"Астана" Чехияда "Яблонец" клубымен тең түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2295

Еуропа лигасының топтық кезеңінде ІІІ турдың ойындары өтіп, Қазақстан чемпионы түзден бір ұпай олжалап қайтты.

"Астана" Чехияда "Яблонец" клубымен тең түсті

Футболдан Еуропа лигасында бақ сынайтын "Астана" Чехияға "K" тобының көшбасшысы ретінде аттанған. Ал "Яблонец" осы топта соңғы орынға табан тіреп тұрған ұжым болатын. Яғни елорда клубы Яблонец-над-Нисоуда өткен матчта жеңіске жетсе, 1/16-финалына шығу мүмкіндігі мейілінше арта түсер еді. Отандық жанкүйерлердің арман-тілектері де сол болатын.

Алайда Чехия клубы да бұл ойынға егжей-тегжей дайындалып, тек жеңіске жетуді ойлады. Себебі өз алаңында "Астанадан" ұтылса, онда топтан шығулары мүлде қиындап кететін еді. Сол себепті матч басталған бетте алаң иелері бірден шабуылға көшті. Әрі жолдары болып, ойынның басында гол соғып, алға шықты.

Қақпа алдында екі команданың ойыншылары опыр-топыр болып, біздің қорғаушылар әбігерге түскенде, теңбіл доп Якоб Поважанецтің оңай олжасына айналды. Алаң иелерінің орталық қорғаушысы ыңғайына келе қалған допты тоқтатпай теуіп, қақпаны дәл көздеді. Бұл кездесудің небәрі 4-минуты болатын.

Бірақ "Астана" таразы басын тез теңестірді. 11-минутта қарсы шабуыл ұйымдастырып, Джуниор Кабананга шеберлік танытты. Көлеңкесін аңдыған қорғаушыдан сытылып кетіп, сол қапталмен алға қарай ентеледі де, допты көлбеулете қақпаға қарай асырды. Педро Энрике серпіле атылып, ала допты басымен қақпа ішіне сүңгітті.

Дәл осы сәтте "Яблонецтің" қақпашысы да, қорғаушылары да абдырып қалып, жаза басты. Содан ба, бұдан кейін олар өте сақ ойнауға тырысты. Тайлы-тұяғымен алға ентелеуді доғарды... Екі команда да алма-кезек шабуыл ұйымдастырғандарымен, ойынның бірінші жартысы осылай аяқталды.            

Екінші таймның басым бөлігінде "Яблонец" Қазақстан чемпионының қақпасын торып, шабуыл ұйымдастырумен болды. Бірақ Ненад Эрич қорғаған қақпаны дұрыстап нысанаға ала алмай, қара терге түсті. "Астана" болса, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты. Әсіресе ойынның аяғында алаң иелерін біраз састырды да.

Әйтсе де, есеп өзгерген жоқ. Екінші таймда екі команда да қателік жіберіп алмауға тырысқандай болды. Қос ұжымның ойыншылары да мейілінше мұқият болуға тырысты. Тәуекелге бел буған ешкім болмады. Алаң иелері допты өздерінде көп ұстағандарымен, нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады. "Астана" сауатты түрде қорғана білді. Алайда қарсы шабуылмен "шалып түсірудің" сәті түспеді. Сөйтіп, бұл ойын тең аяқталды.

Әрине, түзден бір ұпай еншілеудің өзі – жетістік. Ең бастысы, ұтылған жоқ. Әрі осы топтағы екінші ойында Франция клубы ұтылып қалып, көшбасшылық мәртебесін сақтап қалды. Бірақ Киевтің "Динамосы" қуып жетті. Украина клубы Ренндегі матчты 10 ойыншымен аяқтаса да (85-минутта Шепелев екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды), соңғы минутта жеңісті жұлып әкетті.

Еуропа лигасы. "K" тобы, үшінші тур:

"Ренн" (Франция) – "Динамо" (Киев, Украина) – 1:2

Голдар: Кендзера, 21 (0:1). Гренье, 41 (1:1). Буяльский, 89 (1:2).

 

"Яблонец" (Чехия) – "Астана" (Қазақ елі) – 1:1

Голдар: Поважанец, 4 (1:0). Педро Энрике, 11 (1:1).

Ескертулер: Травник, 80. Икауниекс, 86 – Педро Энрике, 32. Кляйнхайслер, 49. Ричард Алмейда, 76. Мұжықов, 78.
"Яблонец": Грубы, Ганоусек, Лишка, Говорка, Голеш, Хюбшман, Травник (Кубиста, 90+1), Поважанец, Йовович (Акоста 87), Масопуст, Храмоста (Икауниекс, 57).
"Астана": Эрич, Зайнутдинов, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Педро Энрике (Мұжықов, 46), Томасов, Ричард Алмейда (Муртазаев, 89), Кабананга (Янга, 74).
Төрешілер: Шергенхофер, Гутчи, Ридель (бәрі де – Аустрия).

 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 13 – 13

Тура соққы: 3 – 3

Қиыс кеткені: 6 – 8

Тойтарылғаны: 4 – 2

Бұрыштама соққылар: 4 – 5

Офсайдтар: 2 – 0

Доп иелену: 54% – 46%

Пастар: 468 – 378

Дәл пастар: 360 – 286

Пастар дәлдігі: 77% – 76%

Қорғаныста доп тартып алу: 41 – 39

Ескерту (сары қағаз): 2 – 4

Ереже бұзу: 10 – 13

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу