Бар болғаны 6%-дық үстемеақымен 17 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Бұрын-соңды несие алып, кәсіп ашып көрмеген ауыл тұрғындарына 5 млн теңге берілді. Тек кепілге қояр мүлік құнды, несие тарихы таза болуы шарт. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, несие алу кезінде уәде беріп, қайтаруға келгенде түрлі сылтауды алға тартатын әдет әлі қалмаған. Мұндайда бар мәселе тек сот арқылы шешіледі.
– Ақтөбе – өндірісті аймақ. Бізде мұнай, металлургия, тау-кен саласы жақсы дамыған, сұраныс бар, ұсыныс жыл сайын артып келеді. Ендігі мақсат – ірі өндіріс орындарымен қатар, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту қажет. Ақтөбе өңірі бұл бағытта "Ауыл кәсіпкерлігі" бағдарламасын іске асыруға кірісті. Сынақтық жобаның аяқ алысы қалай?
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы бірнеше бағдарлама іске асыралады. Соның ішінде сұранысы жоғары "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы бар. Биыл біз арқылы 1 млрд 70 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта қаржының 95%-ы игерілді.
Әрі осы бағдарлама аясында "Ауылды жұмыспен қамту" жобасы Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарымен қатар, Ақтөбені қамтыды. Бұл жобаның негізін қалаушы – "Нұр Отан" партиясы. Осы бағдарламаға биыл қосылып, облысқа 1 млрд 240 млн теңге бөлінді. Оның 540 млн теңгесі Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, 700 млн теңгесі "Ақтөбе ауыл микрокредит" шағын несие қоры арқылы берілді.
Осының бәрі "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасының сынақтық жобасы. Сонымен қатар, биыл облыста "Ауыл кәсіпкерлігі" бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы болатын.
Кәсіп ашып, адамды жұмыспен қамтимын, бизнесті жандандырамын деген ауыл кәсіпкерін қолдайтын бағдарламаны облыс әкімдігінің кәсіпкерлік басқармасы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, кәсіпркерлердің облыстық палатасы қаржыландырды. Барлығы – 900 млн теңге. Әр тарап 300 млн теңгеден бөліп, ауылды қолдауға кірісті.
– Нәтиже қандай?
– Бағдарлама арқылы бөлінген 900 млн теңге кезең-кезеңімен берілді. Алдымен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, кейін облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен кәсіпкерлердің аймақтық палатасы бөлді. Бұл қаржы 5 айдың ішінде толық игерілді. Жоспар бойынша 100 адамға қаржы берілуі қажет еді. Алайда, бағдарлама сәтті шығып, 225 адам қамтылды.
– "Ауыл кәсіпкерлігі" бағдарламасының өзге жобалардан ерекшелігі – артықшылығы не кемшілігі неде?
– Егер ауданда, ауылда, шалғай елді мекенде тұратын адам іс бастаймын десе, оған 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Ал, өз кәсібін ашып, оны кеңейту жоспарланса, 17 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Тек дүкен ашуға, яғни сауда-саттық, алып-сатуға жол жоқ. Өзгесіне жол ашық, қолдаймыз, көмек көрсетеміз.
Несие 6%-дық үстемақымен 5 жылға беріледі. Сұраныс өте көп болды. Тіпті, 900 млн теңге жетпей қалды. Халықтан түскен кәсіпкерлік жобаларының құны 1,2 миллиард теңгеге дейін жетті.
Мәселен, Қарғалы ауданында жеке кәсіпкер Айбек Сансызбаев таңқурай екті. Ол – ноу-хау жоба. Қосестек ауылына әкелінген технология жаңа, көшеттері Польшадан, Ресейден жеткізілді. Тамшылап суару технологиясын қолданып, жеміс-жидек ағаштарын өсіру жолын бастап берді.
Сол сияқты жеке кәсіпкерлер Шораханов жеміс ағаштарын екті. Ал Байғанин ауданындағы "Шанов" шаруа қожалығы сүт өңдейтін шағын цех ашты. Бір қуантарлығы, көбі ауыл шаруашылығы саласын таңдады. Мал басын арттыру, көктемгі егін науқаны мен көкөніс өсіру жұмыстары биыл өте қарқынды жүрді.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы өте тиімді. Сол секілді "Ауыл кәсіпкерлігі" бағдарламасының %-дық үстемеақысы аз болды. Шаруаларды осы қызықтырды. Қойылған талап: несие тарихы таза болуы керек, кепілге қойылатын мүлік түкпірдегі ауылда болса да, қабылданады. Тек жылына, құрылыс материалдарының сапасына, инженерлік инфрақұрылымына қарай құны арта түседі.
– Кәсіпкер болуды мақсат етіп, несие алуға келетін адамдардың алдынан шығатын басты кедергілерді айтып өтсеңіз...
– Басты себеп – несие тарихы жақсы емес. Тек бізден емес, кез-келген екінші деңгейдегі банктен, басқа қаржы институттарынан алып, төлемей жүрген жағдайда несие берілмейді. Негізгісі осы. Несие алып, кәсіп бастаймын немесе кәсібімді жандандырамын деген кез-келген кәсіпкер әр бағдарламаны мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, көмек деп ұғынғаны абзал.
Біздің ел әлем экономикасындағы қиындықтарға қарамастан, бағдарламалардың түрін көбейтіп, олардың талаптарын жеңілдетіп, %-ын азайтып, субсидия беріп жатыр. Бұл тұрғыда несие алатын үміткердің, қаржы алып отырған кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі ұмытылмауы тиіс.
"Маған берсін, мен пайдалануым керек" деп біржақты ойламаған дұрыс. Жаңа нысандар, жұмыс орнын ашып, салықты уақытында төлеп, үкіметтен алған несиені дер кезінде қайтару, екі тараптың келісімі мен жұмыстың жемісін көрсетеді. Өкініштісі, әрдайым олай бола бермейді.
– Қандай кемшіліктеріміз бар?
– Кейбір адам "теледидарда солай айтып жатыр, маған қандай көмек бар?" – деп өктем сөйлеп келеді. Кәсіпке арналған қаржыны алады, кейін қиындыққа тап болады. Бізде "ауру қалса да әдет қалмайды" деген мақал бар. Кей адам бар, айқаймен алады, ақшаны қайтарар кезде де ұрыс-керіс болады. Олар несие төлемеудің амалын ойлайды. Бұл бізге жат қылық.
Кәсіпкер білуі тиіс: ақшаны уақытында төлемесе, болашақта несие ала аламайды. Бір күндік оймен өмір сүрмеу керек. Ертең бизнесін тағы нығайтатын болса, қиын. Несие тарихын бұзбаған жөн. Субсидия да ала алмайды. Жеңілдіктер мен көмек, қолдау несиелік міндеттерін орындап отырғандарға ғана көрсетіледі.
– Оқыс оқиғаларға тап болғандар не істейді?
– Келісім-шартта форс-мажор жағдай қарастырылған. Мәселен, аяқ астынан алған малдың бәрі ауруға шалдығады, шөбі өртеніп кетеді. Жылап-сықтауға болмайды. Бізге келіп "малым ауруға шалдықты" деген құр сөз. Ол мал дәрігерін шақырып тіркетуі, анықтама алуы керек. Әкімдік өкіліне де көрсеткен абзал.
Сол кезде қарызға алған ақшаның уақытын ұзартып, ақшаны жылына екі рет, тоқсанына бір рет төлеуге келісім береміз. Төлем кестесін өзгертіп, көмектесеміз. Тек кез-келген форс мажорды сөзбен емес, құжат жүзінде дәлелдеу қажет. Кәсіп иесінің кейбірі ақшаны қайтару қажет екенін біледі. Бірақ "маған қарап қалдыңдар ма? түбі төлеймін, мені мазалама" деп байланыстан бас тартады.
Бұл енді адамның санасына байланысты деп ойлаймын. Өмірде қарыз алғанды жақсы көретін кей адам да бар. Бірақ, қайтарғанды ұнатпайды. Міне, бұл әдет біздің кәсіпкерлеріміздің арасында да кездеседі.
– Ондай жағдай көп тіркеле ме?
– Ондай адам телефонын көтермейді, барғанда үйін ашпайды. Әрі кеткенде 60 күн күтеміз, болмаса сотқа береміз. Сот арқылы кепілге салған мүлкі сатылады. Мен ондай із кесуші, тергеуші органы емеспін, тек ақша алдың ба, оны уақытында қайтару керек екенін естен шығарма.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы қарызды уақытында қайтару бойынша Қазақстанда бірінші орында келеді. Яғни, 0,5-0,6%-ы ғана қайтара алмай жүр.
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Ақтөбеде тағы қандай жобаны іске асырып жатыр?
– "Агробизнес-2020" бағдарламасының "Ырыс" жобасы іске асырылып жатыр. Биыл өзіміздің қаржыға үш жоба қолдау тауып, 215 бас ірі қара сатып алынды. Ал "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасының "Шағын несие" бағыты бойынша 200 млн теңге берілді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Алтынай Сағындықова