/img/1920х100.png
/img/tv1.svg
RU KZ
DOW J 24 580,91 Hang Seng 24 266,06
FTSE 100 6 045,69 РТС 1 215,69
KASE 2 406,30 Brent 36,55
«Australian Open» ашық біріншілігі басталды

«Australian Open» ашық біріншілігі басталды

Қазақстан намысын бұл турнирде 2 жігіт және 3 қыз қорғайды.

10:42 16 Қаңтар 2017 681

«Australian Open» ашық біріншілігі басталды

Автор:

Бүгін Аустралия ашық біріншілігі жалауын көтерді. Бұл бәсекеге ерлер мен әйелдер арасында әлемнің ең үздік деген 270 теннисшісі қатысып, өзара сынға түседі. Дәлірек айтқанда, 135 ер және 135 әйел спортшы бақ сынайды. Олардың арасында 3 қызымыз бар: Жекелей сында әлемдік рейтингте 352-орында тұрғанына қарамастан, іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Галина Воскобоева 99-ыншы болып тіркелді. Сонымен қатар рейтингте 33-орында тұрған Юлия Путинцева және 37-нөмірлі Ярослава Шведова бар.

Айта кету керек, осы турнирдегі 135 теннисшінің 32-сіне турнирдің үздік ракеткасы нөмірі беріледі. Біздің Путинцева 31-ракетка болып тіркеліп отыр. Юлиядан кейін бір ғана спортшы – латвиялық Анастасия Севастова бар, оған 32-інші нөмір бұйырды. Үздіктер қатарына әйгілі беларусьтік жұлдыз Виктория Азаренко кірмей қалды. Өйткені ол өз еркімен жарысқа қатысудан бас тартты. Ол түсінікті де, Виктория 20 желтоқсанда босанып, ұлды болды.

«Мен көптеген турнирді өткізіп алдым, бірақ оған өкінбеймін. Аман есен баламды өмірге әкелгеніме қатты қуанып жүрмін. Осы «Australian Open» турниріне дейін босанып, өз бабыма келіп үлгерем деп ойлаған едім, алайда балалы болған оңай шаруа емес екендігін түсіндім, күтім керек екен және ұлымнан бір қадам да алыстағым келмейді», – деп жазады әлеуметтік желілерде әлемнің экс бірінші ракеткасы Виктория Азаренко.

Ол тенниске қайтып оралғанда міндетті түрде мықты нәтиже көрсететініне сенімді. Азаренко мысал ретінде жағажай волейболының жұлдызы, үш баланың анасы Керри Уолшты және 1 қазан күні қыз босанған жерлесі, биатлоннан үш дүркін олимпиада чемпионы Дарья Домраченконы келтіріп отыр.

Естеріңізге саламыз, Виктория Азаренко миксте Лондон олимпиадасының алтын медалін және жекелей сында қола жүлдеге ие болған еді, оған қоса өз карьерасында 20 рет жекелей сында чемпион атанған. Оның екеуі – «Australian Open» ашық біріншілігінің бас жұлдесі. Соның нәтижесінде беларусьтік жас ана 51 апта бойы әлемдік рейтингте топ бастап тұрған болатын.

Ал қазір бұл рейтингтің басында Анжелика Кербер тұр. Айта кетейік, неміс қызы 18 қаңтарда 29 жасқа толады.

36 жасар америкалық жұлдыз Серена Уильямс екінші келе жатса, алдыңғы үштікті 27 жасар поляк қызы Агнешка Радваньска түйіндеп тұр.

Анжелика Кербер алғашқы ойынын 16 қаңтар күні украиналық Леся Цуренкоға қарсы өткізеді. Цуренко әлемдік рейтингте 61-орында тұр. Серена Уильямс 17 қаңтарда 19 жасар швейцариялық Белинда Бенчичпен кордқа шығады. Бенчич жас болғанына қарамастан рейтингте 48-орында келеді.

Ал 3-ракетка поляк қызы Агнешка Радваньска алғашқы матчын болгариялық Цветана Пиронковамен өткізеді. Пиронкова рейтингте 63-орында.

Қазақстан қыздары да бүгін-ертең алғашқы ойындарын бастайды. Юлия Путинцева 17 қаңтар күні испаниялық Лара Аррубарренамен бақ сынасады. 1992 жылы туған испан қызының деңгейі Путинцевадан төменірек – 64-орында.

Тағы бір қазақ қызы Галина Воскобоеваға мықты қарсылас түсіп отыр. Ол украиналық Элина Свитолинаға қарсы ойнайды. Свитолина рейтингте 13-орында, ал Воскобоева 99-орында тұр.

Ярослава Шведованың да бәсекелесі осал емес, осы турнирдің 27-ракеткасы румындық Ирина Бегу. Шведова турнирдегі жекелей сында 41-нөмірлі ракетка саналады. Бұл бәсеке 17 қаңтарда өтеді.

Шведова келесі айналымға өткен жағдайда кіммен ойнауы мүмкін деген сұрақ туындайды. Оған Кристина Плешкова (Чехия) – Виктория Голубич (Швейцария) жұбының жеңімпазы тап болады.

Галина Воскобоеваға мықты жұптың жеңімпазы түскелі тұр. Франческа Скьявоне (Италия) – Джулия Боузрап (АҚШ).

Чжу Линь (Қытай) – Елена Остапенко (Латвия) жекпе-жегінің қай ұтқаны Юлия Путинцеваның келесі айналымдағы қарсыласы атанады.

Ерлер арасындағы бәсекеге екі теннисшіміз қатысады, олар Михаил Кукушкин мен жақында ғана Ресейден кетіп, біздің жейдемізді киген жас теннисші 19 жастағы Александр Бублик. Ресейлік мамандар Бубликтің болашағы зор екенін айтып, Қазақстанға кетіп қалғанына қатты ренжулі екенін орыстардың кез-келген интернет-парақшасынан оқып білуге болады.

Александр Бублик жас болғандықтан рейтингте әлі жоғарылай қойған жоқ, бірақ кәсіпқой тенниске 2015 жылдан бастап қана қосылған теннисші үшін әлемдік рейтингтен 206-орын алу тамаша көрсеткіш саналады. Бублик алғашқы матчын 17 қаңтарда үздіктердің бірі – 16-ракетка франциялық жұлдыз Люка Пуиге қарсы өткізеді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин турнирдегі алғашқы ойынын Америкадан келген дебютант, 18 жастағы теннисші Фрэнсис Тиафоға қарсы өткізбекші. Фрэнсис Тиафо 20 қаңтарда 19-ға толады. Бұл матч та 17 қаңтарға жоспарланған. Егер Кукушкин жеңіп жатса, келесі кезеңде германиялық Александр Зверев пен голландиялық Робин Хасе жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Александр Бублик алғашқы айналымнан сүрінбей өтсе, оған келесі матчта Малек Жазири (Тунис) – Го Соеда (Жапония) жекпе-жегінің жеңімпазымен ойнады.

Әрине бұл теориялық тұрғыдан алғандағы болжамымыз. Ал іс жүзінде қалай болар екен? Оны осы екі күн барысында білеміз. Біздің жігіттер мен қыздарымызға сәттілік жолдас болсын!

Жалпы «Australian Open» ашық біріншілігінің жүлде қоры 36 110 000$.

Бірінші айналымда жеңген теннисші 37 500 ($) сыйақы алады. 2-айналымнан сүрінбей өткені 60 000 долларға ие болады, тиісінше 3-кезеңнен өткенге 97 500 ($), 4-раундтың жеңімпазына 165 000 ($) тиесілі, ширек финалға өткенге 330 000 ($) сыйақы беріледі. Жартылай финалиске 675 000 ($), финалға шыққан спортшыға 1 424 000 ($) және турнирді жеңіп алған чемпионның қоржынына 2 773 000 ($) қаржылай сыйақы түседі.