"Астана" Испанияның бесінші командасынан ұтылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2117

Футболдан Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық кезеңінде "Вильярреал" клубына 1:3 есебімен есе жіберіп алды.

"Астана" Испанияның бесінші командасынан ұтылды

"Вильярреал" өткен маусымдағы Испания чемпионатында 5-орынға ие болған. Өте азулы, ойыншыларының деңгейі біршама жоғары, жанкешті команда. Былтыр "Реалмен" түзде, "Барселонамен" өз алаңында тең түсіп, ұпай бөліскен. Алайда биылғы маусымды жоғары қарқында бастай алмады...

Испания чемпионатының алғашқы екі турында жеңіліске ұшырап, үшінші турда ғана "Бетис" клубын жеңді. "Вильярреал" футболшылары спорттық бабтарына әлі келе қоймапты. Кеше түнде "Астанамен" ойнағанда да, жылдамдықтары аса жоғары болмады.

Иә, Қазақстан чемпионын тықсырып, басымдық танытқан жоқ. Әйтсе де, жеңіске жетті. Тәжірибесі мол команда ғой, дер кезінде екі гол соғып, қонақтарының аптығын басып тастады. Ал "Астана"  таразы басын теңестіргенімен, тең ойынды уысында ұстап тұра алмады. Халықаралық деңгейде әлі де шыңдала түсуі керек сияқты.

Өкініштісі, "Астана" қақпасына үш доп та өз қателіктерінен кейін соғылды. Үш қателік – үш гол. Мұны ойыннан кейін "Астана" клубының бас бапкері Станимир Стойлов та шегелеп айтты. Болмашы қателіктерінен опық жеп қалғандарын тілге тиек етті. Мұқият ойнап, қарқындарын үдете түскенде, олжалы оралар да ма еді?!  

Бірінші таймда қорғаушы Постников алдындағы допты теуіп жібермей, жаза басты. Екі көзі өзіне тақау ұшқан допта емес, "Вильярреал" шабуылшысында болғандай. Ал Никола Сансоне асып-сасқан қорғаушымыздан сытылып кетіп, қақпашымызды да қапы қалдырды.

Екінші гол соғылғанда, Юрий Логвиненко "екінші рет ескерту алып, алаңнан қуыламын" деп қорғалақтап қалғандай. Әйтсе де, Седрик Бакамбюді құлатқан. Бірақ Конго ДР шабуылшысы орнынан атып тұрып, допты қақпаға доғаша ие тепті. Біздің қорғаушыларымыздың бәрін де сан соқтырып кетті...  

Үшінші гол соғылғанда да, "Астана" футболшылары бірнеше рет қателесті. Әуелі алаңнын орта тұсында үшеулеп жүріп, доптан айырылып қалды. Байыпты Маевский де жаза басты. Одан кейін оң қанатпен алға ентелеген Родриго Эрнандесті ешқайсысы тоқтата да, алдына ұзатып алған добын тартып та, ала алмай жаңылысты...

Соңғы екі голдың алдында "Астана" өте әдемі гол соғып, таразы басын теңестірген. Твумаси бұрыштама соққысын орындап, допты әуелете асырған. Ал Юрий Логвиненко алаң иелерінің қорғаушыларын қаға-маға, ышқына атылып, теңбіл допты басымен қақпаға “қадаған”.

Алайда, Қазақстан чемпионы осы есепті ұстап қала алмай, бір ұпайды уысынан шығарып алды. Екі мәрте жаңылысып, жеңілістің кермек дәмін татты. Өкінішті. Өйткені, Испания клубы айқын басымдық танытты деп айта алмаймыз. "Астана" түзде әлі өрнекті ойын үлгісін көрсете алар емес...

"Вильярреал" – "Астана" – 3:1 (1:0)

Голдар: Сансоне, 16 (1:0). Логвиненко, 68 (1:1). Бакамбю, 75 (2:1). Черышев, 77 (3:1).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу