"Арселор Миттал Теміртау" жұмысшылары еңбекақыны 30%-ға арттыруды талап етіп отыр

2556

Егер олардың талабы орындалмаса, кеншілер мен металлургтер ереуілге шықпақ.

"Арселор Миттал Теміртау" жұмысшылары еңбекақыны 30%-ға арттыруды талап етіп отыр

1 тамыз күні "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының болат және көмір департаменттері еңбек ұжымдарының конференциясында осындай шешім қабылданды.

"Компания әлеуметтік серіктестік принциптерін ұстанбай келеді. Сондықтан, біз ҚР Еңбек кодексінің ережелеріне сәйкес, "Арселор Миттал Теміртау" еңбек ұжымының жалақыны өсіру жөніндегі талабын ресми түрде қолдап, барынша көмек қолын созатын боламыз. Кәсіпорынның металл шығару және оны жүзеге асыру ісіндегі табысты жұмысы бұған толықтай мүмкіндік береді. Қазіргі жағдайда жұмысшылардың аз көлемде еңбекақы алатындығын, оның үстіне көмірдің тегін келетіндігін ескерсек, кәсіпорынның табысы әлдеқайда қомақты. Ендеше, акционерлер сол табысты өндірісті өрге сүйреп келе жатқан жұмысшылармен бөлісуі қажет", - деп мәлімдеді "Қорғау" кеншілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов.

Марат Миргаязовтың әріптесі, металлургтер кәсіподағының көшбасшысы Виктор Щетинин өз баяндамасында арнайы слайдтарды көпшілік назарына ұсынып, девальвация салдарынан жұмысшылардың еңбекақысы төмендеп, азық-түлік бағасының өскенін мысалға келтірді.

"Соңғы жылдары Теміртауда коммуналдық қызмет шығындары едәуір өсті. Атап айтқанда, суық сумен жабдықтау 265%-ды, кәріз жүйесі 494%-ды, жылу 16%-ды құрады. 170 мың теңге – комбинаттағы мақтануға тұрарлық орташа еңбекақы деңгейі емес. Комбинат жұмысының 2016 жылғы және 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы қорытындылары, кәсіпорын басшыларымен еңбекақы көлемін арттыру жөнінде өткен бірнеше кездесу жұмысшылардың талабын тиісті органдарға жеткізіп, мәселені көтеруге мүмкіндік береді", – деді Виктор Щетинин.

2017 жылдың 18 мамырында Украинадағы ArcelorMittal жұмысшыларының еңбекақысы 25%-дан 70%-ға дейін өскенін аbctv.kz жазған болатын.

Қос бірдей кәсіпорын – "Арселор Миттал Теміртау" және "Арселор Миттал Кривой Рог" компанияларының бас директоры Парамжит Калон сол уақытта өзінің бейне үндеуінде былай деген болатын: "Біздің мақсат – аса ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеп, алайда төмен деңгейде еңбекақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеру. Олардың еңбекақысы әлдеқайда көп болуы керек".

Алайда "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының кәсіподақтары бас директордың ArcelorMittal жұмысшыларының еңбекақысы жоғары болуы керек деген сөзіне қатысты және жалпы жағдайға байланысты пікір білдірген емес.   

Тек, 11 шілде күні, компанияның украиналық бөлімшесіндегі жұмысшылардың еңбекақысы көтерілген уақыттан екі ай өткенде ғана "Жақтау" және "Қорғау" кәсіподақ активтерінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды. Сол жиында бірлескен конференция өткізу және оған дайындалу туралы шешім қабылдағандығы айтылды. "Магнитка плюс" газеті хабарлағандай, конференцияның күн тәртібіндегі негізгі мәселе - "Арселор Миттал Теміртау" АҚ әкімшілігінің болат және көмір департаменттері жұмысшыларының еңбекақысын көтеру жөніндегі талабы.

Конференция қарсаңында ArcelorMittal-дың иесі Лакшми Миттал корпорацияның барлық қызметкеріне үндеу жариялады: "Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында жоғары көрсеткіштерді бағындырғанымызды аса бір сүйіспеншілікпен хабарлаймын. EBITDA көрсеткіші 4,3 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ға артық. Бұл 2012 жылдың алғашқы жарты жылдығынан бергі ең үздік нәтиже. Таза кіріс көрсеткіші де жоғары. Ол 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі 0,8 млрд-пен салыстырғанда 2,3 млрд долларды құрады. Біздің барлық металлургиялық кәсіпорындар тұрақты нәтиже көрсетті. Барлық сегмент бойынша EBITDA көрсеткіштерінің өсуі байқалды. ILVA комбинатын жалға алу және сатып алу жөнінде Италия үкіметімен келісімге қол жеткіздік. Біз ерекше ынта-жігермен атқарылған жұмыстың және бәсекелестерімізді айналып өтуге деген табанды талпынысымыздың арқасында бүгінгі деңгейге жеттік".

Осындай толайым жетістіктері бола тұра, "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басиннің ArcelorMittal тобы қарыздарды қайтаруда қиындықтарға тап болып, кәсіпорын қарызы 2017 жылдың 30 маусымындағы дерек бойынша 11,9 млрд долларды құрағанын айтып, металл бағасы қырыққабаттың құнындай өсе түссе жақсы болар еді деген мазмұндағы сөзі конференция делегаттарының ашуын тудырды. Тіпті, отырғандардың біреуі "Біз қазір жылаймыз" деп кекесінмен түйреп өтті.

Аталған конференциядағы есте қаларлық жағдай бұл ғана емес. Кәсіподақ көшбасшылары, тіпті "Қазпрофметалл" салалық кәсіподағының басшысы Асылбек Нұралин, Вадим Васин және еңбек ұжымдарының атынан ортаға шыққан алғашқы бестік сөз сөйлеп болған соң, залда отырған металлургтер мен кеншілер бұл жерде бір гәптің барын бағамдай бастағандай болды.

Сөйтсе, Марат Миргаязов та, Виктор Щетинин де, ортаға шығып пікір білдірген он шақты адам да украиналық әріптестерінің жетістіктері мен тәжірибелеріне сүйену былай тұрсын, еңбекақыны көтеру бойынша нақты ұсыныстарын да айтпаған екен. Яғни, еңбекақыны нақты 15%, 20% немесе 50% пайызға көтеру керектігін ескертпепті. Сөз сөйлегендердің бәрі тек еңбекақыны көтеру керек деп қана "аттандаған".

Тек, ең соңынан мінбеге көтерілген компания жұмысшылары ғана еңбекақаны 30 пайызға көтеру талабын айтты. Ал конференция делегаттары оларды қызу қолдап, ду қол шапалақтаумен болды. Микрофонды қолына қайта алған "Жақтау" металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин былай деді: "Шынын айтайын, мен конференция шешіміне 10%, 20%, 30%, 50%, 150% деген әртүрлі санның көрсетілгенін құптамаймын. Дәл қазіргі уақыттағы нақты жағдайға көңіл аударуымыз қажет. Сондықтан, ертең бізді сатқындық, жымысқылық жасады деп кінәламасы үшін алдын ала келісіп алуымыз керек. Еңбекақы мен тарифті 30%-ға көтере қоймасы түсінікті. Мейлі, өліп-тірілсең де. Сеніңіздер маған. Сондықтан, осынау еңбек дауын шешу үшін өкілеттікті келіссөздер жүргізетін комиссияға беру қажет. Комиссия келіссөздер барысында жұмыс берушілермен өзара ортақ шешімге келуі керек. Сондықтан, өкілеттілікті бұл комиссияға беруіміз қажет".

Залда отырған металлургтер мен кеншілер айтылғандарды дауыстап талқылай бастады.

Осы кезде Виктор Щетининге Марат Миргаязов көмекке келді. Ол өз нұсқасын ұсынды.  Марат Миргаязовтың пікірінше, комиссия келіссөздерді жүргізе берсін. Бірақ, еңбекақаның қанша пайызға көтерілетіндігі туралы шешімді дәл осы құрамдағы еңбек ұжымының жаңа конференциясы қабылдауға тиіс.

"Олар комиссия жұмысы жайлы баяндайды. Еңбекақының дәл осындай көлемге ұлғайтылуына келісім береміз ме? Дауысқа саламыз. Жоқ? Онда, келіссөздер жүргізуді арықарай жалғастырамыз. Иә? Онда еңбекақыны осы көлемде көтеруді қабылдаймыз", – деді.

Конференция қорытындысы бойынша көпшілік дауыспен болат және көмір департаменттері еңбек ұжымдарының талабын мақұлдау туралы №1 қаулы қабылданды:

"Парамжит Калон басшылық жасайтын "Арселор Миттал Теміртау" АҚ басқармасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап болат және көмір департаменттері жұмысшыларының қызметтік еңбекақысы мен тарифтік мөлшерлемесін 30%-ға арттырсын".

Егер бұл талап ескерілмесе, металлургтер мен кеншілер осынау еңбек дауын ҚР еңбек заңнамаларында көрсетілген тәртіпке сай шешіп, өз құқықтарын қорғайтындықтарын айтты. Әйтпесе жұмысшылар ереуілге шығатын болып уағдаласты.

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясында ереуіл соңғы рет 2012 жылы болған. Онда металлургтер еңбекақыны 30%-ға көтеруді талап еткеніп, ақырында жұмысшылардың еңбекақысы 10%-ға өскен еді.

Олег И. Гусев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу