"Әрбір адамның жүрегінде соғыстың қанды ізі қалды"

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
4619

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар сұрапыл соғысты ұмытпағанын айтты. 

"Әрбір адамның жүрегінде соғыстың қанды ізі қалды"

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында қазақстандықтарды жеңіс күнімен құттықтап, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Президент 500-ге жуық қазақстандықтың Кеңес одағының батыры атанғанын, майданға аттанған 1,8 млн адамның жартысының қайта оралмағанын тілге тиек етіп: "Біздің ата-бабаларымыз сұм соғыста от кешіп, окоптан кеуделерін отқа төсегенін білеміз. Олар Отанымызды, біздің тыныштығымызды, төбеміздегі бейбіт аспанды қорғады. Олар ерліктің үлгісін көрсетті. Бұл мерекені тойлау өскелең ұрпаққа ата-бабамыздың батырлығы мен  жанкештілігін көрсету үшін керек", – деді.

Елбасы қазақстандықтардың ерлігі бұрынғы КСРО мен Еуропа аумағында кеңінен белгілі екенін еске салып, әрбір отбасыда, әрбір адамның жүрегінде соғыстың қанды ізі қалғанын айтты.

"Біз - бейбіт елміз. Біз достық ортаны, елдегі тұрақтылықты, бауырмалдық пен өзара түсіністікті қалыптастыра отырып, өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құрып келеміз. Біздің болашақтағы жетістіктеріміздің негізі осы деп білемін. Біз бейбіт ел болсақ та, сұрапыл соғысты ұмытқан жоқпыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Құттықтау барысында мемлекет басшысы ардагерлерге ерекше тоқталып, оларға  алғыс айтты.

"Сіздер біраз жасқа келіп қалдыңыздар, көп нәрсені көрдіңіздер. Сіздердің араларыңыз жыл өткен сайын сиреп жатыр, бұл жүрегімізге қаяу түсіруде. Сіздер бар кезде біздер - сіздердің балаларыңыз, немерелеріңіз өзімізді жайлы сезінеміз. Сіздердің ерліктеріңізден күш-қуат алып, отанымыздың патриоты болуды, өз жерімізді сүюді және отанымыз Қазақстан үшін жанқиярлық ерлікке баруды абыройлы борыш санаймыз. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, табыс пен жақсылық тілеймін!" – деді президент.

Айта кетейік, елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі мыңнан астам майдангер қалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

"2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 2067 ҰОС ардагері, 140 606 тыл еңбеккерлері және 65817 ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар жәрдемақы алып отыр", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

ҰОС ардагерлерінің басым бөлігі Алматы қаласында (387 ардагер), Шығыс Қазақстан (246), Оңтүстік Қазақстан (187) және Қостанай (165) облыстарында тұрады. Ал олардың ең аз саны Атырау (29 ардагер), Қызылорда (37), Маңғыстау (36) облыстарында тіркелген.

Министрліктің хабарлауынша, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне ай сайын зейнетақыдан бөлек 16 айлық есептік көрсеткіш немесе 38480 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленіп отыр. Ал  жеңістің 73 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға қазынадан 2,7 млрд теңге бір реттік ақшалай төлем төлеу қарастырылған.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу