәсіпкерлік біршама жолға қойылды. Сіздіңше, бизнесті жүргізуге не қажет?

– Екі нәрсе керек. Ол – капитал және еңбек. Француз экономисі Том Пикеттидің "ХХІ ғасырдағы капитал" атты еңбегінде теңсіздік көп тіркелген қоғамда қара жұмыс істегеннен гөрі, капиталдың иесі болған әлдеқайда тиімді екенін айтады. Себебі, капиталдың табыстылығы еңбектің табыстылығынан тұрақты түрде жоғары болады. Демек, капиталды қолына ұстаған адам ұтылмайды. Орта капиталға келетін табыстың еңбектен келетін табыстан бәсі биік. Бұдан түйетініміз, бай байып, кедей кедейлене береді.

Сұхбаттасқан Бұлбұл Болат    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу