"Atameken Business" – "Телевизиялық маусымның ең үздік оқиғасы" атанды

2192

"Тұмар" I ұлттық телевизиялық бәйгеcінің жеңімпаздары анықталды.

"Atameken Business" – "Телевизиялық маусымның ең үздік оқиғасы" атанды

Астанада "Тұмар" I ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Жүлденің жеңімпаздары жабық дауыс беру арқылы анықталды. Жалпы 12 ақпаннан бастап ұйымдастыру комитетіне Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі телеарналар мен продакшн-студиялардан 200-ден астам өтінім келіп түсті. Кіл жүйріктер бақ сынаған байқауда  "Atameken Business" телеарнасы топ жарып, "Телевизиялық маусымның ең үздік оқиғасы" аталымын жеңіп алды.

"Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Менімен көпшілік келісетін шығар деп ойлаймын, бұл телевизия саласының қызметкерлері 25 жыл бойы күткен жүлде деп айтқым келеді. Оның болашағы зор екеніне кәміл сенемін және келесі жылы үздік режиссерлер мен жүргізушілер де марапатталады деген үміттемін", - деді "Atameken Business"-дың бас директоры Юлия Валиахметова.

Оның айтуынша, болашақта мамандандырылған арнайы телеарналар үлкен сұранысқа ие болады.

"Біз еліміздің кәсіпкерлік саласының дамуына зор үлес қосамыз деген үміттемін. Бұл – біздің телеарнаның ашылудағы басты мақсаты", - деп атап өтті ол.

Қазылар алқасының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Құрметті журналисі Нұртілеу Иманғалиұлының айтуынша, байқауға қатысқан жобалардың сапасына ерекше басымдық берілген.

"Көптеген жобаларды қарап шықтық. Егер қалжыңдап айтатын болсақ, ми шіритіндей жұмысты сараладық. Байқау 12 аталым бойынша өтті. Кейбір аталымға 30-ға жуық келді. Ең аз дегенде әр аталымға 13 бағдарламадан түсті. Соның барлығын көруге тура келді", – деді ол.

Оның ойынша, XXI ғасырда ғылымсыз телевизия, саясат, тіпті мәдениет салаcы алға жылжымайды.

"Өкінішке қарай 60 жылдық тарихы бар телевидениенің ғылыми айналымға түспегендігі, мұндағы тұлғаларды тануда жасалған сәтсіз қадамдар "Тұмар" телевизиялық бәйгесі арқылы жүйеленеді, бір ретке келеді деп үміттеміз", – деді ол тілішілермен тілдескенде.

Салтанатты шара "қызыл кілемнен" басталды. Бұл жолы шоу-бизнес жұлдыздары емес, телевизия саласының қызметкерлері басты назарда болды. Қызыл кілемнен жүріп өткен байқау қатысушылары екі сағаттай уақыттарын бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесуге және естелікке суретке түсумен өткізді.

Бұдан соң 12 аталым бойынша жеңімпазарға салтанатты түрде "Тұмар" жүлдесінің ескерткіш мүсіншелері табысталды.

"Үздік әлеуметтік жоба" – "Қазақстан" ұлттық арнасы, "Айтуға оңай" бағдарламасы;

"Үздік ақпараттық бағдарлама" – "31" телеарна, "Информбюро" жаңалықтары;

"Үздік аймақтық ақпараттық бағдарлама" – "Қазақстан-Атырау" телеарнасы, "Адасқандар" бағдарламасы;

"Үздік аймақтық әлеуметтік бағдарлама" – "Рика ТВ" телеарнасы (Ақтөбе қаласы), "Город сегодня" бағдарламасы;

"Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама" – "Қазақстан" ұлттық арнасы, "Аpta.kz" бағдарламасы;

"Үздік музыкалық бағдарлама" – "ТV Key" ЖШС, "Музыкальный Перформанс";

"Үздік әзіл-сықақ бағдарламасы" – "Балапан" телеарнасы, "Күлегеш" бағдарламасы;

 "Үздік деректі кино" – "Хабар" телеарнасы", "Тайны и судьбы великих казахов" деректі фильмі;

"Үздік ток-шоу" – "КТК" телеарнасы, "Наша правда" ток-шоуы;

"Үздік телевизиялық телехикая" – "Қазақстан" ұлттық арнасы, "Әке" телехикаясы;

 "Телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін" – қоғам қайраткері, жазушы, журналист Сұлтан Оразалы.

Айта кетейік, жүлдені ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тағайындады. Байқау отандық телевизияны ілгері жылжытуды және дамытуды мақсат тұтты.

Диана Құлмағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу