"Астана" биылғы Чемпиондар лигасын екінші електік кезеңнен бастап, Латвияда Юрмаланың "Спартагын" тізе бүктірді. Есеп – 1:0. Негізі, бірінші таймның өзінде-ақ елордалықтардың бірнеше гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ көбінесе алаң иелерінің қақпашысы шеберлік және шапшаңдық танытып, қауіпті соққыларды тойтарса, қайсыбір сәттерде астаналықтардың өздері мүлт кетті...
Жалпы, бұл ойында Юрмаланың "Спартагы" жанкештілік танытып, тайталасып бақты. Бір қызығы, "Астана" жоғары жылдамдықта ойнай алмады. Алаң иелері қулыққа көшіп, дәл сол күні алаңның жасыл желегін суғармапты. Құрғақ көгал үстінде доп зулай ұшпады.
Әйтсе де, деңгейі олардан жоғарылау Қазақстан чемпионы өз дегеніне жетті. Ойынның аяғына қарай, гол соғып, жеңісті өңгеріп кетті. Қызық болғанда, жалғыз голды осыдан төрт жыл бұрын дәл осы Юрмаланың "Спартагынан" "Астанаға" ауысып келген Патрик Твумаси соқты. Ол сол қанаттан айып соққысын орындап, қақпаның өзіне жақын бұрышын дәл көздеді.
Сонымен, Қазақстан чемпионы Юрмалада жеңіске жетті. Жергілікті жанкүйерлер мен мамандар "Астананың" ойын өрнегіне тәнті болғандай. Олар өз футболшыларына кінә арта алмай, "сөз жоқ, деңгейі жоғары команда, оларға төтеп беру оңай емес" деп, ағынан жарылып отыр. Әрі "Астанадан" аса алмайтындарын мойындап та жүр.
Бірақ "Астана" өз қабілеті мен мүмкіндігін толық көрсеткен жоқ. Сондықтан болар, Юрмала командасының бас бапкері Марек Зуб "Қазақстанда өтетін қарымта ойында міндетті түрде гол соғамыз" депті. Сірә, елорда командасының бұдан да жоғары қарқында ойнай алатындығынан бейхабар болар. Оның шәкірттері "Астана-Аренаның" жасанды желегі үстінде астаналықтарға ілесе ала ма, жоқ па, оны бір аптадан кейін көреміз...
Ал "Астана" үшін Юрмаладағы жеңіс тарихи жетістік болып отыр. Бұл –Чемпиондар лигасы додасындағы түздегі алғашқы жеңісі. Бұған дейін сырт алаңда тең түскендері болмаса, әлі жеңіске жетіп көрген жоқ болатын. Яғни биылғы Еуродода жақсы ырыммен басталып отыр. Ұзағынан болсын дейміз...
"Спартак" (Юрмала, Латвия) – "Астана" – 0:1 (0:0)
Гол: Твумаси, 73.
Маруан Түсіп