"Астана" баскетбол клубының тарихы мен жетістіктері
"Астана" баскетбол клубы 2011 жылдың наурыз айында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен құрылған. 2013 жылы "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының" құрамына енді.
Содан бері еліміздің төрт дүркін чемпионы атанды (2012-2015 жылдары). Тек былтыр ғана күміс жүлдені қанағат тұтты. Қазақстан кубогын да төрт рет жеңіп алды (2011-2014 жылдыр).
2011/2012 жылдар маусымынан бері ВТБ Бірыңғай лигасында өнер көрсетіп келеді. Бұл – Ресей баскетбол федерациясы мен ВТБ банкі бірлесе құрған халықаралық лига. Биыл мұнда бес елдің таңдаулы командалары ойнайды.
"Астана" БК осы лигада алтыншы рет додаға түсіп отыр. Бұған дейінгі бес маусымда үш рет плей-оффқа шығып, екі рет шыға алмады. Алайда үшеуінде де плей-офф додасының алғашқы сатысында ұтылып қалды.
Биылға дейін "Астана" БК құрамына әйгілі баскетболшыларды тартып, Ресейдің әйгілі клубтарымен тайталасуға тырысты. Бірақ құрамын қанша өзгертіп, бас бапкерін бірнеше рет ауыстырса да, Ресейдің “қалтасы” қалың, азулы командаларының алдын орау мүмкін болмады...
Бюджеті едәуір қысқарды
Былтардан бері елорда баскетбол клубының жалпы саясаты мен жоспары өзгерді. Өзгеріске итермелеген өмірдің өзі десек те болады. "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры трансформация үдерісін басынан кешіріп, "Астана" Президенттік кәсіби спорт клубының" бюджеттік құрылымын қайта қарау мен оңтайландыру жүргізілді.
Президенттік кәсіби спорт клубының бюджеттік құрылымын қайта қаралғанда, pbcastana.kz сайтындағы деректерге сүйенсек, "Астана" баскетбол клубының бюджеті әжептәуір (екі есе) қысқарған. Әйтсе де, тіпті соған қарамастан, команда жоғары жетістіктерге “талпынып” отыр.
Атап айтқанда, "Астана" БК биылғы мақсаты – ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шығу және қайтадан Қазақстан чемпионы болу. Сөйтіп, жоғары жетістіктерге жете алатын жанкешті команда құру қолға алынды.
Әрине, бұрынғыдай, көпшілікке танымал жұлдыздарды шақыру мүмкін емес. Олар қымбатқа түседі, жалақылары да қомақты болуы керек. Сондықтан, әлеуеттері жоғары жас легионерлерді іздестіру қарастырылды.
Жаңа бапкер, жаңа ойыншылар
Ең әуелі осындай жағдайда жұмыс істей алатын, команданың жағдайын түсінетін маман керек болды. Бұл ретте, клуб басшылары атақты бапкер іздеуге тырысқан жоқ. Биік белестерге көз тіккен, әлеуеті зор, талапты жаттықтырушы іздестірді. Ауқымды селекциялық жұмыстар жүргізілді.
Ақыры таңдаулары биыл маусым айында 42-ге толатын, грек маманы Илиас Папатеодоруға түсті. Ол – жасөспірімдер командасымен көп еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған маман. 18 жасқа дейінгі Грекия құрамасымен Еуропа чемпионы болған. Грекии-U20 жастар құрамасын жаттықтырған. Жалпы, талабы зор, дарынды бапкер.
Осыдан кейін команда жасақтауға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда да әлеуеттері зор, мақтаулары жетіспей жүрген ойыншылар іздестірілді. Бүгінде команда сапында 16 баскетболшы бар. Олардың – алтауы легионер, қалғаны – қазақстандық жігіттер. Өз ойыншыларымыз да мейілінше іріктеліп, соңғы жылдары деңгейлері өскен жерлестерімізге сенім артылды.
Легионерлер – Оусман Крубэлли (АҚШ), Роберт Лаури (АҚШ), Ян Миллер (АҚШ), Родерик Одом (АҚШ), Леонидас Каселакис (Грекия), Димитриос Катсивелис (Грекия). Бәрі де – болашақтарына үмітпен қарайтын, тәжірибелері толыса түскен, 25-29 жас аралығындағы жігіттер.
Чемпиондық атақ – “қолда”, плей-офф - ойда
Дәл қазір "Астана" баскетбол клубының аяқ алысы жаман емес. Ел чемпионатында бәсекелестерінен қара үзіп, көш бастап келеді. Чемпиондық атақты сарапқа салып жатқан үш команда арасында – мерейі үстем. 14 ойын өткізді, әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ.
ВТБ Бірыңғай лигасында 8-орынды иеленіп тұр. Осы орнынан төмен түспесе, плей-оффқа шығады. Әзірше 18 ойын өткізді. Соның сегізінде жеңіске жетіп, 10 ойында ұтылып қалды. Әйтсе де, осы лиганың мамандары мен шетелдіктерді сүйсіндіріп, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп келеді.
Осы қарқындарын жоғалтпай, қалған жеті ойынды ойдағыдай өткізсе, яғни басты бәсекелестерінен, ең бастысы, өзінен төмен орналасқан командалардан ұтылып қалмаса, плей-офф додасында бақ сынауы әбден мүмкін.
Маруан Түсіп