Өкінішке қарай, қазақ жанкүйерлері белгісіз себептермен бұл матчты тікелей эфирде көре алмады. Бұдан бұрын телетрансляция "Хабар" арнасында жүреді деген соң сарғая күткен жайымыз бар.
Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер Қазақстан телеарналарын сынға алды. Әрине түсінуге болады, өйткені интернет арқылы көретін мүмкіндік әркімде бола бермейді, әсіресе ауылдағыларға қиын. Дегенмен бұл күн де өтіп кетті. Матчтың нәтижесі бәріне белгілі болды.
Шаршы алаңға бірінші шыққан 49 келі салмақтағы Теміртас Жүсіпов жап-жақсы бокс көрсетті. Алайда төрешілер ресейлік Батор Сагалуевті жеңімпаз деп таныды (2-1). "Patriot Boxing Team" алға шықты.
Екінші болып рингке 56 салмақтағы Ілияс Сүлейменов шықты. Оның да қарсыласы осал емес еді. Орыстардың үздігі саналатын Артем Хотенов та жеңіске жету үшін намысқа тырысып-ақ бақты, бірақ біздің Ілияс жарады. Өз бабында екенін көрсетіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 3:0 есебімен таза жеңді. Есеп теңесті – 1-1.
Матч қыза түсті. Ресейлік жанкүйерлер шуылдай бастады. Рингте шешуші кезеңдердің бірі. Ресейдің сенім артқан серкесі 64 келідегі Радмир Абдурахманов біздің Ділмұрат Мижитовқа қарсы шығып, өзінің мықты екенін дәлелдеді. Орыстар тағы алға шықты (2-1).
Қазақтардың бар үміті 75 салмақтағы Аманқұл Әбілханда. Есепті теңестірмесек, жағдайымыз қиын болайын деп тұр. Осы бәсекеде "Patriot Boxing Team" өкілі жеңсе, онда командамыз мерзімінен бұрын ұтылды дей беріңіз. Бірақ қазақтар оңай шағыла салатын жаңғақ емес! Аманқұл орыстың мықтысы Раджаб Раджабовтың тас талқанын шығарып, қалай жұдырықтасу керектігін көрсетті. 4-раундта жойқын соққысымен Раджабовты нокдаунға жіберді. Міне, азамат! Есеп қайта теңесті – 2-2.
Орыс жанкүйерлері өз боксшыларына сенімді болды. Өз жерінде Ресейдің беткеұстарлары жеңіле қоймайды деген күдік бізде де болғанын жасыра алмаймыз. Дегенмен тәуекел етіп, бапкеріміз қазақтың алып жігіттерінің бірі Антон Пинчукты ортаға шығарды. 91 келіде Ресей намысын басқа боксшы қорғауы керек болған. Бірақ орыстар матчтың басталуына санаулы күндер қалғанда үш салмақ дәрежесінде спортшыларын алмастырып жіберді. Дегенмен олардың бұл қулығы іске аспады. Пинчук "бұлыңғыр боксшы" Илья Квасниковтан айласын асырды.
Антон Пинчук жекпе-жектен соң берген сұхбатында былай деді: "Шын мәнінде мен кіммен шықсам да бәрібір болды, өйткені бұл бәсекеге жақсы дайындалдық. Бапкерлеріме көп рахмет! Басында мен Сергей Кольчугинмен жұдырықтасуым керек еді. Соның тактикасына дайындық жүргіздік, оның орнына басқа боксшы шығатынын жақында ғана білдік. Бірақ ресейлік бапкерлер осындай айлаға барған екен, амал жоқ, көнеміз. Мен Илья Квасниковтың да тәсілдерімен танысып үлгердім, Кольчугиннен асып тұрған түгі жоқ, тек солақай болғаны болмаса".
Әрине төрешілер қазақ боксшысының басымдығын мойындады, бұл жекпе-жек 3-2 есебімен Пинчуктың пайдасына шешілді. Сонымен жалпы командалық есепте "Астана Арландары" 3-2 себімен жеңіске жетті. Құттықтаймыз!
"Астана Арланс" бокс клубының жетекшісі Серік Сәпиев тартысты бәсекеде жерлестеріміз жеңіске жеткеніне дән риза болып, өз қуанышымен бөлісуге асықты.
"Жігіттер жарайсыңдар! WSB турнирінде бөтен жерде, Ресей астанасы Мәскеуде осындай жеңіске жеткенімізге қатты қуанып тұрмын. Бүгін біздің жігіттер қолдан келгенше аянбай жұдырықтасты. Әсіресе Антон Пинчукты ерекше атап өткім келеді. Ол шаршы алаңда күліп жүріп жұдырықтасты, жымиып жүріп қарсыласының жүйкесін тоздырды. Осы жекпе-жектен өз басым ерекше ләззат алдым. Ресейліктерге Антонның бұл қылығы ұнамаған болар, бірақ біздің бала өз жұмысын өте жақсы орындап шықты", – дейді олимпиада чемпионы.
Азия тобындағы қарсыластарымыз "Чайна Драгонс" (Қытай) және "Өзбек Тайгерс" (Өзбекстан) командалары да өзара алғашқы жекпе-жектерін өткізіп үлгерді. Бұл матч та тартысты өтіп, өзбектер жеңіске жетті 3:2.
Келесі командалық матч 18 ақпанда Қазақстанда өтеді. "Astana Arlans" жігіттері өз шаршы алаңында "Uzbek Tigers" боксшыларын қабылдайды.
Жанат Қалықов