"Асфальт асаушылар"

2734

Жол құрылысын "май шелпекке" айналдырып алған.

"Асфальт асаушылар"

Екі айдан соң Шымкент-Ақтөбе-Мәртөк, Шымкент-Тараз-Қайнар бағытындағы жол учаскелеріне ақылы жүйе орнатуға байқау жарияланады. Байқау сәтті өтсе, Шымкент-Ақтөбе-Мәртөк бағытындағы 1628 шақырым және Шымкент-Тараз-Қайнар бағытындағы 383 шақырым жол ақылы болады. Осылайша ел аумағында I санатты жолдардың қатары көбейеді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұған дейін бірнеше рет  2020 жылы 6500 шақырым, 2022 жылы 10 мың шақырым жолға төлем төлеу жүйесі енгізілетінін айтты. Сондай-ақ ол 2020 жылы еліміздің шығысы мен батысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі маңызды 5 автожолдың белгілі бір бөліктері қолданысқа берілетінін мәлімдеді.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік және логистика саласын цифрландыру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Соған сәйкес Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Астана-Павлодар, Алматы-Қарағанды, Алматы-Қорғас автожолдары мен "Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай" транзиттік көлік дәлізін ақылы қылу туралы шешім қабылданды", – деді ол үкімет отырыстарының бірінде.

Көлік жүргізушілері министрдің мәлімдемесін жылы қабылдады. Алайда олар жолдың "жыры" мұнымен таусылмайтынын білген жоқ.

Обалы не керек, ел азаматтары 265 шақырымды құрайтын Астана-Бурабай 6 жолақты ақылы автомагистралінің қызығын көріп отыр. Ал басқа жолдар жайлы бұлай айта алмаймыз. Себебі олардың қызығынан шыжығы көп.

Мысалы өткен жылы 11 млрд қаржы құйылған Астана-Теміртау тасжолында 5 милиметрлік жарық пайда болды. Мұны мердігерлер біресе жүк көліктеріне, біресе жер асты суларына жапты. Жол төсеген компаниялардың басшылары: "бұл біздің кінәміз" деп жауапкершілік жүгін арқалаған жоқ. Алматы-Қапшағай бағытындағы жол құрылысының жалғасып жатқанына 3, Астана -Павлодар тасжолының аяқталмағанына 5 жыл толды. Балқаш пен Алматының арасындағы жол азабын сол жолмен жүрген жандар ғана біледі. Осы жолға қатысты зардың билікке жетпей жүргеніне жылдардың жүзі болды.

2015-2017 жылдар аралығында "Нұрлы жол" бағдарламасына қазынадан 550 млрд теңгеден астам ақша бөлінді. Оның 125 миллирдтан астамы жол құрылысына жұмсалды. Нәтижесі жоғарыдағыдай болды.  

Өткен жылдан бері жол құрылысы кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды. Бірақ айылын жиып жатқан, бөлінген ақшаны жол құрылысына тиісінше қиып жатқан жандардың қарасы көбейген жоқ. Керісінше жол құрылысын "май шелпек" деп түсінетіндердің аңсары "асфальт асауға" ауа берді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу