"Арландар" Британия боксшыларынан басым түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2498

WSB жартылай финалының бірінші кездесуінде қазақ боксшылары қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты.

"Арландар" Британия боксшыларынан басым түсті

WSB жобасының жартылай финалдық айқастары басталды. "Astana Arlans" және "British Lionhearts" клубтары арасындағы бірінші кездесу Қостанайда өтті. Қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері Тұманды Альбионнан келген боксшылардың көздеріне "көк шыбын" үймелетті.

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Кларан МакДональд – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Теміртас күмәнсіз жеңді. Бес раунд бойы үстемдік танытты. Айылын тартпай, ширақ қимылдады. WSB шаршы алаңында жинаған мол тәжірибесінің арқасында қарсыласынан басым түсті. Клареннің бойы да, қолы да ұзын. Бірақ көбінесе қос қолын төмен түсіріп жүреді екен. Жүсіпов соны пайдаланып, соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды.

56 келі: Ілияс Сүлейменов – Кристофер Бурк – ABD R5 0:08 (40:36, 40:36, 40:36)

Ілиястың да қарсыласы өзінен биік екен. Бірақ Сүлейменов аяған жоқ. Жұдырығын дәлдеп ұрды. Соқылары нық, қимылы шалт болды. Төртінші раундтың аяғында Кристофер қазақ боксшсының қарқынына төтеп бере алмай қалды. Қорғанып та жарытпады. Ілияс оның аузы-мұрнын бұзып, қан-жоса қылды. Мұрнынан аққан қан тоқтамады. Бапкерлері бесінші раундқа шығармай, жеңілгендерін мойындады.

64 келі: Ділмұрат Мижитов – Конор Лофтус – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Бұл кәсіпқой бокс шоуларына бергісіз өте тартымды жекпе-жек болды. Ділмұрат WSB жобасындағы әрбір жекпе-жек сайын жетіле түсіп, өзіне деген сенімділігі артып келеді. Қаймықпайды, илікпейді, тек алға ұмтылады.

Соққылары нық әрі пәрменді. Дәлдеп те ұрады, сүйкеп те соғады. Аңдып тұрып, қойып қалады. Оқыс ұмтылып, тартып жібереді. Бұғып қалуды да біледі, жалт беріп, сытылып та кетеді.

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Никита Абабий –3:0 (49:46, 50:45, 49:46)

Абабий бойы да, қолы да ұзын, қайсар жігіт екен. Қимылы – шалт. Бірден алға тұра ұмтылды. Бірақ Әбілханның қуатты соққыларына тап болып, тез "жуасып" қалды. Шойын жұдырықты Әбілхан асықпайды. Дәлдеп ұрады. Оның қуатты соққылары қарсыласын тоқ соққандай дір еткізеді. Сары күлгін, ұзын шаштары желп ете қалады. Бірақ жаны сірі екен. Құлаған жоқ. Бес раундқа шыдады. Қазақ боксшысының ауыр соққыларын көпке дейін ұмыта алмайтын шығар.

91 келі: Антон Пинчук – Давид Киран Ниика – 0:3

"British Lionhearts" клубының бағы бар екен. Біздің Пинчуктің бабы келмей жүргенде, бір жеңісті өңгеріп кетті. Антон "жуандай" бастаған секілді. Ал қарсыласы сымға тартқандай, тарамыс. Артық еті жоқ. Әрине Антонның тәжірибесі мол. Бірақ қарсыласы – жылдамдау. Тез қимылдайды, жеңіл жүреді. Соның арқасында жеңіске жетті. Пинчук болса осымен екінші рет қатарынан жеңіліске ұшырады (ширек финалда Ресей боксшысынан ұтылып қалған).

Осылайша "Астана Арландары" "British Lionhearts" клубын 4:1 есебімен жеңді. Екінші кездесу 8 маусым күні Лондонда өтеді. Онда 52, 60, 69, 81 және +91 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар айқасады. Осы салмақтардағы жігіттеріміз жерге қаратпайды деп үміттенеміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу