"Астана" Францияда "Ренн" клубынан ұтылып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1360

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңі аяқталып, Қазақстан чемпионы 1/16-финалына шыға алмады.

"Астана" Францияда "Ренн" клубынан ұтылып қалды Фото: fcastana.kz

Бірінші тайм Франция клубының басымдығымен өтті. Алаң иелері толассыз шабуылдап, "Астананың" қақпасын торуылдаумен болды. Матчтың бірінші жартысында 12 соққы бағыттады. Оның үшеуі қақпаға тура бағытталған соққылар еді. Ненад Эрич қас шеберлік танытып, үшеуін де тойтарды. Қорғаушылар да аянып қалған жоқ.

"Астана" ойынның бірінші жартысында бір-ақ соққы бағыттады. Оның өзі қиыс кетті. Қазақстан чемпионы негізінен қорғанумен болды. Әрине, ұарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысты-ақ. Бірақ оның да реті келмеді. "Ренн" қорғаушылары шабуыл өтіндегі Джуниор Кабананганы көздерінен таса қылмай, аттап бастырмады.

Екінші таймда "Астана" бапкерлері қорғанысын күшейте түсті. Алғы шепте ойнаған Ричард Алмейданың орнына қорғаушы Абзал Бейсебековті шығарды. Ал "Ренн" қарқынын үдете түсті. Қонақтарын қыспаққа алып, тыным таппай шабуылдаумен болды. Әрі астаналықтарды қателесуге мәжбүрледі.

68-минутта Бахтиер Зайнутдинов алға ентелеген Исмаила Саррдың аяғындағы допқа ұмтылып, оны шалып құлатты. Пенальти. 11 метрлік айып соққысын Бенжамен Буриго орындады. Оның шірене тепкен соққысы қақпа бағанасына тиіп, кері қайтты. Эрич те жан ұшыра атылып, допты тойтаруға шақ қалды. Алайда кері қайтқан допқа Сарр  бәрінен бұрын жетіп, есеп ашты.

"Астана" осы голдан кейін алға қарай лап қойды. Тіпті таразы басын теңестіре де жаздады. Бірақ енді Абдулай Диалло да өзінің тасқамал қақпашы екенін дәлелдеп, қауіпті соққыны тойтарды. Іле-шала "Ренн" жылдам шабуыл ұйымдастырып, Исмаила Сарр айып алаңының сыртынан ышқына теуіп, есепті еселей түсті.

"Астана" екі доп айырмасымен ұтылып жатса да, намысты қолдан бермеуге тырысты. Матч аяқталғанша, гол соғуға талпынып, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ екпін алып алған "Ренн" клубының қарқынын басу мүмкін болмады. Сөйтіп, "Астана" екінші жыл қатарынан Еуропа лигасының 1/16-финалына шығу мүмкіндігінен айырылды. Негізі, осы ойында тең түссе де, плей-оффқа шығар еді.

"Динамо" (Киев, Украина) – "Яблонец" (Чехия) – 0:1

"Ренн" (Франция) – "Астана" – 2:0

Гол: Сарр, 68. Сарр, 73.

Пенальти соға алмады: Буриго, 68.

Ескертулер: Бейсебеков, 52. Аничич, 67.

"Ренн": Диалло, Бенсебаини, Да Силва, Мешер, Траоре, Гренье, Андре, Буриго (Ньянг, 82), Бен-Арфа (Юну, 90+1), Сарр, Сибачо (Юханссон, 75).

"Астана": Эрич, Зайнутдинов, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер (Шомко, 86), Маевский, Педро Энрике (Муртазаев, 81) Томасов, Алмейда (Бейсебеков, 46), Кабананга.

Төрешілер: Гэзюбююк, Схап, Врис (бәрі де – Нидерланд).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 22 – 7

Тура соққы: 7 – 2

Қиыс кеткені: 8 – 4

Тойтарылғаны: 7 – 1

Қақпа бағанасы: 1 – 0

Бұрыштама соққылар: 6 – 6

Офсайдтар: 1 – 2

Доп иелену: 62% – 38%

Пастар: 585 – 344

Дәл пастар: 479 – 233

Пастар дәлдігі: 82% – 68%

Қорғаныста доп тартып алу: 40 – 32

Ескерту (сары қағаз): 0 – 2

Ереже бұзу: 10 – 18


Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу