"Астана Арландары" Британияда жеңіске жетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2880

Қазақстан клубы WSB жартылай финалының бірінші кездесуін түзде өткізіп, Ұлыбритания ұландарын тізе бүктірді.

"Астана Арландары" Британияда жеңіске жетті Фото: astanaarlans.kz

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жартылай финалы бүгін түнде басталып, "Астана Арландары" Шеффилдте "British Lionhearts" (Ұлыбритания) клубын тізе бүктірді. Есеп – 3:2. Бұл екі команда арасындағы бірінші кездесу болатын.

49 келі: Галал Яфай – Теміртас Жүсіпов – 2:1 (47:48, 50:45, 48:47)
Өте шиеленісті жекпе-жек болды. Екі боксшы да аянып қалмады. Айылдарын жимай, бастырмалата соққы жұмсаумен болды. Екеуі де тізгін тартқан жоқ. Яфай 2016 жылы 26 мамырда, осы WSB жобасы аясында, Жомарт Ержанды жеңген. Содан болар, өзіне бек сенімді болды. Терезесі тең өткен айқаста төрешілер жеңісті Яфайға берді. Ол түсінікті. Шаршы алаң иесін айқын басымдықпен жеңбесең, нәтиже осылай болады. Тәжірибесі мол Теміртас жеңілістің кермек дәмін татты. 

56 келі: Ниал Дин Фаррел – Ілияс Сүлейменов – 0:3 (44:50, 46:48, 45:49)
Ілиястың шеберлігі басым екені бірінші раундта-ақ байқалды. Бірақ Фарраел соққы өтпейтін, жаны сірі жігіт екен. Боксты қойып, алысып-жұлысумен болды. Бойы – сәл биіктеу, қолдары – ұзын. Ретін тауып, шынтақтарын да іске қосып, қайтсе де, жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Сол үшін ескерту де алды. Жекпе-жектің соңында біздің боксшымыздың басын да жарды. Бірақ төрешілер Сүлейменовтің басым болғандығын бір ауыздан мойындады.

64 келі: Далтон Смит – Ділмұрат Міжітов – 0:3 (44:50, 46:48, 45:49)
Далтон Смит те жігерлі жігіт екен. Жас та болса, қаймықпай алға қарай ентелеумен болды. Алайда WSB жобасында ысылып қалған Ділмұрат зілдей соққыларымен көзіне көк шыбын үймелетті. Бесінші раундтың соңында қабағын да жарды. "British Lionhearts" боксшысының нокдаунға түсіп қалмай, бес раунд бойы Ділмұраттың пәрменді соққыларына төтеп бергенінің өзі жетістік сияқты.

75 келі: Джордан Рейнольдс – Әбілхан Аманқұл – 0:3 (45:50, 46:49, 45:50)
Бастапқы үшеуіндей емес, Джорданның қазақтың шойын жұдырықты қыранынан сескенетіні бірінші раундта-ақ байқалып тұрды. Әбілханның соққысы қуатты екенін көрген де, естіген де сияқты. Дене бітімі Әбілханнан ірілеу болса да, мейілінше сақ болуға тырысты. Ал Әбілхан асықпай, соққыларын дәл тигізуге тырысты. Содан болар, үшінші раундтан бастап Рейнольдстің тізесінің дірілі басылып, батылырақ қимылдауға кірісті. Бірақ соққылары нық Аманқұл оған еш мүмкіндік бермей, шүбәсіз жеңді. 

91 келі: Чавон Кларк – Арбек Әбдуғаниев – 3:0 (50:44, 49:45, 50:44)
Алыптар арасындағы айқас қызықты өтті. Бұл жекпе-жекте бірін-бір құшақтап алып, уақыт созу деген мүлде болған жоқ десек те болады. Екеуі бір-бірін тынымсыз соққылап, дамыл көрген жоқ. Өкінішке қарай, Арбек екінші раундта екі рет жеңіл-желпі нокдаунға түсіп қалды. Қарсыласының соққылары дәл тиіп, төреші есеп ашты. Алайда үшінші раундтан бастап, шаршаңқырай бастаған Кларкке дес берген жоқ. Десек те, Британияның қара маржаны ширақтау болды, соққыларын да дөп тигізіп отырды.

Сөйтіп, жартылай финалдағы бірінші кездесу біздің боксшылардың жеңісімен аяқталды. Екінші кездесу 26 мамыр күні Атыраудағы "Жайық" спорт кешенінде өтеді. Онда 52, 60, 69, 81 және +91 келі салмақ дәрежелеріндегі боксшылар жұдырық түйістіреді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу