Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) кезекті маусымы 2017 жылдың ақпан айына белгіленгенін жақсы білеміз. Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында сарапқа салынған 40 медальдің 29-ын дәл осы WSB-ның Олимпиада алдындағы маусымына қатысқан боксшылар жеңіп алған екен.
Оған қоса Рио олимпиадасындағы барлық 10 алтын медальді WSB және AIBA Pro Boxing бәсекелеріне қатысқан былғары қолғап шеберлері иеленген. Дәлірек айтқанда, оның сегізін WSB боксшылары ұтып алса, чемпиондық алқаның екеуі APB боксшыларына бұйырған. Демек осы бәсекеге қатысушылардың деңгейі әлдеқайда жоғары екендігі көрініп тұр. Сол себепті WSB-ның командалық бәсекесіне қатысқысы келетіндер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Алайда бұл жарыстың өз ережесі бар. Қатысушылар саны да шектеулі.
Биылғы жылдың 7 маусымында айтарлықтай өзгерістер енді. Швейцарияның Женева қаласында World Series of Boxing (WSB) командалық турнирінің жеребесі тасталған болатын. Бұл шараға AIBA-ның қазіргі атқарушы директоры Уильям Луис-Мари және былтырғы маусымның жалпы көрсеткіші бойынша екінші орын алған British Lionhearts командасының бірінші жартылай орта салмақтағы үздігі Пэт Маккормак қатысты.
Пэт Маккормак: "Мен WSB-да әлі күнге дейін жеңіліп көргенім жоқ, осы маусымда да жеңілмей өту менің ең басты жоспарым. Былтырғы маусымда "аптаның үздік боксшысы" атанған едім, алдағы жекпе-жектерді асыға күтіп жүрмін, жеңімпаз болатыныма сенімдімін. Өткен маусымда біздің команда финалға дейін жетіп, жылды өте жақсы аяқтады. Биыл да сондай жоғары нәтижеге қол жеткіземіз", – деп бір мақтанып алды.
Жеребе бойынша жобаға қатысатын 12 команданы географиялық орналасуына байланысты Америка, Еуропа/Африка және Азия деп 3 топқа бөлді.
"А" тобына "Argentina Condors", 6 маусымның чемпионы "Cuba Domadores", "Mexico Guerreros" және "Venezuela Caciques" командалары түсті.
"В" тобында "Morocco Atlas Lions", "Italia Thunder", "France Boxing Team" және "British Lionhearts" командалары бар.
Және "С" тобында "Astana Arlans" жігіттерімен "Russian Boxing Team", "China Dragons" және "Uzbek Tigers" командалары сынға түседі.
Жаңа ереже бойынша әр топтың үздік екі командасы плей-офф ойындарына шығады. Сонымен қатар үшінші орын алған командалардың арасында үздік нәтиже көрсеткен екі клуб та плей-офф бәсекесіне қосылады. Топтық жекпе-жектер ақпаннан бастап, сәуір айына дейін созылады. Плей-офф ойындары, яғни ширек финал мамыр айына жоспарланған. Маусым айында ақтық финал. Егер ширек финалдық жекпе-жек 5:5 есебімен аяқталса, жеңімпаз команда қосымша +91 келі салмақта анықталады. Ал, жартылай финал мен финалдық айқаста тең есеп тіркелсе, онда қосымша жекпе-жек 52 келідегі боксшылардың арасында өтеді.
Тағы бір айта кетер жай, бұған дейін қатысқан кейбір команда қаржы тапшылығына байланысты жобаға қатысудан бас тартты. Солардың қатарында "Украина атамандары" мен Әзірбайжанның "Baku Fires" сияқты тұрақты қатысушылары да бар. Сондай-ақ былтырғы маусымда өнер көрсеткен Түркия, Польша, АҚШ және Пуэрто-Рико елдерінің командалары да биылғы додадан тыс қалды. Украиналық команданың қарызы белшеден асады, "Атамандар" менеджменті әлі күнге дейін 5 маусымның қарызын жаппаған.
Қаржы мәселесіне байланысты "Astana Arlans" командасында да биылғы маусымда біраз өзгеріс болды. Боксшылардың саны былтырғы маусыммен салыстырғанда қысқарды. Мәселен былтыр команда құрамында 30 боксшы өнер көрсету құқығына ие болса, биыл 20 боксшы ғана қалып отыр. Дегенмен команда бапкерлері резервтік құрамға 19 боксшы қалдырды. Олар маусым барысында негізгі құрамдағы жігіттерді алмастырып қалуы мүмкін.
"Astana Arlans" командасының бас менеджері Серік Сәпиевтің айтуынша, "арландардың" биылғы құрамына тәжірибелі спортшылармен қатар болашағынан зор үміт күттіретін жас әрі талантты боксшылар қабылданған.
"Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымы тартысты өтетіні сөзсіз. Өйткені жаңа ереже ең алдымен әр құрлықта кімнің мықты екенін анықтайды. Біздің команданың "құрлықтың үздігі" атануға мүмкіндігі жоғары. Себебі команда еліміздегі тәжірибелі боксшылардан құралған. Әрине арасында соңғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегер атанған боксшылары да бар, оларға да үлкен сенім артып отырмыз", – дейді бас менеджер.
"Astana Arlans" командасының биылғы құрамы туралы айтар болсақ, аға бапкер Нұрлан Ақүрпеков былтыр Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз және жүлдегер атанған бірнеше боксшыны қатарға қосты. Сонымен қатар командада бұрыннан бері өнер көрсетіп келе жатқан тәжірибелі былғары қолғап шеберлері де бар.
Олар: Теміртас Жүсіпов, Ермек Мәдиев (49 кг); Олжас Сәттібаев, Әнуар Мұзапаров (52); Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев (56); Зәкір Сафиуллин, Мирас-Әлі Сәрсенов (60); Мақсат Жексенбі, Ділмұрат Мижитов (64); Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов (69); Әбілхан Аманқұлов, Сапарбай Айдаров (75); Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек (81); Еркін Мұхамеджан, Антон Пинчук (91); Олжас Бұқаев, Дмитрий Зиско (+91).
Резервтегілер: Шалқар Айқынбай (49 келі), Ақниет Балтабаев, Олжас Байниязов (52), Нұрбол Қалжанов, Қайрат Ералиев (56), Әділет Құрметов, Мейірболат Тоитов (60), Бекдәулет Ибрагимов (64), Илья Очкин, Абылайхан Жүсіпов (69), Амандық Мамаш, Тұрсынбай Құлахмет (75), Жәнібек Әлімханұлы, Вадим Казаков (81), Василий Левит, Рахман Әлжанов, Әбілқайыр Тұрланбек (91), Қамшыбек Қоңқабаев, Нұрсұлтан Аманжолов (+91).
Бапкерлер штабы: бас бапкер – Нұрлан Ақүрпеков және бапкерлер Болат Жұмаділов, Ермек Ертаев, Нүркен Андасов.
Жетінші маусымда "Astana Arlans" капитандығына 52 келідегі Олжас Сәттібаев сайланды. Олжас былтыр Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысты. 2015 жылғы Азия чемпионы. Бүкіләлемдік бокс сериясының V маусымында (2015) "арландардың" құрамында чемпион атанған жігіт. "Астана" президенттік клубының ұйымдастыруымен, Алматыда өткен жаңа маусымға арналған осы таныстыру рәсімінде "Астана" Президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Күлшіков (Кульчиков) "Астана арландарының" жекпе-жектерін еліміздің әр өңірінде өткізуді жалғастыра беретінін айтты: "Astana Arlans" жекпе-жектерін тек Алматы мен Астана қаласында ғана емес, еліміздің әр өңірінде өткізуді қолға алдық. Бұл үрдіс, жобаға қызығушылық танытқан алыс аймақтардағы жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлап жатқандығына күмән келтірмеймін. Мәселен осыған дейін "арландардың" жекпе-жектерін Қазақстанның Солтүстік, Оңтүстік және Шығыс өңірлерінің бокс жанкүйерлері тамашалады. Биыл еліміздің басқа да облыстарын қамтуды жоспарлап отырмыз", – деп қуана сөйледі "Астана" президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Күлшіков.
Сонымен 2017 жылғы "Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымындағы "Astana Arlans" командасының кездесу кестесі мынадай:
04.02 – "Russian Boxing Team" (Ресей) - "Astana Arlans" (Қазақстан)
18.02 – "Astana Arlans" (Қазақстан) – "Uzbek Tigers" (Өзбекстан)
04.03 – "Astana Arlans" (Қазақстан) – "China Dragons" (Қытай)
18.03 – "Astana Arlans" (Қазақстан) – "Russian Boxing Team" (Ресей)
01.04 – "Uzbek Tigers" (Өзбекстан) – "Astana Arlans" (Қазақстан)
22.04 – "China Dragons" (Қытай) – "Astana Arlans" (Қазақстан)
Біздің алғашқы бәсекелесіміз Ресейдің "Russian Boxing Team" клубы. Олар да біздің командаға қарсы шығатын боксшыларының тізімін жария етті.
Бұл туралы Ресей құрамасының аға жаттықтырушысы Иван Шидловский айтты:
"Біздің биылғы құрамамыз жоғары нәтиже көрсетеді деп сеніп отырмын. Қазақ командасы жобаның екі дүркін жеңімпазы, кез-келген команданы тізе бүктіріп кететін клуб, сондықтан оларға қарсы өзгеше тактиканы қолдануды көздеп отырмыз. Оны рингте көре жатармыз, әзірге 30 қаңтарға дейін Сочидегі жаттығу базасында боламыз. Ал содан соң үш күн бойы Мәскеу түбіндегі Чехов қаласында қысқа жаттығу жиынын өткіземіз", – деп, Қазақстан құрамасына қарсы шығатын жігіттермен таныстырып өтті.
Батор Сагалуев (49), Максим Чернышев (56), Ратмир Абдурахманов (64), Максим Коптяков (75), Сергей Калчугин (91).
Ресейлік бапкер бұл тізімнің 3 ақпанға дейін өзгеруі мүмкін екенін айтады.