"Астана Арландары" финалға шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3009

Қазақстан клубы WSB жартылай финалында Ұлыбритания ұландарын жеңіп, бесінші рет финалға шықты.

"Астана Арландары" финалға шықты

"Астана Арландары" Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жартылай финалдық кездесулерін аяқтады. Қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері финалға шығу құқығын Ұлыбританияның "British Lionhearts" клубымен сарапқа салған болатын. Шеффилдте өткен бірінші кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Атырауда 4:1 есебімен басым түсті. Жалпы есеп – 7:3. Енді қарымта кездесудегі жекпе-жектерге қысқаша тоқтала кетейік.

52 келі: Сәкен Бибосынов – Уилл Коули – 1:2 (47:48, 48:47, 47:48)

Тең дәрежеде өткен жекпе-жек болды. Екі боксшы да бір-біріне дес берген жоқ. Сәкеннің соққылары нық сияқты болып еді. Жұдырығын діттеген жеріне дәл тигізуге тырысты-ақ. Шаршы алаң иесі ретінде, "төрешілер жеңісті Сәкенге берер" деп үміттеніп едік. Жоқ, олай болмады. Қазылар Коулдың қайсарлығына риза болған ба, Тұманды Альбионнан келген боксшының қолын көтерді...

60 келі: Серік Теміржанов – Калум Френч – 2:1 (47:48, 48:47, 48:47)

Бұл жекпе-жек те терезесі тең дәрежеде өтті деуге болады. Серік бастапқы екі раундта ширақ қимылдағанымен, үшінші раундтан бастап шаршаңқырап қалғандай әсер қалдырды. Бірақ соққысын дәл тигізуге тырысып, аңдысын аңдап ұрды. Екінші рет жеңісті қонақтарға ұстатып жіберуге... төрешілердің жүректері дауаламағандай. Ал "British Lionhearts" бапкерлері бұл жекпе-жектің нәтижесіне көңілдері толмағандығын сездіріп, кейіс білдірді...

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Карл Фэйл – 3:0 (50:44, 50:45, 50:43)

Міне, нағыз жеңіс! Міне, нағыз шеберлік! Асланбек шаршы алаңда қалай жұдырықтасу керек екендігін паш етті. Қарсыласын дәлдеп ұрып, өзіне соққы тигізбеуге тырысты. Тайқып кетеді, жалт береді. Қимылы – шалт, соққысы – нық. Шаршы алаңда ойнақ салды. Қарсыласын екінші раундта нокдаунға түсіріп, есінен тандырды да. Айқын басымдықпен жеңіске жетті. Шаршы алаң қожайыны кім екенін көрсетті.

81 келі: Бек Нұрмағамбет – Лиридон Нуха – 3:0 (50:44, 50:45, 50:44)

Бек жарады! Қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Үшінші раундта тіпті сол қолымен қойып қалып, Лиридонды шаршы алаңда шалқасынан түсірді. Лиридонның бойы аласалау екен, қолы жетпегендіктен, ішке басымен кіріп кетіп, "күресуге" (алысып-жұлысуға) тырысты. Осындай "айласымен" уақыт өткізуге талпынғанымен, Бектің дәл соққыларынан қашып құтыла алмады. Қабағы да жарылды. Бек әлеуеті зор боксшы екенін көрсете білді.

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Дакрес Соломон – 3:0 (49:46, 50:45, 50:45)

Қамшыбек сауатты тактика қолданып, қарсыласын жеңді. Асыққан жоқ, әр соққысын дәл тигізуге тырысты. Әрі өзіне соққы тигізбеуді ойлады. Ара қашықтықты сақтай жүріп, өз ойын жүзеге асырды. Соққыларын өткізе білді. Күмәнсіз жеңді. Соломон жаны сірі боксшы екен. Шаршағаны да білінген жоқ. Әйтсе де, WSB жобасында өзінен тәжірибесі артық Қамшыбектен айласын асыра алмады.

Сөйтіп, "Астана Арландары" 7:3 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты. Финалда былтырғыдай Куба қабыландарымен кездесетін болды. "Cuba Domadores" боксшылары жартылай финалда Францияның "France Fighting Roosters" клубымен кездесіп, 8:2 (3:2, 5:0) үстем түскен болатын. Финалдың қайда өтетіні әлі белгісіз. AIBA жақын арада жариялауы керек.

Естеріңізге сала кетейік, "Астана Арландары" – WSB жобасының үш дүркін чемпионы (2013, 2015 және 2017 жылдар)!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу