"АрселорМиттал Теміртау" өзіне 12 млрд доллар инвестиция құймақшы

2631

Қаражат 2020 жылға дейін игеріледі.

"АрселорМиттал Теміртау" өзіне 12 млрд доллар инвестиция құймақшы

Мұндай мәлімдемені еліміздің премьер-министрінің айтқан сынына жауап ретінде "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) бас директоры Парамжит Калон жасады. 28 шілдеде Теміртауда өткен моноқалаларды дамыту жөніндегі отырыста Бақытжан Сағынтаев АМТ басшысына екі сауал қойды: "Қарағандының бизнесі бүгінде  өнімін "АрселорМитталға" өткізу жөнінде қиындық бар екенін айтты. Екіншісі – сіздерде өндірілетін өнімге қол жеткізу қиын. Мұны басшылық әдейі істеп отыр деп ойламаймын. Облыс әкімі, Атамекенмен ("Атамекен" КҰП – автордың ескертп.) бас қосып, мәселенің мән-жайын талқылап, осындай қайшылықтарды жойсаңыздар деймін".

Аbctv.kz-тің мәліметі бойынша, Қазақстанның ішкі тұтынушылары үшін Теміртау қоймасындағы прокат тоннасының бағасы ресейлік тұтынушылардың қоймасына жеткізіп бергендегі бағасынан 30 долларға қымбатырақ.

Азия мен Иранға металл сатпайды

Парамжит Калон премьер-министрдің наразылығын тыңдап болған соң, онымен кез келген уақытта "атақ-шенсіз, қымсынбай" сөйлесуге болатынын айтты: "Мен кез келген уақытта талқылауға дайынмын. Сатып алушылардың бірінде осындай мәселе  туындаса, олар кез-келген уақытта маған келіп, сөйлесе алады".

Металл прокатының ішкі нарықтағы бағасының қымбат болуы жайында АМТ бас директоры Бақытжан Сағынтаевтың есіне мынаны салды: "Сіз бізге қымбат өнім сатып жатыр дейсіз, сізді бұл ойыңыздан қайтарғым келеді. Шамалы уақытыңызды алсам деймін. "АрселорМиттал Теміртау" биыл 4,2 млн тонна болат өндірмек. Біз осы елдегі ең ірі ресурс тұтынушымыз. Сондай-ақ біз ERG және ҚТЖ сияқты ірі компаниялардың серіктесіміз. Егер шағын және ірі өнім жеткізушілер туралы айтар болсақ, біз қызу қарқынмен жұмыс істеуге кірісеміз, себебі өндірісімізді кеңейтпекпіз. Қазіргі кезде біз Оңтүстік-Шығыс Азия мен Иранға металл сатпаймыз, тек Ресей мен өзіміздің еліміз Қазақстанға ғана сатамыз".

Ақша көптік етпейді

Теміртауда сөз сөйлегенде "АрселорМиттал Теміртау" басшысы ұран тастаудан аулақ болды, алайда оның мына сөзі тыңдармандарға күшті әсер етуі керек еді: "Бұдан  бұрын (премьер-министр домна пеші мен 2-жылу электр орталығын аралаған кезде) үш триллион қаражат салу туралы айтқан болатынмын, бірақ кейінірек тексере келе 2020 жылға қарай төрт триллион (four trillion)  теңге жұмсаймыз деп шештік. Бұл өте үлкен инвестиция. Осыдан кейін бұл комбинат Қазақстандағы экономикалық жағынан өте күшті үй (power house) болатынын көресіздер".

Аударманың қиындығы

Парамжит Калон инвестиция туралы сөйлегенде синхронды аудармашы аударып бергендей "күшті үй" туралы айтпаған болар, тіпті сөз соңғы кездері көп сынға ұшыраған, қазіргі кезде  жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 2-ЖЭО туралы да емес болуы мүмкін.

Сөздің мәніне қарасақ, "АрселорМиттал Теміртаудың" бас директоры  "бұл комбинат Қазақстанның экономикалық локомотиві атанады" деген сияқты. Бірақ маңыздысы локомотив емес.  Тіпті 2-ЖЭО да емес. Бастысы – үш жылға белгіленген инвестиция сомасы.  ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша 2017 жылдың 28 шілдесінде (бір доллар 325,58 теңге) төрт трлн теңге 12,286 млрд долларға тең. 2017, 2018 және 2019 жылдары 4 млрд доллардан бөлінеді.

Айтылған сөз – атылған оқ

Еске сала кетейік, 2010 жылы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының бас директоры Франк Паннир жаңа бағдарлама жайын сөз еткен болатын, бұл бағдарламаның арқасында комбинат 2015 жылға қарай жылына 6 млн тонна темір өндіретін болады. Алайда бұл бағдарлама ұмытылып қалды. Осыдан екі жыл бұрын бұдан да зор жоба жайы сөз болды.

2008 жылдың қараша айында "Арселор Миттал Теміртау" комбинаты MN Dastur&Company (P) Ltd.консалтингтік фирмасымен жылдық қуаты 4 млн тонна темір өндіретін Теміртау жаңа металлургиялық зауытын жобалауға келісімшарт жасаған. Компанияның хабарлауынша, "бес-алты жыл ішінде салынатын зауытта барлық қажетті өндірістік және тиісті инфрақұрылым, жаңа ЖЭО және теміржол желісі болады". Жобаға салынатын  жалпы инвестиция 7 млрд доллар. Кәсіпорынды іске қосқаннан кейін ArcelorMittal Temirtau комбинатының қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жетеді.

ArcelorMittal жылына 11,5 млн тонна темір өндіретін ірі итальялық ILVA металлургиялық комбинатты сатып алуға небәрі 1,8 млрд еуро төлеген,  сондай-ақ 2024 жылға дейін комбинаттың технологиялық және экологиялық жаңғыртуына 2,4 млрд еуро салмақшы.

Премьер-министр, не экономика министрі Тимур Сүлейменов, тіпті оның инвестициялық әріптесі Жеңіс Қасымбек Парамжитом Калон айтқан сомаға еш мән бермеді.

Алайда "АрселорМиттал Теміртау" баспасөз қызметі Парамжит Калонның берген уәдесін әзірге жоққа шығарған жоқ.

Әйгерім Сүлейменова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу