"Астана" баскетболшылары көшбасшылар қатарында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1978

Еуропаның алты елінің баскетболшылары ойнайтын халықаралық додада Қазақстан чемпионы алтыншы рет жеңіске жетті. 

"Астана" баскетболшылары көшбасшылар қатарында  Фото: pbcastana.kz

ВТБ Бірыңғай лигасының 2018-2019 жылдар маусымын "Астана" баскетбол клубы өте жоғары деңгейде бастады. Әзірше тоғыз ойын өткізіп, соның алтауында жеңіске жетті. Керемет! Әрі 66,7 пайыздық көрсеткішпен көшбасшылар қатарына еніп, аталмыш лигада 4-орынға орналасты. Өз алаңында ғана емес, түзде де азулы командаларды жеңе бастады.

Бірден айтайық, Қазақстан клубы ВТБ лигасына қосылғалы, яғни 2011-2012 жылдар маусымынан бері мұндай жоғары нәтиже көрсеткен емес. Жылда плей-оффта бақ сынайтын сегіздікке әупіріммен ілігіп жүретін команда биыл алғашқы төрттікке жайғасты. Рас, алда әлі 15 ойын бар. Әйтсе де, елордалықтар жанкештіліктерімен аталмыш лига мамандарының таң қалдырып отыр.

Биылғы маусым басында команда тізгіні Македония маманы Эмиль Райковичке ұстатылған. 2008-2014 жылдар аралығында өз елінің "ең үздік бапкері" атанған Эмиль Райкович соңғы жылдары Польшада еңбек еткен болатын. Биыл күзде 40-қа толған жас маман бұл елде де, 2017- 2018 жылдары жаттықтырушылар арасында теңдессіз болып танылыпты. Әйгілі "Югославия баскетболының" түлегі қазақ жерінде де елорда командасының ойынын түлетіп, жетілдіріп келеді.

"Астана" баскетбол клубы өзінің жылдағы саясаты мен ұстанымынан ауытқымай, негізінен жергілікті жігіттердің деңгейін өсіруді ойлады. Команда сапына алты легионер тартылды. Барлығы спорттың осы түрін жетік меңгерген Америка ойыншылары. Қалған тоғызы – өзіміздің жігіттер (Рустам Ерғали, Рустам Мырзағалиев, Асқар Майдекин, Руслан Айтқали, Александр Жигулин, Максим Марчук, Вадим Щербак, Николай Бажин, Дмитрий Гаврилов).

Айтпақшы, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында командадағы ең үздік ойыншылардың бірі, Америка қорғаушысы Энтони Клеммонс Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің ұлттық құрамасы сапында ойнау құқығына ие болды. Ол "Астана" клубында былтырдан бері ойнап жүр. Бүгінде ВТБ лигасындағы үздік ойыншыларының бірі болып саналады. Орта есеппен бір ойында еншілеген ұпайларының саны бойынша – екінші орында.

Эмиль Райкович жаттықтыратын "Астана" биылғы маусымды азуы алты қарыс ЦСКА баскетболшыларымен бастаған болатын. Өз алаңында ВТБ лигасының сегіз дүркін чемпионынан ұтылып қалғанымен (61:86), тайталасып бақты. Бұдан кейін түзде Беларусьтің "Цмоки-Минск" клубын тізе бүктірді (93:86). Одан соң Сарыарқа төсінде Петербордың "Зенит" клубын қабылдап, өте тартысты оында 93:91 есебімен жеңіске жетті. Қазан айының соңғы күндері Польшаға барып, "Зелена Гура" клубын да сүріндірді. Тіпті үстем түсті деуге де болады – 91:82.  

Өкінішке қарай, қараша айы аса сәтті болмады. Әуелі өз алаңында Ресейдің өте қарымды командаларының бірі "Химки" клубын қабылдап, 67:76 есебімен ұтылып қалды. Одан кейін "Нижний Новгород" клубымен додаға түсіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татты – 83:86. Өкінішті, әрине... Есесіне, Рига барып, Латвияның төрт дүркін чемпионы ВЭФ клубын 93:71 есебімен ойсырата жеңді.

Өткен жексенбіде Краснодарға барып, жергілікті "Кубань-Локомотив" клубын сан соқтырып кетті. Жанкештілік танытып, азулы командадан басым түсті – 90:71. Негізі, бұл ұжым осал емес еді. 2016 жылы Еуролиганың қола жүлдегері атанғанын айтсақ та, түсінікті болар. Ал бүгін елорда төрінде Эстонияның "Калев" клубын күйрете жеңді – 105:78. Әрі елорда клубы бұл жеңісті Қазақ елінің Тәуелсіздік мерекесіне арнап отыр.

Сөйтіп "Астана" баскетбол клубы еліміздің спорт жанкүйерлеріне тамаша жеңіс сыйлады. 1988 жылғы Олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко жетекшілік ететін, Жомарт Әсенханов сынды білікті жас менеджер "отымен кіріп, күлімен шығып жүрген" Эмиль Райкович сынды сауатты маман түлетіп отырған елорда баскетболшылары алдағы уақытта да жарқын жеңістерімен қуанта береді деп үміттенеміз.

Мауан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу