"Астана" "Маккабидің" меселін екінші рет қайтарды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2757

"Астана" Еуркубоктар додасының топтық кезеңінде, түзде бірінші рет жеңіске жетіп, қазақ футболының тарихына соны жетістік енгізді.

"Астана" "Маккабидің" меселін екінші рет қайтарды Фото: vesti.kz

Осыдан екі апта бұрын, Астанаға "жеңеміз" деп келіп, ойсырай ұтылған (0:4) Тель-Авивтің "Маккабиі" өз жерінде тек есе қайтаруды ойлады. Бас бапкері Йорди Кройфф те, ойыншылары да Қазақстандағы ірі жеңілістің кездейсоқ нәтиже екендігін дәлелдегілері келеді.

Осы ретте айта кетейік, Тель-Авивтегі "Блюмфильд" стадионы қайта құрылымдау жұмыстарын өткізу үшін уақытша жабылған. Сондықтан "Маккаби" үйдегі ойындарын 30 шақырым жердегі Нетания қаласының өзі аттас стадионында өткізіп жүр.

Ал "Астана" қазан айында Қазақстан чемпионатындағы жағдайын тығырыққа тіреп алған болатын. Бір айда жеті ойын өткізу оңай емес. Ел біріншілігінде сегіз ұпай жоғалтты. Сөйтіп, өкшесін басқан "Қайрат" қуып жетуге айналды. Қазір екеуінің арасын бір-ақ ұпай бөліп тұр. Соңғы турда "Ақжайықты" жеңу керек. Әйтпесе, тіпті тең түссе де, саф алтыннан айырылады.

Ең қиыны, бұл ойын 5 қараша күні өтеді. Яғни Израильден келе сала, екі күннен кейін Орал клубымен додаға түсуі керек. Сағат белдеуінің әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан, "Астана" Израильде бар күш-жігерін жұмсамауға тырысты. "Ақжайықпен" өтетін ойынды да естерінен шығармады. Себебі төртінші рет ел чемпионы атану Еуролига аясындағы ойыннан да маңызды еді...

"Астана" клубының бас бапкері Станимир Стойлов осының бәрін ойластырып, жексенбі күні өтетін Қазақстан чемпионатындағы соңғы ойынды да қаперінен шығармай, Нетанияда негізгі құрамдағы футболшыларының бәрін алаңға шығармады. Күш-жігерін үнемдеп, футболшыларын екіге бөлді.

Нақтырақ айтқанда, Марин Аничич пен Серікжан Мұжықовты қосалқы құрам орындығында ұстап отырды. Роман Муртазаевты да негізгі құрамға қоспады. Ал Нетанияға барған соң ауырыңқырап қалған Срджан Граховацты тіпті ойын хаттамасына да енгізбеді.

Әрі бес қорғаушымен ойнады. Қақпада – Ненад Эрич. Қорғаныстың бел ортасын Сергей Малыйға сеніп тапсырды. Оның екі жағына Евгений Постников пен Игорь Шитов орналасты. Ал қапталдағы қорғаушылар міндетін Дмитрий Шомко мен Абзал Бейсебеков атқарды.

Қорғанысқа тірек болар шепке Асхат Тағыберген мен Иван Маевскийді қойды. Ал алғы шепте Марин Томасов, Патрик Твумаси және Джуниор Кабананга үштігі ойқастады. Бірақ соңғысынан басқасы қорғаушыларға да көмектесіп жүрді.

Қазақстан чемпионы бірінші таймда тек қорғанумен болды. "Маккаби" бастырмалатып шабуылдаумен болды. Бірақ қанша шүйілсе де, "Астананың" қорғанысын бұзып өте алмады. Сондықтан қақпаны алыстан нысанаға алып та көрді. Бірақ Ненад Эрич бәрін де қалт жібермей, тойтарып отырды. Тіпті ышқына секіріп, қақпа тоғыздығына бағытталған соққыларды да дарытпады.

Станимир Стойловтың нұсқауы бойынша, "Астана" қорғанысқа көп көңіл бөлсе де, қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Бірақ ойынның бірінші жартысында алаң иелерін сан соқтырып кетудің сәті түспеді.

Екінші таймда да "Маккаби" тағы да атойлап алға шапты. Тізгіндерін тартпады. Бірақ Ненад Эрич олардың небір қауіпті соққыларын қайтарып, Малый бастаған қорғаушылар құйындай орап соққан шабуылдарын тойтарып отырды. Йорди Кройфф ойыншыларын ауыстырып, қандай тактика қолданса да, "Астана" сыр берген жоқ.

Тіпті жылдам шабуылдар ұйымдастырып, алаң иелерінің қорғанысын піспектей бастады. Көп ұзамай, айналасы 20 секундтың ішінде Патрик Твумаси алаң иелерінің қақпасына екі гол соқты. Бірақ қапталдағы төреші өте қырағы екен, "Астана" шабуылшысының денесі жартылай офсайдта болғанын байқап қалыпты. Алғашқы голын есепке алмады.

Алайда, тура осы ойын сәтінен кейін, "Маккаби" бірден шабуылға шықпақ болғанда, сан соқтырып кетті. Абзал Бейсебеков сол қапталмен алға ентелеген футболшыдан допты тартып алды да, алға қарай құстай ұшты. Айып алаңының ішіне кірген бетте допты көлбеулете теуіп, Твумасидің аяғына салып берді. Патрик мүлт кеткен жоқ. Шірене тепті, қақпаның сол жақ бұрышын дәл көздеді. Гол!

Осы голдан кейін "Маккаби" тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Қарқынын үдетті, шабуылды жиілеті. "Астана" допты кері теуіп, алаң иелерінің шабуылдарын бұзып, уақыт оздырумен болды. Ал ойын аяғына қарай Стойлов шаршаңқырап қалған ойыншыларын ауыстырып, тың күш қосып отырды.

"Маккаби" допты өздерінде көп ұстап, шабуылды үдете түсіп, қонақтарын қыспаққа алғанымен таразы басын теңестіре алмады. Әрине, олардың бірлі-жарым мүмкіндіктері болған жоқ емес, болды. Бірақ "Астананың" қақпашысы мен қорғаушылары шектен тыс сақ ойнады. Әсіресе, Ненад Эрич бар шеберлігін паш етіп, көпшілікті сүйсіндірді. Ойыншылардың бәрі де аянбай, жанкештілік танытты.

Десек те, "Астана" қорғаушыларының асып-сасып, қателескен сәттері де болды. Бірақ алаң иелері мұндай мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Кейбір оңтайлы сәттерде қақпадан қиыс теуіп, гол соға алмай қойды. Бұл ойында "Астананың" бағы жанып, жеңіске жетті. Қоржынына үш ұпай салып, Израильден олжалы қайтты. Енді жексенбі күні "Ақжайықпен" шайқасады...

"Маккаби" (Тель-Авив) – "Астана" – 0:1

Гол: Твумаси, 57.

Ескерту: Шенфельд, 66 – Тағыберген, 39.
"Маккаби": Райкович, Давидзаде, Тиби, Бабен, Йейни, Рикан, Баттокьо, Блэкмен (Ацили, 77), Даса (Миха, 65), Атар (Шенфельд, 65), Кьяртанссон.
"Астана": Эрич, Шомко, Постников, Малый, Шитов (Аничич, 88), Бейсебеков, Тағыберген (Мұжықов, 72), Маевский, Томасов (Муртазаев, 74), Твумаси, Кабананга.
Төрешілер: Рачковски, Обукович, Листкевич (бәрі де – Польша)
2 қараша. Нетания. "Нетания".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу