"Алып қала ауруы"

5005

Урбандалу дертіне шалдыққан Қытай шұғыл әрекетке көшті.

"Алып қала ауруы"

Бейжің мен Шанхай халқының саны неге азайды?
Бір қалаға 100 миллион адам сия ма? 21-ғасырда урбанизациянаны шектемесе о да мүмкін. Қытайдың мемлекеттік баспасөзінде кейінгі кездері "Алып қала ауруы" деген ұғым пайда болды. Бұл "дерт" тұрғындарының саны шектен тым асқан, ластанған мегаполистерді білдіреді.

Қытайда мұндай қалалар қатарына Шанхай мен Бейжің кіреді. Екеуінде де былтыр халық санын шектеу шаралары қолға алынды: біріншісінде 25 миллионнан, екіншісінде 23 миллионнан артық адам тұрмауы керек.

Ірі қалаларға ағылып жатқан халық пен арзан жұмыс күші көшін бақылауға бағытталған бұл саясат нәтижесіз емес. Мәселен, соңғы статистикаға жүгінсек, 2017 жылдың соңында Қытай астанасында 21, 7 млн адам тұрған. Яғни, былтырдан бері Бейжің халқы 20 мың адамға кеміді. Ал, шанхайлықтардың саны – 24, 18 млн-ға дейін немесе 10 мың тұрғынға азайып отыр.

Қытайда да демографиялық дағдарыс
Жағдайдың бұлайша өзгеруіне демографиялық факторлар да себеп болуы мүмкін. Мәселен, 1979 жылы қабылданған "бір бала" саясаты толық тоқтатылса да, былтыр Қытайда дүниеге келген балалар азайған. Сонымен қатар, бұл мемлекетте халықтың қартайып бара жатқаны анықталып отыр. Зерттеушілердің болжамынша, мұндай демографиялық дағдарыс келешекте Қытайдың денсаулық сақтау қызметі мен еңбек нарығына міндетті түрде салмақ түсіреді. Себебі, медициналық көмекке мұқтаж жандар қатары көбейіп, жұмыс жасындағы адамдар саны азаюы ықтимал.

Мыңдаған мигрант мегаполистерден кетуге мәжбүр
Дегенмен, Бейжің мен Шанхайда қазір көріктендіру шаралары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде кейбір аудандар қайта салынып, жүздеген базар жабылып, ресторандар мен барлар, дәмханалар мен дүкендер лиценциясыз жұмыс істегені үшін жұмысын тоқтатты. Үкімет бұл науқан мигрант-жұмысшыларды қаладан кетіру үшін жүзеге асырылмады деп қанша ақталса да, сыншылар дәл осы реформалардан ең алдымен кедейлердің зардап шеккенін алға тартып отыр.

Сонымен қатар, былтыр қараша айында үкімет заңсыз үйлерді бұзуға кіріскендіктен, Бейжіңнен ондаған мың мигрант кетуге мәжбүр болды. Және де өткен жылы Қытай астанасының оңтүстігіндегі өрт шығып, 19 адам опат болғаннан кейін заңсыз құрылыс нысандары жаппай бұзылып, талай тұрғынға бірнеше минутта жүгін жинап, баспаналарын босатуға бұйрық берілді. Бұған қатты ашынған кейбір бейжіңдіктердің ойынша, билік алапат өртті онсызда күнін әрең көріп отырған, табысы төмен мигранттарды қаладан ығыстыруға сылтау етіп пайдалана білді.

Шанхайға келсек, мұнда да "urban villages" немесе негізінен мигрант-жұмысшылар мекендейтін "қалалық ауылдарды" сыру науқаны жүргізіліп, оларда қайта құру жұмыстары басталды. 

"Төрт отбасының иелігіндегі люкстік жер бір байдың құрылыс кәдесіне қажет. Қытай үкіметі адамдарды алып қалалардан мүмкіндігі толық пайдаланылмаған қалаларға көшіріп жатыр. Ол шаһарларда көптеп салынған үйлер бар, ал құрылыс компанияларына ақша керек", - дейді Британияның "Гардиан" газетіне берген сұқбатында АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры, әлеуметтанушы Саския Сэссен.

Оның пікірінше, Шанхай мен Бейжің жүйелі түрде "табысы жоғары жаңа орта таптың" мекеніне айналып барады. Сондықтан, табысы аз халық мұндай алып қалалардан ығысуға мәжбүр. Және де кедейлер үшін ондай мегаполистерде кеңістік тарылып, керісінше, жылжымайтын мүлік нарығы үшін экономикалық мол мүмкіндіктер пайда болмақ. Мәселен, негізгі қалаларда бой көтеріп жатқан алып апартаменттерге қалың көпшіліктің қолы жете бермейді. Өйткені, ондай үйлердің құны елдегі жылдық орташа табыстан 20 есеге жоғары.

Арзан жұмыс күшіне әрдайым сұраныс бар
Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, біліктілігі төмен, арзан жұмыс күші мен қызмет түрлері ардайым сұранысқа ие. Сондықтан, мигранттарды ірі қалалардан шеттету жаңа проблемаларға жол ашуы ғажап емес.

Солтүстік Каролина университетінің Қытай қалалары жөніндегі бағдарламасының директоры, доктор Янь Сонның ойынша, "Қалаларды жаңарту үлкен шаһарлар үшін тек жақсылықтың нышаны ғана емес. Байларды тартамын деп, жұмысшыларды шеттетіп алуға болады. Мұндай жұмысшыларға сұраныс әрдайым бар. Бірақ, сол мигранттар бірте-бірте орталықтан алшақтап, жұмысқа жету үшін жолға көп уақытын сарп етуге мәжбүр болады. Адамдар үлкен қалаларға сапалы қызмет, көбірек табыс, жаңа мүмкіндіктер іздеп барады. Егер оларға өзге жерлерде жағдай жасалмаса, ірі мегаполистерге жол тартқан арзан жұмыс күшінің көшін тоқтату мүмкін емес".

Қытайда қалалардың өсімін шектеу туралы жоспардың негізгі бөлігі халықты жаңа урбанизациялық аудандарға қоныстандыруды көздейді. Сол аймақтардың бірі - Бейжіңнен тысқары жатқан Цзинг-Цзинь-Цзи аймағы, екіншісі – Хебей маңындағы Сиаон’aнь деген жаңа аудан.

Бұл округтер мен хабартар халық тым көп шоғырланған қалаларға түскен салмақты жеңілдету үшін қажет болып отыр. Мысалы, фабрикалар мен базарлар Цзинг-Цзинь-Цзи аймағына көшіріліп жатыр. Бірақ, кейбір сарапшылардың пікірінше, халықты ірі қалалардан шеттетудің бұндай тәсілі дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ.

Урбанизацияға кім кінәлі: халық па, ұлық па?
"Алып қала ауруына" халық кінәлі емес. Оған мегаполистерді  басқаруда жіберілген кемшіліктер, ал көлік қозғалысының тежелуіне және жүйесіз салынған кварталдардың пайда болуына дұрыс ойластырылмаған құрылыс себепші", - дейді Янь Сон. Оның ойынша, мигранттарды алып қалалардан аластатқанша, бүкіл елде білім беру, медициналық көмек және өзге де мүмкіндіктердің аясын кеңейтсе, ірі қалаларда халық санының тым артуы, су тәрізді ресурстар тапшылығы мұнша өзекті мәселелерге айналмас еді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу