"Атамекен" салық реформасын талқылауға пікірталас алаңын ұсынады

2606

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов дау туғызған мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.

"Атамекен" салық реформасын талқылауға пікірталас алаңын ұсынады

Қосымша құн салығының (ҚҚС) төменгі деңгейін 10 есеге дейін қысқартуға байланысты заңға енгізілген түзетудің өз күшіне енуіне әлі бір жылдан астам уақыт бар.

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов осы аралықта отандық сарапшыларды аталған заң бабын жақсартуға бар күшін салып, қызу жұмыс істеуге шақырды.

Жергілікті шағын және орта бизнестің хал-ахуалына жақсы қанық тәуелсіз қазақ мамандары үкімет бастамасына қатысты дербес көзқарасын білдіріп, ұстанымын ашық жеткізе алады. Осы өзекті мәселені талдау үшін Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы еркін пікіралмасу алаңын ұсынуға дайын, – деп мәлімдеді 2 қараша күні Абылай Мырзахметов.

"ҚҚС-тың төменгі шегін азайту бойынша Салық кодексіне енгізу көзделген түзетулер жалпы қоғам мен бизнес-орта арасында қызу пікірталас туғызғаны мәлім. Сондықтан, қалыптасқан жағдай жөнінде жан-жақты түсінік беріп келеміз. Мәселенің аса өзектілігін түсіне отырып, апта басында барлық құзырлы тараптың, заң жобасын әзірлеушілердің, экономикалық блоктың және Ұлттық палата өкілдерінің қатысуымен Премьер-министрде кеңес өтті. Өткен жылдан бері Ұлттық палата мен оның құрамындағы салалық қауымдастықтар Кодекстегі бизнес жүргізуді күрт нашарлату мүмкіндігі жоғары бапқа жария түрде үзілді-кесілді қарсылық білдіргені белгілі. Дегенмен тиісті қағидат, өкінішке қарай, алынбағандықтан, қазіргі уақытта оның мазмұнын өзгерту маңызды болып отыр", – деді КҰП Басқармасының төрағасы.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бүгінде кейбір заңды жетілдіру шаралары қолға алынғанымен, қатер бұлты сейілмей тұр. Осы орайда 2018 жылға дейінгі 1 жыл ішіндегі үзілісті тиімді пайдаланып, негізінен біртіндеп ҚҚС төлеушілер санатына ілігуі мүмкін шағын және жеке кәсіп иелеріне, ауыл кәсіпкерлеріне заң талабын жеңілдетуді қарастыру керек.

Бұл тұста, деп атап көрсетті Абылай мырза, Үкімет басшысының келісімімен, Ұлттық палата салық саласын әкімшіліктендіру аясында түбегейлі жаңа әдістерді жүзеге асыруға тырыспақшы. Атап өтерлік жайт, қазірдің өзінде заң шеңберінде ендігі жылға жоспарланған қатаң қадамдар жұмсартылды.

"Халықаралық беделді кеңесшілерден бөлек, сарапшылар қауымдастығы, бизнес жағы, қауымдастықтар өзінің түйгенін ашық жеткізетініне уағдаластық. Тәуелсіздіктің соңғы жылдары Салық кодексінің бірнеше редакциясын талқылауға атсалыстық.

Әйтсе де, алғаш рет бизнеске өзіндік бағыт-бағдарын белгілеуге мүмкіндік берілді. Осы жерде ортақ істің болашағына алаңдап, үн қатқан барша сарапшыға алғысымды айтамын. Сондықтан өңірлерді, Ұлттық палатада тіркелген ұйымдарды тарту арқылы таяу уақытта "Атамекенде" сарапшылар тобын құратын шешім қабылдадық.

Ұлттық экономика министрлігіндегі жұмыс тобымен де бірлескен іс-қимыл атқарылады деп сенеміз. Бұл мәселенің әр бизнесменді толғандыратынын түсінгендіктен, ұсынысын ортаға салғысы келген ешкімге шектеу қоймаймыз. Кез-келген кәсіпкер әлеуметтік желіде де байланысқа шыға алады", – деп атап көрсетті Абылай Мырзахметов.

КҰП Басқармасы төрағасының сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибе назарға алынып, салық саясатының ықпалдастық үдерістеріндегі бәсекеге қабілеттілігі сараланады. Әлбетте, ҚҚС-ты төмендетуге көлеңкелі экономикамен, ірі бизнестің салық төлеуден жалтарып, ұсақ нысандарға жіктелуіне қарсы күрестің әсер ететіні ескеріледі екен.

Бірақ, заңдағы өзгерістер, Елбасы тапсырғандай, халықты жаппай кәсіпкерлікке жұмылдыруға кедергі болмауы керек. Жеке кәсіпті тіркеу, стартап-бизнесті бастау, салықтық міндеттерді орындау неғұрлым ыңғайлы болуға тиіс. Бизнестің неден қиналатыны, жалған кәсіпкерлік сынды жағымсыз жайттар неге орын алатыны, табысы қандай екені, өнімнің өзіндік құны қанша болатыны сұралып, салық мәдениеті жоғарылағаны дұрыс.

Шағын қалалар мен ауылдардағы кәсіпкерлердің кірісі онша көп емес екенін ескерсек, оларға да оңтайлы салық тәртібі іске асырылуы керек. Бизнес өз міндетіне ұқыпты қараса, ел қазынасы да ортаймай, жалақы уақытылы берілмек.

Мысалы, 1,5 млрд теңгелік тендерді ұтқан құрылыс компаниясының айналымнан небары 2 млн теңге шамасында салық түсіруі ойландырады. Салық мәселесіне әкімшілік ететін мемлекеттік мекемелер жазалаушы емес, алдын алу, ескерту рөлін атқарғаны дұрыс.

Мәселен, Жапонияда бірінші жолы кеңес беріп, көмектесіп, содан кейін барып кемшілікке көңіл бөлінеді екен. Сондықтан жағдай тереңінен зерделенбек.

"Сөз соңында тағы бір қайталаймын, барлық сарапшыны заң күшіне енгенше кәсіпкерліктің түгел қырын қамтитын құжатта бизнес мүддесін берік қорғайтын іргелі ұстанымды түзіп шығуға шақырамын", – деп қорытындылады өз мәлімдемесін Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов.     

Алдаберген Кемпірбаев, Астана

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу