"Астана" - АПОЭЛ: плей-офф-қа жол жабық

2128

"Астана" клубы тағы да Еурокубок бәсекесінен сырт қалды. 5-турда жап-жақсы өнер көрсетіп, алғашқы жеңісін тойлағаны күні кеше ғана еді. Көп ұзамай жанкүйерінің қойнына сыймаған қуанышы су сепкендей басылды деуге болады.

"Астана" - АПОЭЛ: плей-офф-қа жол жабық

Әрине, бәріміз де алдын ала мұндайға іштей дайын да болдық, алайда "үмітсіз шайтан" деп үкілеп отырған жайымыз бар-ды.

"Астана" командасы тым кеш оянды. Бір сөзбен айтқанда, біздің жігіттер ұйықтап жүріп жарыстан да шығып қалды. Ертерек "оянып" қимылдау керек еді. Өз алаңымызда тең ойнағанға мәз болмай, қалың жанкүйердің алдында жеңіске ұмтылып, сырт алаңда ең болмағанда тең ойнауға тырысу керек еді.

Жоқ, әлде басқа елде туған жанкүйерлерінсіз бар өнерін көрсетуден қорқа ма екен, жүрек жоқ жалтақ ойыншылар ма, деп қаласың кейде. Мүмкін, расында да солай шығар? Өйткені, сырт алаңдағы ойындарына әркез қарап отырып осындай ойда қаламыз.

Сасқалақтап, доптан құтылуға асыққандай, жан-жағына қарамастан кімге болса соған пас бере салады көбісі, жан алысып жан берісіп, намысқа тырысып жүрген ойыншы бірен-саран.

Мәселен, Жуниор Кабананганы алайық. Бойы ұзын, дене бітімі де мығым ірі жігіт. Өз алаңымызда сондай жақсы ойнайды, тіпті жанкүйерлер алдында небір финттер көрсетіп, әп-әдемі гол да соғып жүр. Ал сырт алаңға шыққаны мұң екен, анасын іздеген ботадай аңырайды да қалады. Доп тек маған тимесе екен дегендей қашып, өзінен-өзі сүрініп-қабынып жүреді. "Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа" дегендей, допты беті қараған жаққа тебе салады, гол салу ойына кіріп-шықпайтын сияқты.

Тек қана Кабананга емес-ау, жасыл алаңға шыққан барлық астаналық футболшының қылығы солай көрінді. Кезінде Бауыржан Жолчиев деген бұзық ойыншымыз болып еді, ешкімнен қорықпай допқа таласып, алдасып жүріп алға ұмтылушы еді, өзі ешкімге сенбей-ақ гол да соғып жүретін. Команданы алға жетелеп жүрген жігіт еді. Оны да көре алмады ма, жоқ әлде басқа да бір қу мәселелер туды ма, кім білсін. Әйтеуір сидырмады.

Әлі күнге ол жігіттің "Астанадан" не үшін кеткені туралы ешкім ләм-мим деп тіс жармайды. Кейбір басшыларға да оның мінезі ұнамай қалған болар.

Егер ойыншы да қайсар мінез болмаса, жақсы доп та тебе алмайды емес пе? Мықтылар сондай қырсықтығымен ерекшеленеді. Әйгілі Роналду, Мессилерде мінез жоқ деп кім айтты? Бірақ, шетелдіктер ондайға түсіністікпен қарайды. Олардың өз дегені болмаса, жұлдыз боп жарқырап та жүрмес еді. Айта берсек, көкіректе сайрап тұрған мұң да көп, сын да жетерлік, дегенмен "сын түзелмей мін түзелмейді" демей ме дана қазақ.

Енді ойынға келсек, біздің "Астана" сондай көз қызығарлықтай ойын көрсетті. Біздің топтағы лидер кипрлік АПОЭЛ-ді 2:1 есебімен ұтып, есесін қайтарды. Алғашқы ойынында тура осындай есеппен АПОЭЛ жеңген болатын.

1-ші тайм басталысымен біздің команда үнемі шабуылда болды. Бірақ баяғыдай гол соғатын дұрыс шабуылшы жоқ, қанша керемет мүмкіндік болды. Алайда, не Мужиков (Мұжықов деп түземеңіз), не Кабананга, не Деспотович дұрыс тебе алмай мүлт кетіп жатты.

Ал АПОЭЛ ойыншылары бір-ақ рет қарымта шабуылға шыға салып, оп-оңай гол соға қойды. Оған қалай жының ұстамайды! Бұдан кейін кипрлік Иньяки Астис біздің Кабананганы шалып құлатқаны үшін алаңнан қуылды. Сөйтіп АПОЭЛ 10 ойыншымен қалды. Айып добын тепкен Серікжан Мужиковтың соққысы алдымен қорғанушыларға тиіп, екінші добы айдалаға кетті. Осылай қанша теңестіруге тырысқанымен, гол кіргізе алмай үзіліске аттанды.

Екінші таймда да біздің команда қонақтарға тыным бермеді. Шабуылдан – шабуыл, мүмкіндіктен – мүмкіндік! Егер осындай да жоғарыда біз айтқан шетелдік жұлдыздар (Роналду мен Месси) болғанда, голды қарша боратар ма еді. Ал біздікілер...

59-шы минутта әупірімдеп жүріп ақыры гол соқты-ау. Оның өзінде байқамай қақпашының қолынан түсіп қалған допты Марин Аничич кіргізе салды. 1:1

Бұдан кейін де қанша мүмкіндікті жіберіп алды. Тек 84-ші минутта ғана Джордже Деспотович екі рет теуіп жатып ақыры кіргізді-ау! Осылайша Астана Еурокубоктардағы алғашқы жеңісіне жетті.

Айта кету керек, біздікілер осы ойында статистика бойынша өзіндік рекорд қойып отыр. Қарсыластың қақпасына 21 рет соққы жасаған. Оның 7-уі ғана қақпаға тура бағытталған екен. Осылайша Астана Еуропа лигасынан ұшып кетті. Әлі соңғы бір тур бар. Бірақ, ол ойын Астана үшін еш нәрсе шешпейді. Енді жаны ауырмаса да болады. Тек ұшақпен Швейцария астанасына саяхаттап ұшып барып, ұшып келсе болғаны.

Біздің топтағы екінші ойын Грекияда өтті. Жергілікті Олимпиакос пен швейцариялық Янг Бойз 1:1 есебімен ойнап, тең тарасты. Осылайша Янг Бойз да, Астана да енді қанша тырысқанымен, Олимпиакос пен АПОЭЛ-ден оза алмайды.

Турнир кестесі:

                     Ойын   ұпай

АПОЭЛ               5    9
Олимпиакос       5    8
Янг Бойз            5    5
Астана               5    5

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу