"Астананың" "Маккабиден" мерейі үстем болды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2692

Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші турдың ойындары өтіп, Қазақстан чемпионы Израиль клубын ойсырата жеңді.

"Астананың" "Маккабиден" мерейі үстем болды

Еуропа лигасының "А" тобында бақ сынайтын "Астана" мен "Маккаби" (Тель-Авив) Сарыарқа төсінде додаға түсті. Бұған дейін екі команда да екі ойыннан өткізіп, бір ұтылып, бір ұтқан болатын. Яғни екеуі де аталған лиганың биылғы топтық кезеңінде жеңіске жетпеген болатын.

"Маккаби" өз елінен қазақ топырағына аттанарда "жеңіс үшін жол шектік" деп жар салды. Тель-Авив клубының ресми сайты осы мағынада "бірінші жеңісіміз үшін аттанып барады" деген ұранды сөздерімен шығарып салды. Ал іс жүзінде тілдерінен тартып, "Астана-Арена" стадионында оңбай ұтылды.

"Астана" ойын басталған бетте-ақ алға қарай лап қойып, басымдық танытты. Қонақтарын өз қақпаларына қарай ығыстырып, шабуылды үдете түсті. Сөйтіп Тель-Авив клубы қорғаушыларын әбден састырды. "Маккабидің" қорғаушылары "Астананың" шабуылын тоқтату үшін ойын ережесін жиі бұза бастады. Ал төреші мұның бәрін көзінен таса қылмай, ысқырық шалып отырды.

Айып соққыларының бірі пенальтиге ұласты. Допты соққысы жойқын Дмитрий Шомко шірене тепкен болатын. Қақпашының құрған тосқауылынан жанамалау ұшқан допты Дор Перец қолымен тоқтатпасы бар ма?! Украиналық бас төреші оған ескерту жасап, пенальти берді. 11 метрлік айып соққысын Патрик Твумаси мүлтіксіз орындады. Есеп – 1:0.

Шомко мен Твумаси 42-минутта тағы бір шабуылды сәтті аяқтады. Сол қапталмен атойлап алға шапқан Дмитрий айып алаңына таянғанда, допты әуелете ортаға тастады. Ал алаңның келесі қанатымен құстай ұшқан Патрик допты екпінмен келіп тепті. Доп қақпа торында тулап, қонақтардың қорғаушылары да, қақпашысы да, кірпік қағып үлгермей, сан соғып қала берді. Есеп – 2:0.

Бірінші тайм осылай аяқталды. Екінші таймда "Маккаби" алаңға екі тың ойыншысын шығарып, ойын өрнегіне өзгеріс енгізбек болды. Бірақ олардың қандай тактика қолданбақ болғанын ажыратып та үлгермедік, "Астана" бес минуттың ішінде тағы екі гол салып, "Маккабиді" сең соққандай күйге түсірді.

Екі допты да соңғы матчтарда гол соға алмай жүрген Джуниор Кабананга енгізді. Әуелі алыстан қақпаның алшақ бұрышын дәл көздеп, "Маккабидің" қақпашысын қайран қалдырды. Ал көп ұзамай айып алаңы ішінде жанкешті Шомконың аяғына салып берген добын доғаша ие теуіп, қақпа тоғыздығын бүлк еткізді. Есеп – 4:0.

Осылайша ойын матчтың 52 минутында бітті деуге болады. "Маккабидің" кежегесі кейін тартып, ойындары үйлеспей қойды. Бірақ тағы да гол жіберіп алмауды ойлап, бар күштерін қорғанысқа жұмылдырды. Әрі "ойын тезірек аяқталса" екен деп жүргендей болды. Ал "Астана" қарқынын сәл бәсеңдетті. Маусым аяғы, 90 минут бойы жоғары қарқында зыр қағу мүмкін де емес. Әрі күш-жігерлерін алдағы маңызды ойындарына да сақтау керек. Әйтсе де олар  үздіксіз шабуылдаумен болды. Бірақ тағы бір гол соғудың сәті түспеді. Сөйтіп "Астана" Еурокубок додасындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді.

"Астана" (Қазақстан) – "Маккаби" (Тель-Авив, Израиль) – 4:0 (2:0)

Голдар: Твумаси, 33-пенальтиден. Твумаси, 42. Кабананга, 47. Кабананга, 52.

Ескертулер: Мұжықов, 13. Шитов, 61 – Перец, 33. Блэкмен, 41.

"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Мужиков (Граховац, 68), Маевский, Бейсебеков (Тағыберген 85), Муртазаев (Томасов, 74), Твумаси, Кабананга.

"Маккаби" (Тель-Авив): Райкович, Давидзаде, Бабен, Бен-Хаим 1, Шпунгин, Баттокьо, Йейни, Перец (Рикан, 46), Блэкмен, Сушич (Атар, 46), Кьяртанссон (Тиби, 75).

Төрешілер: Бойко, Плужник, Володин (бәрі де – Украина).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу