"Астана" клубының үздіктері "Жұлдыздар матчында" бақ сынады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3370

Санкт-Петербургте ВТБ Бірыңғай лигасының "Жұлдыздар матчы" деп аталатын қызықты шоуы өтіп, оған "Астана" клубының да өкілдері қатысты.  

"Астана" клубының үздіктері "Жұлдыздар матчында" бақ сынады

ВТБ лигасында өнер көрсететін баскетболшылар арасындағы "Жұлдыздар матчы" екінші рет ұйымдастырылып отыр. Нева жағалауында өткен 2018 жылғы шоу концертік бағдарламамен басталып, би де биленді, ән де салынды. Балет өнерінің шеберлері де "Юбилейный" спорт кешенін лық толтырған көрермендерді тәнті қылды.

Әуелі жас таланттар арасындағы матч өтіп, көрші елдің студенттер баскетболы қауымдастығының құрамасы ВТБ лигасының жастар арасындағы біріншілігінің үздік ойыншыларынан басым түсті. Есеп – 87:56.

Бұдан кейін ардагерлер мен әйгілі өнер қайраткерлері додаға түсті. Әншілер, әртістір және "Жоғары өрлеу" ("Движение вверх") фильмінің актерлары, сондай-ақ ВТБ лигасының басшылары шығып, баскетбол ойнады. Олардың арасында "Астана" клубының Бас менеджері, 1988 жлғы Олимпиада чемпионы, еліміздің ардагер баскетболшысы Валерий Тихоненко да болды.

Бұл ойында Тихоненконың командасы ұтылып қалды. Есеп – 34:41. Осы ретте айта кетейік, "Движение вверх" фильмінде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтің рөлінде ойнаған Александр Ряполов жеңіске жеткен команда сапында ойнады.

Содан кейін "Жұлдыздар матчы" басталды. "Әлем жұлдыздары" (ВТБ лигасындағы легионерлер) командасына Саша Обрадович бас бапкер болса, "Ресей жұлдыздарына" Василий Карасев жетекшілік етті. ВТБ лигасының легионерлері сапында "Астана" баскетбол клубының америкалық қорғаушысы Джастин Картер ойнады. Оның орындауындағы әдемі аллей-уп ("парашют" үлгісіндегі пас) көрермендерді дүр сілкіндіріп, көпшілік көңілінен шықты.

Қызықты да, тартысты өткен матча Ресей баскетболының "қаймақтары" жеңіске жетті. Есеп – 125:124. Осы ойында 29 ұпай еншілеген Сергей Карасев "матчтың ең үздік ойыншысы" болып танылып, демеушілер тағайындаған бағалы сыйлыққа ие болды. Атап айтқанда, үйіне 15 мың АҚШ доллары тұратын УАЗ автокөлігін (пикап) мініп кетті.

"Жұлдыздар матчының" үзілістерінде әртүрлі бәйгелер ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, әуелі құралайды көзге атқан сұрмергендер үш ұпайлық аймақтан доп лақтырып, сайысқа түсті. Оған Серхио Родригес (ЦСКА), Райан Брокхофф ("Локомотив-Кубань"), Александр Кудрявцев ("Цмоки-Минск"), Бранко Миркович ("Калев"), Кристап Яниченокс (ВЭФ) және Антон Понкрашов (УНИКС) сынды мергендер қатысты.

Бұл бәйгеде Австралия құрамасының шабуылшысы, бойы екі метрге, салмағы бір центнерге жуық Райан Брокхофф теңдессіз шықты. Ол 20 ұпай еншілеп, өзгелерден әлдеқайда озып кетті. Әрі 300 мың Ресей рублін жан қалтасына басты.

"Жұлдыздар матчының" үлкен үзілісінде ең қызықты бәйге өткзілді. Ол – слэм-данк (биікке секіріп, ауада қалықтап, допты торшеңбердің үстінен салу). Қатысушылар – Ике Удано ("Астана"), Тайлер Ханикатт ("Химки") және Фрэнк Элегар ("Локомотив-Кубань"). Аз деп ойларсыздар, бірақ слэм-данкті екінің бірі нақышына келтіріп, орындай алмайтындығын ұмытпайық.

Өкінішке қарай, "Астана" клубының шабуылшысы 120 мүмкіндіктен 93 ұпай жинап, финалға шыға алмады. Жаттығу кезінде және кейбір матчтарда орындап жүрген әдемі соққыларын сәтті аяқтай алмады. Бұл бәйгеде де "Локомотив-Кубань" клубының ойыншысы топ жарды. Орталық шептегі алыбы (бойы – 208 см, салмағы 108 келі), яғни Фрэнк Элегар сыйлық ретінде "Under Armour" брендінің бір жылдық киім-кешектері мен жабдықтарын алатын болды.

Сөйтіп, Санкт-Петербургте ВТБ Бірыңғай лигасының "Жұлдыздар матчы" аяқталды. "Астана" клубынан Валерий Тихоненко, Джастин Картер және Ике Удано биылғы шоуға қатысып, Қазақ елі клубының да атын шығарып, жалауын желбіретіп келді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу